Сәкен Майғазиев сүйікті жұбайына кезекті рет ән арнады. Әнші мұндай тосынсыйды жарының туған күні мен «күміс тойға» орай жасаған, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Динара және Сәкен Майғазиевтер осыдан 25 жыл бұрын отау құрды. Бүгінде бір ұл, үш қыздың ата-анасы. Бұған дейін Майғазиев жұбайына «Жүрегімнің ішіндегі жүрегім» атты әнін арнаған болатын. Аталған трек ғашықтардың гимніне айналды десек те болады. Араға бірнеше жыл салып, Сәкен жұбайы Динараға деген сезімін тағы бір әнмен жеткізді.
«Адал жарымның туған күніне ән арнадым. Қыздың жасы 18 десек те, жүрегімнің ішіндегі жүрегім бүгін 45 жасқа толды! Отау құрғанымызға 25 жыл! Бір АЛЛАға сансыз мақтаулар болсын! Ұл-қыз, немере-шөберелеріміздің бағына бірге қартаюды жазсын деп тілеймін», — деп жазды әнші желідегі парақшасында.