Болмысынан жарқын, өжет актриса Әсел Асқар бала кезінде белгісіз ер адамның өзін зорламақ болғанын, жасөспірім кезінде зорлық-зомбылық әрекетті де бастан өткергенін жасырмады, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі Динара Сәтжанның YouTube арнасындағы сұхбатына сілтеме жасап.
“Мен де зорлық-зомбылықты бастан өткердім. Бір емес, бірнеше рет. 4-5 жасымда ер адамның тарапынан жасалған азғындық әрекеттің құрбаны болдым. 9, 10 жасымда зорлыққа ұшырадым. Анам бұл туралы 25-26 жасымда білді. Мұны естігенде анам қатты жылады. Кішкентай кезімде болған жағдайды кімге айтасың? Менің жасымда маған кім сенсін? Бала күнімде болған жағдай әлі күнге дейін есімде. Біздің балабақшамыздың қақпасы әрдайым ашық тұратын. Біз аулада ойнап жүргенде мені бір ер адам шақырды. Мен оған еріп бардым. Балабақшаның дәл алдында үлкен бұталар болғаны есімде. Тәрбишімнің аты да есіме түсіп отыр. Мен қорыққан жоқпын, бірақ мұның бәрі маған біртүрлі көрінді. Не болып жатқанын түсінбедім”, – деді блогер.
Ол болған жағдайдың бәріне өзін кінәлі сезінгенін айтты.
“Іштей өзімнен ұялатынмын. “Бір нәрсені дұрыс жасамадым ба?” деген сұрақтар жиі болатын. Мүмкін, тым ашық, жарқын адам болдым ба? Өзгелер менен жасқансын деп ашық, жарқын болған шығармын. Еркекшора болып бой жеттім. Мен ылғи анамнан кроссовки мен шалбар сатып алуын өтінетінмін. Маған көйлек кигеннен гөрі ыңғайлы спорттық киім ұнайтын”, – деді Әсел ақтарыла.
Бұған дейін Әсел Асқар марқұм ұлының сырқаты және екінші күйеуімен ара қатынасы туралы айтқан болатын.