Екі мәрте Социалистік Еңбек ері Ж.Қуанышбаевты еске алуға арналған 2002-2004 жылғы жастар арасында қазақ күресінен Республикалық турнир өтті.

Турнирге Ақмола, Қызылорда, Солтүстік Қазақстан, Алматы облыстары мен Тараз, Алматы, Шымкент қалаларының және Шу, Қордай, Жуалы, Сарысу, Т.Рысқұлов, Мойынқұм аудандарынан барлығы 132 спортшы қатысып, 9 салмақ дәрежесі бойынша бақ сынасты.
Жиынның ашылуына аудан әкімінің орынбасары Сәбит Төлегенов қатысып, спортшыларға сәттілік тіледі.
– Ауданда қазақ күресінің жетістіктері жыл санап артып, қарқынды дамып келеді. Ауданымыздың жас спортшылары облыстық, республикалық, деңгейде өнер көрсетіп, абырой биігінен көрінуде. Оны осы турнирге қатысушы балуандардың санынан-ақ байқауға болады, – деді ол.
Сонымен қатар аудандық білім қызметкерлері кәсіподағының төрағасы Бақтияр Махамедов және спорт жаттықтырушысы Руслан Мұхаметқали жарысқа қатысушы жас палуандарға сәттілік тіледі. Содан соң жарыстың бас төрешісі Бақытқали Тәттібаев ережемен таныстырып, жас палуандарға жеңіс тіледі.
Республикалық турнир өте тартысты өтіп, боз кілемге шыққан балуандар бір-бірінен айласын асырып, өздерінің жеңіске лайықты екендіктерін көрсетті.
Турнирдің жеңімпаздары мен жүлдегерлері ұйымдастырушылар тарапынан грамота, медальдармен және бағалы сыйлықтармен марапатталды.