Ербол Қарашөкеев Жазғы Азия – 2023 және Пара Азия ойындарының жүлдегерлерін марапаттады

0 11

Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев 2023 жылғы Азия ойындары мен Пара Азия ойындарының жүлдегерлері және олардың жаттықтырушыларымен кездесті.

Ағымдағы жылдың 23 қыркүйек — 8 қазан аралығында Ханчжоу қаласында (Қытай) өткен XIX Жазғы Азия ойындарына Жамбыл облысынан 12 спорт түрінен 37 спортшы қатысты.

Жарыс қорытындысы бойынша жамбылдық спортшылар 1 күміс, 1 қола жүлдеге қол жеткізіп, «Париж-2024» Олимпиадасына 1 лицензия жеңіп алды.

Кураш спорт түрінен 81 келіде Бекәділ Шаймерденов күміс, су добынан әйелдер құрамасындағы «Айша бибі» клубының қыздары мен ерлер сапындағы Шонжигитов Султан, Цой Эдуард, бокстан 71 келі салмақта Асланбек Шымбергенов қола жүлдеге ие болды.

Қазіргі бессайыс спорт түрінен Георгий Борода-Дудочкин «Париж-2024» Олимпиада Ойындарына жолдамаға қол жеткізді.

Сондай-ақ, осы жылдың 22-28 қазаны аралығында
IV-ші Жазғы Пара Азия ойындарына 8 жамбылдық  спортшы қатысып, 2 алтын, 1 күміс және 1 қола медалға ие болды.

Нұрдәулет Жұмағали 100 метрлік брасс және 200 метрлік кешенді жүзу әдісінде 2 минут 16.74 секунд  көрсеткішімен Пара Азия рекордын жаңартып, жеңімпаз атанды.

Пара таеквондодан Өмірәлі Нышан +80 келіде күміс, кешенді жүзуден Зульфия Габидуллина қола медалға қол жеткізді.

Облыс әкімі спортшыларды құттықтап, сәттілік тіледі.

— Мемлекет басшысы спортты дамытуға, ұлтты сауықтыруға ерекше көңіл бөліп келеді. Спорттың бұқаралық сипатын дамыту – мемлекетіміздің ең маңызды стратегиялық басым бағыттарының бірі. Еліміздің спортшылары Олимпиада, Әлем және Азия ойындарында Көк туымызды желбіретіп, әнұранымыз сан мәрте шырқатты. Әулиеата жері – талай талантты спортшыларды тәрбиелеген қасиеттi мекен.

Сіздер дүбірлі додаларда жетістікке жетіп, тек Жамбыл облысының ғана емес, ел мақтанышына айналдыңыздар. Әлемдік ареналарда еліміздің атын шығарып, қасиетті Әулиеата жерінің атағын асқақтатқандарыңыз үшін алғыс айтамыз.

2023 жылғы Азия паралимпиада ойындарының қорытындысы бойынша медальдар саны бойынша Жамбыл облысы Астанадан кейін екінші орында тұрғанын ерекше атап өткім келеді. Бұл өңірімізде параспортшылар үшін қажетті жағдайлар жасалып жатқанын көрсетеді.

Енді барлық күш-жігерді олимпиадалық тұғырды бағындыруға бағыттау керек, — деді облыс әкімі.

Бұдан соң кездесуге қатысқан жүлдегер спортшылар Облыс әкімінің Алғыс хатымен және ақшалай сертификатпен марапатталды.

Сондай-ақ олардың жеке жаттықтырушылары Рақымжан Қожатаев, Ермек Ерсаев, Әсел Жақаева, Саттар Бейсембаев, Нұржан Есілбаевқа да марапаттар табысталды.

 

Leave A Reply

Your email address will not be published.