Өткен аптада аудандық Спорт кешенінде Мойынқұм ауданы әкімдігінің қолдауымен қоғам қайраткері, ауданның Құрметті азаматы Жиенқұл Кемелқұловты еске алуға арналған 2011-2013 жылғы жасөспірімдер арасында еркін күрестен облыстық турнир өтті. Оған Тараз қаласы, Жуалы, Жамбыл, Т.Рысқұлов, Байзақ, Мойынқұм, Шу, Қордай аудандарынан 15 командадан құралған 170 оқушы қатысты.
Жарыстың негізігі мақсаты – ауданда спорттың бұқаралығын арттыру, еркін күресті дамыту, жастар мен жасөспірімдер арасында спорт түрлерін насихаттау басшылық қызметтер атқарған еңбек ардагері, ауданның Құрметті азаматы Жиенқұл Кемелқұловты еске алу болды.
1955 жылы аудан орталығындағы Фурманов атындағы орта мектебін бітіріп, 1960 жылы ҚазГУ-дің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі мамандығы бойынша тәмамдаған. Еңбек жолын мектепте ұстаз болудан бастап, оқу ісінің меңгерушісі, аудандық білім бөлімінің аға инспекторы, Кеңес орта мектебінің директоры, аудандық партия комитетінің насихат және үгіт бөлімінің меңгерушісі, №16 кәсіптік-техникалық училищесінің директоры, Мойынқұм ауылының әкімі, Мойынқұм ауданы әкімінің орынбасары қызметтерін абыроймен атқарып, 2001 жылы зейнетке шығады. Аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы қызметін атқарып, ауданға өз үлесін қосты.
Сөз алған аудан әкімінің орынбасары Жақсыбек Исақов, ауданның Құрметті азаматтары Мақсат Сейдалиев, Шахикерім Исабеков еңбек ардагерінің өмірі мен еңбек жолы туралы айта келіп, жас палуандарды елін, Отанын сүйетін патриот болуға шақырды. Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы Берік Тоқсанбаев, жарыстың бас төрешісі Асхат Тілешев ізгі тілегін жеткізді.
Нәтижесінде I орынды Бақытжан Омар, Елдар Абассов, Ринат Олимов (Тараз қаласы), Ерасыл Медеубек, Еркебұлан Абдуллах (Жуалы ауданы), Нұрислам Меркібек, Тұрғын Ерназар (Т.Рысқұлов ауданы), Азиз Абдикаримахунов, Әмбр Убаидулла (Байзақ ауданы), Нұргелді Исақ II орын Жәнібек Жантілеу (Мойынқұм ауданы) иеленді.
Боз кілемде күш сынасқан жеңімпаз палуандарға арнайы медаль және ақшалай сыйлық, дипломдар табыс етілді.