Қазақстандық «Ник Вуйчич» Ливерпуль ойыншыларына УЕФА Суперкубогын табыстады

0 17

Қазақстандық «Ник Вуйчич» атанған Әли Тұрғанбеков өз қолымен ағылшынның Ливерпуль ойыншыларына УЕФА Суперкубогын табыстады, деп хабарлайды «Zhambylnews» AA «ҚазАқпарат» қа сілтеме жасап.

Әли жеңімпаздарға кубокты табыстау рәсімін УЕФА президенті Александер Чеферинмен бірге өткізді. Финалда «Ливерпуль» өзінің «челсилік» отандастарын пенальти қорытындысы бойынша жеңген болатын.

Екі аяқсыз дүниеге келген Әли Тұрғанбеков «Челси» және «Ливерпуль» футбол командаларының жұлдыздарымен кездесетіні бұған дейін хабарланған болатын.

«Достар, мен УЕФА-ның Суперкубогына шақырту алдым. Онда Чемпиондар лигасы мен Еуропа лигасының өткен маусымдағы жеңімпаздары — «Ливерпуль» мен «Челси» кездеседі. Қуанышымда шек жоқ», — деп бөліскен еді Әли өз қуанышымен Instagram-дағы парақшасында.

«Ливерпуль» жаңа еуромаусымды ашар матчын «Челсимен» Ыстанбұлда ойнады. Түрік жұртына барып қайтқанша Әлидің парақшасы Мұхаммед Салах, Роберто Фирмино секілді жұлдыздармен, команданың бас бапкері Юрген Клоппен түскен суреттермен толды.

Әли тіпті әйгілі футбол жұлдызы Лионель Мессимен де кездесіп, фотосуретке түскен. Оған дейін Әлиді француздың «Пари-Сен-Жермен» командасының жұлдыздары Киллиан Мбаппе, Эдинсон Кавани мен Неймар шақырған еді.

Ал 2017 жылдың желтоқсан айында Әли өзінің кумирі Ник Вуйчичпен жүздескен болатын.

Айта кетсек, 2017 жылдың қыркүйек айында Әли мен анасы Ақмарал ҚазАқпарат тілшісіне сұхбат беріп, отбасыларының соқпақ жолды басып өткенін айтып берген болатын. Дүниеге келген кезінде оның анасына тіпті туыстары баладан бас тартуын айтып, үгіттеген. Әли өскен кезде тіпті ешбір мектеп оны қабылдағысы келмепті. Ақыры, осы қиындықтардың бәрін басып өткен бала елордадағы «Нұр Орда» мектебіне түсіп, күні бүгінге дейін сол білім шаңырағында оқуын жалғастырып жатыр. Авторы Азамат Сыздыкбаев

Leave A Reply

Your email address will not be published.