Шойтабан: Аяғын буған қасқырды джиппен таптап, рахаттанатындарды түсіне алмаймын

0 39

Оның Ерзат есімін көп адам біле бермейді. Шығысқа, тіпті аңшылығы мен атбегілігінің арқасында және атан жілік апайтөстігінің арқасында қазақ даласына Шойтабан деген атпен танымал. Оның аю алғаны, бір күнде үш қасқыр соққаны, тіпті суырып салма ақындығы да аңыз. Ерзат Байқадамов Шығыс Қазақстан облысы, Үржар ауылында тұрады. Атбегі, саятшы, жылқышы, аңшы азаматпен Астанаға келген бір сапарында жолығып, әңгімелесудің сәті түскен болатын.

Шойтабанмен кездескенде алғаш сұрағанымыз мына суреттің жайы болды.

— Расымен қасқырлар осылай шеп құра ма?

— Бұл да біреудің еңбегі ғой, жоққа шығаруға болмас. Дегенмен өз басым мұндай үйірлі қасқырды кездестірмеппін. Сегіз қасқырға дейін бірге жүрген топты көзім көрді. Ал қасқырлардағы үйірбасы, шабуылшы, қорғаушы дегенге келер болсақ, ең мықты шабуылшысы – құртқасы, яғни қаншық қасқыр. Ал арлан қасқыр – күзетші. Құртқаның шабуылшы болатын себебі, ол – өте сақ және жылдам. Ал мына суретте артқы қасқыр бақылаушы дейді, шын мәнісінде алдыңғы топ немесе алдыңғы қасқыр бақылайды барлығын. Мысалы, аң атқан кезде де алдын тосып атасың, топты адам жүрсе де, алдыңғылары бірінші бақылайды ғой.

Жалпы қасқыр туралы әңгіме айтатындар көп. Тіпті кейбірі аңызға бергісіз. Біреулер қызды-қыздымен «итім жалғыз барып қасқыр ала береді» дейді. Қазақ «Иттің иесі болса, бөрінің Тәңірісі бар» дейді. Даланың серісі ғой ол, ешқашан бір ит бір қасқырды ала алмайды. Өте кішкене, жетілмеген күшік болмаса, ит қасқырға батпайды. Ұзақ қуып, екі-үш ит жабылып, иесі жақын маңда айтақтап жүрсе алуы мүмкін.

— Өзіңіз итпен қасқыр алып көрген шығарсыз?

— Иә, менде «Сарықыз» деген ұрғашы тазым болды. Сонымен алдым. Онда да ұтылай қуып, азулы төбеттердің көмегімен екі қасқырдың бірін соғып алдық. Сол төбеттерімнің ішінде «Қара ауыз» дейтін бір итім болды. Бір аптадан соң, кешке таман иттер ауылдың сыртындағы жотаны асып, үріп жүрді. Оған онша көңіл бөле қойған жоқпыз. Таңертең тұрсақ «Қара ауыз» жоқ. Сөйтсек, біз соғып алған екі қасқырдың бірі, аңдып жүріп, алдап ауыл шетінде әлгі сары итті жеп кетіпті. Кекшілдігін көрдіңіз бе?!

Қазір қасқырдың төрт аяғын буып тастап, «менің итім қасқыр алды» деп телефондарына түсіргендеріне мәз. Бұл қасқыр алғанға жатпайтын нәрсе. Қасқырға Құдайдың өзі «жеті күн елден, жеті күн жерден» несібе берген ғой. Итті бір апта далаға жіберсеңіз, қасқыр секілді күн көре алмайды, тамағын тауып жей алмай қалар еді.

Жоғарыда айтылған сурет те шындық шығар, бірақ мен онша сене алмаймын. Ал мен қасқыр жайлы өз көзіммен көргенімді айтайын.

— Иә…

— Мысалы, жайлауда қасқырдың апаны ауылға жақын болса ешқашан ол ауылдың малына тимейді. Малдың ішінде жүрсе де тиіспейді. Біз де оны көріп жүреміз, оған тиіспейміз. Оның әділдігі де сонда. Бірақ көрші ауылдарды шулатады керісінше. Бір жолы біздің ауылдың маңында апаны бола тұрып, қораға шапты. Оған өзім кінәлі болдым.

— Қалайша?

— Еліміздегі телеарналардың бірі біздің жайлауды және мен туралы бағдарлама дайындамақ болып келісті. Мен бұрын аю алғанмын. Қасқыр үйреншікті кәсіп. Содан түсірілім тобынан «Не көргілеріңіз келеді? Аю ұстайық па, қасқыр ұстайық па?» деп сұрадым. Ақыры аюды да, қасқырды да ұстадық. Әрине, екеуі де күшік еді. Аюды бір аптаның ішінде қолға үйретіп алдым, ал қасқыр бір аптада нәр татпай жатқан бойы өліп қалды. Алдына қойған етті мүлде жемеді, аштан өлмесін деп аузына тықсақ, қайта шығарып тастайды. Бұл қасқырдың тектілігі деген осы.

Осы қасқыр ауыл шетіндегі апаннан өрген күшіктердің бірі еді, содан кейін сол апандағы қасқыр қораға шапты.

— Кейде бір күнде 10-15 қасқыр алдық дегенді естіп жатамыз. Бұл қаншалықты мүмкін?

— Иә, бір күнде бәлен қасқыр алдық деп мақтанып, суретін әлеуметтік желіге салып жататындар бар. Олар машинамен қуып, тіпті тікұшақпен аулайтындар ғой. Ал өзіміз ит жүгіртіп, құс салып, атпен де қуып жүрміз қасқырды. Сонда бір байқағаным, қанша бабы келсе де қазіргі кезде қасқырға түсетін бүркіт жоқ.

— Зар күйіне келсе де түпей ме?

— Биік, таулы жердің тауешкі, арқарға түсетін, жазықтан қорек іздемейтін бүркіттері түсуі мүмкін екен. Бұл бүркітті төмендетіп немесе бүркітті жамандағаным емес. Біздің көргендеріміз онша мықты бүркіт емес болар, әйтпесе ол да текті жануардың бірі ғой. Дегенмен құс та болса, қасқырдың тектілігін, өзінен айлалы әрі күштілігін бүркіт те біледі екен. Бір жарыста еліміздегі алдынғы қатарлы деген төрт бүркітті қасқырға салғыздық. Төртеуі де түсе алған жоқ, қасқыр өз жайына кетіп қалды.

— Бір кезде қасқырды атпен соғып алатын адамдар болған. Қазіргі кезде қасқырды атпен соғып алатындар бар ма?

— Мен өз басымнан өткен оқиғаны айтайын. Осыдан біраз жыл бұрын бір қасқырды атпен қуып жүріп соғып алдым. Алғашқы қар бір метрге жуық көбік қар болып түсті. Сол кезде қансонарда 7 қасқырдың соңынан түсіп, үшеуін соғып алдым. Сол жолы бір байқағаным, әлді қасқырлар тауға қарай қашады екен. Қазақ айтады, «Жас қасқыр жалтаңға, кәрі қасқыр қалтаңға» деп. Бұл тегін айтылмаған, біздің қуғынға түскен үшеуі де жас қасқыр екен. Сол үшеуін де атпен қуып жүріп соғып алдым. Бұл жерде маған көмектескен аттың жүйріктігі мен қардың қалың, еспе болғандығы. Қар қалың болғандықтан, қасқырдың бауырын соғып, адымын аштырмай қойды. Дегенмен алдыңғы топтағы қасқырлар тауға қарай қашып, жеткізбей кетті. Қанша жүйрік дегенмен тауға қарай аттардың шабуы оңай болмады.

Осы жолы қасқырдың әккілігіне тағы да көзім жетті. Екі қасқырды соғып алған соң, үшіншісінің ізіне түстім. Иен дала, қар бетінде ізі сайрап жатыр. Бір шағын өзеннің кемеріндегі талға келіп кіріпті. Ары қарай кеткен із жоқ. Ары айналдық, бері айналдық. Із бар, қасқыр жоқ. Иттер де ізбен келіп, із тоқтаған жерге тоқтап қалады. Сөйтсек, қалың қар жауып, талды майыстырып, астынан үңгір жасалып қалған екен. Әлгі қасқыр сол қардың астына кіріп кетіпті. Біз оны таппаймыз, иттер көріп тұр, бірақ тура барып ұстауға батпай тұрыпты. Біз оны су бойымен қашып кеткен шығар деп ойладық.

— Осы орайда бір сұрақ қояйыншы. Қасқыр жайлы жазатын жазушылар оның түлкіден қу, айлакер екенін жазады. Бұған не дейсіз? Жаңағы әрекеті де осыған дәлел секілді ғой…

— Қасқырды қу, айлакер дегеннен гөрі ақылды деу керек шығар. Ақылдылығы сонша, апанының қасындағы ауылдан тышқақ лақтың таңынан тартпайды ғой. Мысалы, адам баласының өзін, «мынау бір жүрген қу түлкі екен» дейді немесе «мына бір қасқыр мінезді жігіт екен» дейді. Осыдан-ақ қасқырдың қандай екенін бағамдауға болады. Ал оның ақылдылығына қатысты көзіммен көргенімді айтайын.

Бір жолы күшігін баулымақ болған қасқыр қорадан қозы ұрлады. Біздің ауылда бір қария бар еді үнемі есекпен қой бағатын. Бір күні ағам екеуіміз қойдың ортасын жара сиыр айдап келе жатыр едік, ағам «Ананы қара, ананы қара» деді. Күн жаңбыр жауып тұрған болатын. Қойдың шетінен жұлдыздай ағып өтіп бара жатып, бір қозыны іліп алды да, тоқтамастан өте шықты. Қойдың шеті үркіп те үлгермей қалды. Қойдың шетінде бір үлкендеу тас қана бар, сол тастан бастау шығып жататын, айнала алаң-ашық, егер қасқыр екені шын болса, жасырынар жер жоқ. Біз де әлгі жаққа қарай тұра шаптық. Келсек қасқыр жоқ. Айнала мидай жазық, көз сүрінер бұдыр жоқ. Ары-бері қарап түк таппаған соң, айналып жаңағы бастауға келсек, тура бастаудың шығар жерінде, тастың астында апаны бар екен. Қанша жылдан бері сол жерді жайлап жүрсек те, бір көрмеген екенбіз. Жаңбыр кезінде жермен бұлдырап, өзінің анық байқалмай қалатынын сезіп тұр ғой қасқырың.

Сол тастағы апанынан аудырып жібердік, содан кейін біздің қораға шабатын болды. Бұрын біздің малға жоламайтын еді.

— Соңғы кезде қасқырдың ауыл арасына кіруі, тіпті адамға шапқаны туралы ақпарат тарай бастады. Жалпы қасқыр адамға шаба ма?

— Бұрын ата-бабаларымыз иен далада мал бақты. Қазіргідей күндіз-түні жанып тұрған жарық жоқ. Тіпті сол бір ауылды қоритын бір ғана ит болды. Қазіргідей жылы қора да болмады, ашық алаңда жататын еді малдың бәрі. Сол кезде қасқыр келіп неге жеп кетпеді бәрін? Бірақ ол кезде қасқырға адамдар да қазіргідей, қынадай қырып тиіскен жоқ қой. Қазіргі кезде машинамен де, тікұшақпен де, қармотоциклмен де қуып жүріп қырып жатыр. Бөрі бөрілігін қылмай тұра ма, ол да кек алады ғой адам баласынан. Әлеуметтік желідегі видеолардан өліп бара жатып адамға шауып жатқан қасқырларды көріп жүрміз. Демек адам баласы оның намысына тиіп, ызасын келтірген. Әйтпесе ол да қарадан қарап адамға шаппайды ғой.

— Қазір қасқыр көрсе қырып тастайтын, 20-30 бөріні «бөркімен» ұрып алатын бөспелер пайда болды. Бұл қаншалықты дұрыс?

— Қасқырды атсыз-атақсыз, тегімен қырып жіберу немесе үйірдің тұқымын құртып жіберу дұрыс емес. Қазақ ежелден қасқырға қарап рухтанып жүрген ұлт. Егер қасқыр құрып кетсе, ұрпағымыздың өзі түлкі секілді болып кетеді ғой. Мысалы, көз алдыңызда бір қора қой, тіпті бір табын сиыр не бір айғыр үйір жылқы кетіп барады десе, көп ешкім елең ете қоймайды, ал «әне екі қасқыр кетіп барады» десеңіз бәрі жалт қарайды. Бұл да болса оның ерекше жаратылысының бір көрінісі болса керек.

— Біреу аңды кәсіп үшін аулайды, біреу әшейін уақыт өткізіп, ермек үшін аулайды. Сіз үшін аңшылық деген не?

— Аңшылық деген – табиғаттың ең сұлулығы. Мысалы, наурыздың 14 жер бетіндегі жан-жануарлар тіріле бастайтын мезгіл. Төлдеу маусымы осы күннен басталады. Бірақ аю ғана апанда туады. Біз осыған қарап болжам жасаймыз. Апанын қараймыз, ондағы шөптің, қардың жағдайын бақылаймыз. Аю апанынан шыққан кезде қонжығын бірге ертіп шығады. Осы кезде бүкіл жан-жануардың тіршілігін, табиғаттың көрінісін бақылап отырсаңыз, жаныңыз бір демалып қалады. Аюдың қонжығын қалай асырайтынын, оны өмір сүруге қалай баулитынын сырттай бақылап отырудың өзі бір ғанибет. Егер табиғаттың саған берген мүмкіндігін пайдалана алмай, оның сенімен қатар жаратылған жан иесінің тіршілігін тани алмасаң, жаңағы кірекейді қонжығымен қоса атып алып, кете бересің.

Сондықтан табиғаттың Алла жаратқан тепе-теңдігін меңгере білу керек. Соны меңгерген ата-бабамыз аңшылықты кәсіп ете білді және оны көңілашар серлік деп те қарады.

Осы болмыстан ажырап қалған кейбіреулер қозықасын емізіп тұрған арқарды атып алып, мәз болып жүр. Төрт аяғын буып қойып қасқырды джиппен таптап, рахаттанатындарды түсіне алмаймын. Бәлкім, қасқырды солай аулау өздеріне ләззат сыйлайтын шығар, бірақ бұл дұрыс емес.

— Аю алғаныңыз туралы айтып беріңізші…

— Аю аулаудың арнайы бір уақыты немесе дайындығы жоқ. Дегенмен көктемгі төлдеу маусымында қандай жануарды болсын аулауға болмайды ғой. Өзім аюды күзде алдым. 2002 жылы күзгі уақыт еді. Тауда екі-ақ үй жайлауда отырамыз. Ит-құс қалың. Мен шөп шабуға кеттім, үйде қойға қарап екі-үш інім қалды. Қойды арнайы қашаға қамап қоямыз түнде. Иттер бар, жақсы, азулы төбеттер бар, бірақ күнде бір ешкі жоғалып кете береді. Біз сілеусін дедік, қасқыр дедік, кім әкететінін, қайда кететінін білмейміз. Үлкен ағам «ой, қасқыр болса, түгел отарды болмаса да, біраз шығынға ұшыратады, бұл аю болуы мүмкін, қойды етекке түсірейік» деді. Шөпте жатқан мен қойды етекке түсіріп келмек болып, таудағы ауылға бардым. Ай жарық еді, түн ортасында ит үрді. Қораның сырт жағындағы жартастың көлеңкесіне таман барып үрген иттің не көріп тұрғанын байқай алмадым. «Мал ұрлауға атпен біреулер келіп жүр ме» деп ойладым.

Таңертең ерте тұрып қарасақ, ауылдың шетіндегі жазықтау жерде кетіп барады екен. Үнемі мініп жүрген қасқа атым бар еді, әлгіге міне салып, қиқулап тұра қудым. Иттер де ілесе кетіп, қуып жетіп, жұлқылап, тоқтатты. Мен де жетіп, аюға шалманы салып жібердім. Көзсіз қызбалық қой, әйтпесе аюға шалма салуға кімнің дәті барғандай. Шалмам түсіп кетті. Тым үлкен емес, бір жастан асқан аю екен. Бір тартып, арқанды жұлып алды да, талға қарай қашты. Мен арттағыларға айғайладым «арқан әкел» деп. Артынан барсам, иттер қоршап, жүргізбей тұр екен. Манағыдай емес, аю күш алып алыпты. Бардым да, аттан секіріп түсіп, шұбатылып жүрген арқанның ұшын талға байлап тастадым. Аю арпалысып жүріп, талға оралып, қылқына бастады. Үйдің қасында тұрғандар мен айғайлаған соң, тағы бір арқан алып келген, оны артқы аяғына құрықпен ілдім, енді өзімше аюды құлақтан басып, ұстап алмақшымын. Құлақтан басып тұрғанда алдыңғы аяғымен орай ұрған кезде, қайта маған тимей қалды, тисе қазір сұхбат беріп отыруымның өзі неғайбыл еді. Сырттай қарағанда қорбаңдаған қолаба секілді болғанымен, икемі керемет екен.

Не керек, әбден қылқынып, әлсіреген кезде қоймай жүріп байлап алып, ауылдан машина шақыртып, тірідей ауылға алып келдім. Содан бүкіл аудандық ішкі істер департаментінен, Аңшылық шаруашылығынан адамдар келіп, «Неге ұстайсың?» деп ескерту жасады. «Малға тиісіп, жайлауда тыныштық бермеді» дедім. Олар «Болмайды, сен жануарға қиянат жасап отырсың» дейді. Ақыры болмаған соң, «Жарайды, онда өздерің алып кетіңдер» дедім. Ешқайсысы алмайды. Ақыры әлгі аюды 6-7 ай бақтым. Ет комбинатынан қалған-құтқан сүйек-саяқты әкеп беріп отырдым. Ол әбден қолға үйренді. Бірақ, күзге таман қоябердім ақыры. Түзге жаралған жануар ғой қанша дегенмен.

— Сіз жібергеннен кейін ол қайта айналып келді ме сізге?

— Жоқ. Тауға апарып жібергенбіз. Ұрғашы аю еді, өткен жылы бір телеарна «Біздің ауыл» деген бағдарлама түсіріп, сол кезде бір қонжығын түсірілімге алып келгенім бар.

— Өзіңіз көрсеңіз танисыз ба ол кірекейді?

— Жоқ, танымайтын секілдімін. Өйткені ешқандай белгі тағып жібермеппін. Жіберетін кезде белгі тағу туралы мүлде ойымда болмапты. Бағдарламаға шығарған қонжықты да жібере салған едім, тауға барған соң енесі тауып алыпты. Аюдың бір ерекшелігі бір немесе екі қонжық болса мықты, ширақ болады екен. Ал үш немесе одан көп қонжық болса сәл әлсіздеу болады. Себебі кірекейінің сүті 3-4 қонжыққа жете бермейді екен.

— Жаңа бір сөзіңізде ат баптаймын дедіңіз ғой. Қанша жүйрік бар қолыңызда?

— Қазір қолда үш ат, бір тай ұстап отырмын. Әзірге жүгірістері жаман емес. Ат ұстағысы келетін, жүйрік баптауға жаны құмар жандар неше түрлі жүйріктерді әкеп жатыр елімізге. Өткенде «өкпе ашар» бәйгеде бір атым бірінші, тайым төртінші келді.

— Қазіргі кезде жүйріктердің көбін шетелден әкеледі. Сондықтан да бапкерлер атты шетелдік әдіспен баптап, қазақы дәстүрлі баптаудан алыстап бара жатқан секілді?

— Қазақы дәстүрлі ат баптаудан алыстап барады дегеніңе келіспеймін. Қазір ат әкеп жатқандар көп, бірақ қазақ бар жерде ат жаратудың дәстүрлі түрі жоғалмайды. Иә, шетелдік жүйріктердің көбейгені рас, тіпті кей ауылдарға барсаң атқа шабатын шабандоз бала жоқ дейді. Бірақ, бала жоқ емес, атын аяйды. Себебі, оларды да түсінуге болады, соншама ақшаға әкелген атын сырын білмейтін балаға беріп, аяғын кетіріп аламын ба дейді ғой. Әйтпесе, бар ақшасын салып, жүйрік ат сатып алып, ауылда бәйгені қыздырып отырған азаматтар көп.

— Өзіңіз атты қалай баптайсыз? Ат баптауда өзіндік ерекшелігіңіз бар ма?

— Жалпы қазақтың ат баптау өнерінде көп айырмашылық жоқ. Барлығымыз бірдейміз деуге болады. Қара күзден бастап мінеміз, мүмкіндігінше қыста семіз ұстауға тырысамыз. Жемін үзбей беріп, жоңышқадан шығармай ұстаймыз. Тамағы мықты болса, ат қоңын жоғалтпайды. Ал бәйге таяп, жарататын кезде арнайы режимге қоямыз. Суытулар, аяң, желіс, шоқырақ, шабыс басталады.

— «Алтын тұлпар» аламанына ат әкелдіңіз бе?

— Жоқ. Өз аттарымды әкелген жоқпын. Бірақ, төреші ретінде бастан-аяқ қатыстым. Сол кезде еліміздегі небір жүйріктерді көріп жүрмін. Әсіресе Алматыдан келетін Секенайдың (Нұрбол Назарбаев) «Сүлікқарасы», «Алтын тұлпардың» екі реткі чемпионы атанған «Самал» барлығы да керемет жүйріктер. Және бұл аттардың біздің жүйріктерге қарағанда алымы мықты.

— Өз болжамыңыз бойынша қазіргі кезде еліміздің қай өңірінің аттары мықты деп ойлайсыз?

— Әр өңірдің өзіне тән ерекшелігі бар. Сол секілді аттары да өз жеріне қарай бейімделіп жетіледі. Сондықтан да ана облыстың аты мықты, мына облыстың аты нашар деуге болмайды. Қазақ «Ат шаппайды, бап шабады» дейді. Демек, қай өңірдің аты болса да, жаратуын тауып, бабына келтіре білсең болғаны. Оның сыртында, дүбірлі додаға әкелуге жер ұзақ болып, біреудің қаражаты жетпей қалады, біреудің уақыты болмай қалады дегендей. Еліміздің әр жерінде жүйрік бар. Жамбылдың, Алматы облысының, Қарағандының, Шығыстың аттары өз кезегінде өңірдің даңқын шығарып жүр. Маңғыстау, Батыс, Солтүстік өңірлер өз жеріндегі жүйріктерді басқа жаққа апаруға жер шалғайлығынан жете алмай қалып жатады.

— Атты қалай сынайсыз?

— Қазір аттың қанына көп мән беретін болды. Баяғы Абай атамыз айтқан «қой мойынды, қоян жақ, бөкен қабақ», қақпанбел дейтін жүйріктің айрықша белгілеріне көңіл бөлінбейтін болды. Қазір жүйріктің тегіне, қанына қарап жүгіртеді.

— Иә, бұрын бап шабатын немесе бақ шабатын, қазір қан, тұқым шабатын болды. Ал шетелден әкелетін таза қанды ағылшынның жүйрігіне қаржы жетпейді. Ол жақтан әкелгендер жүйрігінен тұқым бергісі келмейтін болса, былайға атқұмарлар таза қанды жүйрікті қайдан табады?

— Менің ойымша жүйріктен тұқым бергісі келмейтін, іштарлық жасайтын адамдар, жүйрік баптаудың, жылқы өсірудің түпкі мәнісін түсінбейтіндер ғой. Ал шын мәнісінде жүйріктен тұқым өсіргісі келетін азаматтар аз емес. Бір-екі жыл шауып, аяғы кетсе, болмаса басқа себеппен шабысқа жарамай қалған айғырларын үйірге жіберетін қазақтар көп. Мысалы, Қанат Сүлейменов деген ағамыз бар. Осы Астанадағы бір бәйгеде пәтер ұтып алды. Сол кісінің «Сарыарқа» деген айғыры біздің қолда қазір. Одан бөлек «Донбас» деген бәлен машина ұтқан таза қанды айғыр да біздің Үржарда тұр. Ауылдағы ат ұстаған ағайынның барлығы да осы асыл тұқымды айғырлардың құлынын алып жатыр.

— «Жылқыны жылқының тұяғынан қатты адам бағады» дейді. Жылқышылықтың қызығынан әңгімелеңізші?

— Ата-бабамыз атқа мінбеген қазақты қазақ деп санамаған ғой. Қазір халықтың жылқыға, атқа деген қызығушылығы оянып келеді. Қалада тұрса да бір атын, бір тазысын қолынан шығармай отыратындар бар. Құдайға шүкір, қазақы болмысымызды қайта тауып жатырмыз. Ал жылқы бағу дегеннің өзі қаладағы адамның түсінігінде бөлек, даладағы адамның түсінігінде мүлде бөлек қой. Қаладағының көбі, «Ой, мынау бір далабезер, үй бетін көрмейтін, жабайы боп кеткен адам екен» деп ойлайды. Ал жылқышылықтың, тіпті атқа мінудің бір ерекшелігі – күні бүгінге дейін бір жерім ауырып, бір рет ауруханаға жатып, дәрі қабылдап көрмеппін. Қысы-жазы ат үстінде, боранда да, нөсер жауында да ат үстіндеміз. Алла тағаланың бізге берген ең үлкен сыйларының бірі осы жылқы жануары ғой.

— Қазақтың ежелден келе жатқан бір дәстүрі жан-жануарлардың, әсіресе жылқының әрекеттері арқылы ауа райын болжау. Сіздер қазір осы дәстүрді қолданасыздар ма?

— Иә, баяғы ата-бабамызда қазіргідей бір күн емес, бір ай емес, бір жылдың ауа райын болжап бере салатын интернеті тұрған жоқ, осы табиғи құбылыстарға, алдындағы малының жайылғанына қарап-ақ болжады ғой сол ауа райын. Өз басым арқардың күйекке түсу кезін қадағалаймын. Арқар күйекке ерте түссе, көктем ерте шығады. Мысалы, арқар қарашаның аяғында күйекке түссе, қыс біразға созылады. Ал қарашаның басы, қазанның соңында күйекке түссе көктем ерте шығады деген сөз. Осыған негіздеп қошқардың күйегін аламыз.

Ал жаз ортасында жылқы ықтай жайылса, күз жаңбырлы болады. Тағы да басқа болжау түрлері көп. Барлығы да табиғаттың өз жаратылысы болғандықтан бұндай болжамдардан қате кетуі мүмкін емес.

Дереккөз: Вaq.kz

Leave A Reply

Your email address will not be published.