Дәрігер, нотариус, донор: Адам ағзаларын сатумен айналысқан 22 адам ұсталды

0 30

Алматы облысының Полиция департаменті прокуратураның үйлестіруімен адам ағзаларын алып-сатумен айналысып келген қылмыстық топты құрықтады, деп хабарлайды Кazinform.

Polisia.kz мәліметінше, Алматы қаласы, Алматы, Жамбыл және Түркістан облыстарындағы ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес қызметкерлері 22 фигурантты ұстаған. Олардың арасында ұйымдастырушылар, медицина қызметкерлері, нотариус, реципиенттер мен донорлар бар.

Күдіктілер реципиенттер мен донорларды іздеу, жалған құжаттарды ресімдеу және ішкі органдардың трансплантациясы бойынша операцияларды ұйымдастыру міндеттерін өзара бөлісіп, әрекет еткен.

Ағзаға мұқтаж адамдармен келісім сомасы 6-10 миллион теңгені құраған. Осындай фактілердің 8 дерегі анықталған.

«Үш негізгі ұйымдастырушы қамауға алынды. Іздестіру іс-шараларының нәтижелері бойынша күдіктілерден ақша, құжаттама, цифрлық тасымалдағыштар және басқа да заттай дәлелдемелер тәркіленді.

«Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Қазақстан Республикасының кодексіне сәйкес трансплантациялау кезінде адам ағзалары мен тіндерін алып-сатуға тыйым салынады.

ҚР ҚК-нің 116-бабы бойынша («Адамның ағзалары мен тiндерiн алып қоюға мәжбүрлеу немесе заңсыз алып қою») сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіліп жатыр. Баптың санкциясы мүлкі тәркіленіп, 12 жылға дейін бас бостандығынан айыру түріндегі жазаны көздейді.

Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жария етуге жатпайды», — делінген полиция мәліметінде.

Leave A Reply

Your email address will not be published.