Дәрігерлер әйелдің құлағында түлеген өрмекшіні шығарып алды

0 11

Отоларинолог дәрігерлер қызмет жолында науқастардың құлағынан бөгде денелерді, ондаған, тіпті одан да көп құрт-құмырсқа мен жәндіктерді кездестіреді. Kazinform бұл туралы Sky News басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

64 жастағы әйел бірнеше түн бойы сол жақ құлағында әлдене жыбырлап жүргенін, тарсылдап жатқанын сезген. Ұйқысыз түндерден кейін ол емханаға баруды шешкен.

Дәрігерлер тексеру кезінде әйелдің құлақ каналында кішкентай өрмекші қозғалып жүргенін байқаған. Сондай-ақ олар өрмекшінің ескі терісін, яғни ескі экзоскелетті көрген.

Тайвандағы Тайнань муниципалдық ауруханасының отоларинология бөлімінің меңгерушісі, дәрігер Тенчин Ван өрмекші мен оның экзоскелетін шығару үшін дәрігерлер түтікшені пайдаланғанын айтты.

Ол өрмекші өте кіші, екі-үш миллиметрдей ғана болғандықтан әйел ауруды сезбегенін атап өтті.

Адам құлағында жәндіктің түлеуі бірінші рет кездесіп тұр. Биыл сәуірде болған бұл оқиға Жаңа Англия медициналық журналында жазылған (New England Journal of Medicine).

Доктор Ван осыған ұқсас белгілер байқалса медициналық көмекке жүгінуге шақырады.

Оңтүстік Флорида штатының ENT Sinus and Allergy клиникасының дәрігері Дэвид Касл дәрігер Ван есебіндегі жәндік суреті «ерекше әрі дабыл қағатындай» болғанын айтты.

Оның айтуынша, есту жолында сыртқы есту жолы деп аталатын өте жұқа әрі сезімтал тері бөлігі бар. Оның сезімталдығы сонша, адам құлақта жыбырлап, сусып жүргеннің бәрін бірден сезеді және оған ұзақ шыдау мүмкін емес.

Дәрігер Ван құлаққа кіріп кеткен ірі жәндіктер қозғалып, құлақты зақымдамас үшін лидокаин немесе этанол пайдаланып оларды өлтіру қажет дейді. Бірақ құлақ пердесі тесілген немесе зақымдалған болса бұл тәсілді орындауға болмайды.

Leave A Reply

Your email address will not be published.