Баласы рактан өлген соң өмірін осы аурумен күреске арнаған қазақстандық әйел

0 4

Астанада рак ауруына шалдыққандарға көмек беруге арналған қор пайда болды. Оның мақсаты – қан рагымен ауыратын жандардың шетелге бармай-ақ, жақын туыстың сүйек кемігін трансплантациялау арқылы емделуіне көмектесу, осындай жағдайға тап болған адамдарға демеу болу. Бүгін өткен тұсаукесерде қордың басшысы мұндай қадамға баруына өз отбасындағы қайғылы оқиға себеп болғанын айтты, — деп хабарлайды «Zhambylnews» AA Baq.kz — ке сілтеме жасап.

Марина Чейшвили 2012 жылға дейін медициналық мекемеге ісім түседі деп ойламағанын айтады. Сол жылдың күзінде оның тұңғышы Амирам лейкоз – қан рагына шалдыққан. Амирамды емдеу үшін Алматыдан Астанаға келіп, емнің бар әдіс-тәсілін қолданған. Ең ақыры трансплантация жасауға шешім қабылдайды, бірақ дәрігерлер оларға миллионнан бір ғана тірі қалу мүмкіндігі бар екенін айтқан…

«Миллионнан бір мүмкіндік»

«Мен ешқашан өмірім медициналық мекемемен байланысты болады деп ойламаппын. 2012 жылы қыркүйекте тұңғышым Амирам лейкоз – қан рагы дертіне шалдықты. Біз емделу үшін Алматыдан Астанаға келдік. Емдеудің бар әдіс-тәсілін қолдандық. Ең ақыры трансплантация жасауға шешім қабылдадық. Дәрігерлер бізге миллионнан бір ғана тірі қалу мүмкіндігіміз бар екенін айтты. Сол кезде ұлым дәрігерлерден «Трансплантацияға дейін де, кейін де өліп кетуім мүмкін екенін түсінем. Ал бұл сіздерге не береді?» деп сұрады. Олар «Егер трансплантация сәтті өтсе, бөлімшеде осы дертпен ауырып жатқан балаларға үміт сыйлайсың. Шетелге барып емделуге жағдайлары келмейтін науқастарда мүмкіндік пайда болады» деп жауап берді. Ұлым тәуекел ететінін айтты. Трансплантация сәтті аяқталды, тіпті ремиссияға дейін жеттік және бұл Қазақстандағы ресми түрде сәтті аяқталған ішінара біріккен донор арқылы жасалған алғашқы трансплантация болды. Жарты жылдан кейін ұлым қайтыс болды. Ол жансақтау бөлімінде өлім аузында жатқан кезде оның жанында болдым. Сол кезде ұлттық онкология және трансплантология орталығында жұмыс істегім келетінін түсіндім. 2013 жылдан бері осы орталықта әлеуметтік қызметкермін», — дейді ол.

Сондай-ақ, Марина әдетте осындай жағдайға тап болған балаларға қол ұшын созғысы келетіндер көп екенін, ал кәмелеттік жасқа толғандар назардан тыс қалып жататынын айтты.

«Қазір науқасқа шалдыққан бала мен ересек адамның суретін алып, далаға шығып көмек сұрасаңыз, адамдардың басым бөлігі нәрестеге көмектеседі. Мен осы жағдайға деген көзқарасты өзгерткім келеді. Мысалы, менің ұлым 19 жасында қайтыс болды. Ол құжат бойынша ересектер қатарына жатқанмен, мен үшін әлі де бала болатын. Жансақтау бөлімінде қырықтағы баласының жанында түні бойы дұға етіп, көз жасын көл қылып отырған қаншама әжелерді көрдім. Біреу үшін – қырық жастағы еркек, анасы үшін – әлі де бала. Балалар мен ересектердің айырмашылығы не сонда? Үлкені де, кішісі де өмір сүргілері келеді және оған құқылы», — дейді Марина Чейшвили.

Терезенің артқы жағындағы өмір…

Жеке қор басшысы көтерген тағы бір мәселе – еріктілер мектебін құру. Оларға науқастарға қалай көмектесу керек екенін, қалай сөйлесу керектігін, қандай жағдайда не істеу керек екенін үйретуге болады. Мысалы, орталыққа көбінесе басқа аймақтағы аудандардың тұрғындары келеді. Олардың бәрінде Астанада күтіп отырған туысы жоқ. Екі-үш ай бойы жат қалада жүру, өмір сүру оңай ма? Айналаңда не болып жатқанын терезеден ғана көріп отыру қаншалықты қиын екенін білесіз бе?

«Бізде еріктілерді дайындап шығаратын мектептердің бар-жоғын білмеймін. Мен науқастарға көмектесетін еріктілерді дайындап шығаратын мектеп ашқым келеді. Әр еріктінің өмірінде ерте ме, кеш пе жанарындағы жалын өшіп, еңсесі түсетін кездер болады. Бастапқыда ол әлдекімге көмектесе білгені үшін қуанса, уақыт өте келе сол жақсылықтың қайтарымын күте бастайды. Сол себептен болар, «Мен оған қаншама жақсылық жасадым, ал ол маған рахмет те айтпады» деп жатады. Бұл мектеп оларға қайтарымсыз жақсылық жасауды үйретер еді», — дейді ол.

Марина Чейшвили тағы бір мәселеге тоқталмасқа болмайтынын айтты. Оның тағы бір мақсаты – науқастардың туыстарына арналған қауымдастық құру.

«Аурудың қай түрі болсын – жаман. Жақының дертке шалдыққан кезде не істеу керек екенін, қалай көмектесу керек екенін білмей абдырап қаласың. Туысыңыздың дерті туралы бір рет тыңдауыңыз мүмкін, екі рет тыңдауыңыз мүмкін, үш рет тыңдауыңыз мүмкін, уақыт өте келе одан да жалығып кетуіңіз ғажап емес. «Дәрігер емеспін, мен не істей алам? Маған айта бергеннен не пайда?» деп ойлауыңыз мүмкін. Міне, осындай кезде науқас дертімен оңаша қалып, жалғыздықпен бетпе-бет кездеседі. Ал сіз жалғыздықпен дос болудың қандай қиын екенін білесіз бе? Міне, осы жағдайда туыстар науқасқа қалай көмектесу керек екенін үйрету керек. Дертке шалдыққан туыстан ешқашан теріс айналуға болмайды», — дейді ол.

Медицина ғылымдарының кандидаты, «UMC» КҚ филиалы Ұлттық онкология және трансплантология ғылыми орталығының Онкология департаментінің жетекшісі Вадим Кемайкиннің сөзіне қарағанда, бүгінде Қазақстанда гематология айтарлықтай дамыды. Мәселен, қан рагымен ауыратындар үшін шет елдерге бармай-ақ, сүйек кемігін трансплантациялау мүмкіндігі туып отыр.

Leave A Reply

Your email address will not be published.