Қаладағы қоғамдық көліктерге қолданылатын электронды билет «tulparcard» атауына өзгерді

0 7

Тараз қаласындағы қоғамдық көліктерге қолданылатын электронды билет «Saparcard» атауынан «tulparcard» атауына өзгерді. Бұл туралы «ӨКҚ» алаңында өткен брифингте  Тараз қаласының әкімі Айтқазы Қарабалаев айтты, — деп жазады «ZhambylNews» ақпараттық агенттігі.

Тараз қаласы әкімдігінің дифференциалды тарифті бекіту туралы қаулысы бекітіліп, Әділет органдарында тіркелді. Қаулыға сәйкес электронды жолақысын төлеу үшін тариф көлемі – 65 теңге, қолма-қол төлеу тариф көлемі – 130 теңге болып белгіленді.

Жолақысын төлеудің автоматтандырылған жүйесінің жұмысына қажет барлық құрылғыларды (терминалдар, валидаторлар және басқа да қосалқы бөлшектер) өндіруші зауытпен келісімшарт жасалып, құрылғыларға тапсырыс берілді және 100% төлемақы жасалды. (Өндіру мерзімінің ұзақ болу себебі — батареяларының қуаттылығы үлкен (5000 mAh) мобильді терминалдарға тапсырыс берілуінде.)

Бүгінде Қытай Республикасы, Шенжень қаласында орналасқан зауыттан әзірше дайын болған 330 дана (1 партия) және 500 дана (2 партия) құрылғылар жөнелтілді. Қазіргі таңда Үрімші қаласында карантин режимі енгізілгендіктен, құрылғылар тиелген жүк көліктері аталған қаланың шекарасында тұр. Сол себептен құрылғылардың келу мерзімі 27 шілдеден 10 тамызға дейін кейінге шегерілді.

Құрылғыларды орнатуға қажет қосымша бөлшектердің (автобустардың маркасы мен моделіне қарай бекітпелері, кабельдері, тұтастырғыш, сақтандырғыш және т.б.) қажеттілігі зерделеніп, бөлшектердің керек көлемі анықталды.

Сонымен қатар, Ресей Федерациясы Мәскеу қаласындағы өндірушіден 40 000 дана транспорттық карталар жеткізілген. Алайда, көлік карталарының атауы өзгеруіне байланысты («saparcard» атауынан «tulparcard» атауына) өндіруші зауытқа қайта тапсырыс берілді. Карталардың келу мерзімі 7-8 тамызға жоспарланған.

Оның ішінде, мектеп оқушылардың көлік карталары бойынша аты-жөні, тегі және фотосуреті көрсетілмеген дайын карталар алынып, осында, яғни Тараз қаласында қажетті ақпарат енгізіледі. Арнайы принтерге тапсырыс беріліп, сатып алынды.

Бүгінде Тараз қаласы әкімдігінің білім бөлімімен көлік карталарын пайдаланатын қала аумағындағы мектеп оқушыларының тізімі (фотосуреттерімен) әзірленуде. Сонымен қатар, оқушылар пайдаланушыларға қызмет көрсету орталығына келіп, ТК-ға тапсырыс бере алады. Дайындалу мерзімі – 1 күн.

Сондай-ақ, tulparcard.kz сайты арқылы карталарға онлайн режимде тапсырыс беруге болады. Ол үшін барлық қажетті ақпарат (фото, аты-жөні, ЖСН) ұсынып, банктік карта арқылы төлем жасау қажет. Дайын болған картаны қызмет көрсету орталығынан алады. «Tulpar card» төлем карталарының (бірыңғай, мектеп оқушыларының) логотипі, дизайні және жүйенің өзіндік стилі әзірленді.

Бұған қоса, тұрғындар мен пайдаланушылардың TULPAR Card жүйесі және басқа да мәселелерге қатысты өтініштерін қабылдайтын орталық ашылды. Нысан «Жайлау» ықшамауданы, 21 үй мекен-жайы бойынша ғимарат анықталып, жалға алу келісімшарты жасалып және ғимаратта жөндеу жұмыстары жүргізілген.

Бұған дейін өңірде төлем карталарын сату/теңгерім толтырудың 16 пункті орнатылғанын айтқан болатынбыз. Qiwi төлем терминалдары арқылы карталарға теңгерім толтыру мүмкіндігі іске қосылған. Алдағы уақытта Касса-24 терминалдары және бірқатар банктердің мобилді қосымшалары арқылы теңгерім толтыру мүмкіндігін қосу жоспарланып отыр.

«Орталық диспетчерлік қызмет» ЖШС-мен көлік карталарын сату/толтыру пунктеріне 20 агент және бақылау-ревизиялық қызметке 21 жұмысшы қабылданған. Сонымен қатар, Android және IOS смартфондарға арналған мобильді қосымша әзірленуде. Бұл қосымшада жеке кабинет ашу, QR-код арқылы жол ақысын төлеу, жасалған операциялардың тарихын қарау және т.б. мүмкіндіктер қарастырылады.

Leave A Reply

Your email address will not be published.