Жамбыл облысында көктемгі дала жұмыстары басталды

0
97

Жамбыл облысымен іргелес жатқан Жамбыл ауданының еңбеккерлері көктемгі дала жұмыстарын бастады. Дихандар қазір жер жыртып, егіс алқаптарын әзірлеуде, — деп жазады “ZhambylNews” ақпарат агенттігі.

Жамбыл ауданында ағымдағы жылы 13000 гектарға жаздық арпа себу жоспарланған. Ол үшін 2080 тонна тұқым дайындалыпты. Қазір шаруашылықтар ауа райының қолайлылығын пайдаланып көктемгі дала жұмыстарын бастап кетті:

— Қазір алдымызда көктемгі егіс жұмыстарын сапалы және дер кезінде өткізу міндеті тұр. Ауданда үстіміздегі жылы ауыл шаруашылығы дақылдарының егіс көлемі 57371 гектарды құрайды деп жоспарлануда. Бұл өткен жылғы егіс көлемімен салыстырғанда 568 гектарға артық. Осы орайда жаздық арпа, көкөніс-бақша және мал азығы дақылдарының егіс көлемдері ұлғайтылады. Жаздық дақылдарды орналастыру үшін аудан бойынша 28460 гектар сүдігер көтерілді,-дейді ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Қанат Темешбаев.

Көктемгі дала жұмыстарын бастағандардың бірі- Ақбастау ауылдық округі аумағында орналасқан «Шарипов» шаруа қожалығы.

— Ауа райы да қолайлы болып тұр. Арпа, бидай, жүгері егеміз деп жоспарлаған 100 гектар жерімізді дайындап жатырмыз. Алдында 220 гектар жерді қызылшаға дайындадық. Өткен жылы 100 гектар еккенбіз. Жақсы өнім алдық. Биыл қызылша егетін жердің көлемін ұлғайттық, – дейді агроном Фарух Юнусов.

Қазір егіс алқабында 5 трактор жер жырту үстінде. Шаруашылық су тапшылығын болдырмау мақсатында былтыр тамшылатып суару әдісін қолданған.

Соңғы жылдардағы егіске қажетті су тапшылығына байланысты су үнемдеу технологияларын қолданудың маңызы артып келеді. Бұл технология бойынша тартылған инвестицияларды субсидиялау бағдарламасы бойынша тамшылатып суару қондырғылары құнының 25 пайызы төленуде.

Айта кету керек, шаруа қожалықтарында көктемгі дала жұмыстарын атқаратын техникаларды жөндеу аяқталған. Биыл аудан көлемінде пайдаланылатын тракторлар саны 389 дана болса, оның 364-і жөнделіп, көктемгі дала жұмыстарына сақадай сай.

Жауап калдыру

Please enter your comment!
Please enter your name here