Талас ауданында мерейі тасыған меценаттар марапатталды

0 3

Талас ауданының әкімі Қанатбек Қайшыбекұлы Талас өңірінің қоғамдық-саяси өміріне белсене араласып, елмен етене жүріп, мұқтаж жандарға көмек қолын созған дархан пейіл, ауданнан шыққан кең жүректі «Жомарт жүрек» байқауының аудан бойынша кезеңінің қорытындысы бойынша жеңімпаздарын марапаттады, — деп жазады “ZhambylNews” AA.

«Жомарт жүрек» сыйлығы ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігімен елімізде қайырымдылық саласын дамытуға елеулі үлес қосқан жанашыр жандарды іздестіру және көтермелеу, оларға қоғамдық назар аудару мақсатында тағайындалған.

Игілікті іс-шара Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында ұйымдастырылды.

– Жомарт жандар ауданымыздың көркеюіне, әлеуметтік-экономикалық дамуына ерекше үлес қосып ғана қоймай, әлемді шарпыған пандемия кезеңінде де жомарттық пен елжандылықтың жоғарғы үлгісін көрсетті. Қолында барын халықтың игілігіне жұмсап, ізгі іске атсалысқан рухы биік жандарға аудан тұрғындарының атынан шынайы алғысымды білдіремін, – деді Қанатбек Қайшыбекұлы.

«Жомарт жүрек» сыйлығы 5 номинация бойынша табысталды. Байқаудың «Жыл меценаты» номинациясы өзі басқаратын серіктестік меншігіндегі бос тұрған «Қаратау» қонақ үйін халықтың игілігіне тегін тарту еткен Досан Рымтаевқа табысталса, «Туған өлке» номинациясымен Майтөбе ауылының абаттануына ерекше үлес қосқан «Құрылыс — Жоба Инжиниринг» ЖШС—нің директоры Еркімбек Қуатбеков марапатталды. Еркімбек Қуатбеков өз қаражаты есебінен ағымдағы жылы Майтөбе ауылында сомасы 18 млн. теңгеге кіші футбол алаңшасы мен құны 1,2 млн. теңгеге «Street workout» салып, ел игілігіне тапсырған болатын.

«Жыл тұлғасы» номинациясын аудан басшысы ағымдағы жылы Қызыләуіт ауылына жалпы құны 150,0 млн. теңгені құрайтын спорт кешені мен орталық монша құрылысына демеушілік етіп, ел игілігіне өткізген Жанабек Сұлтанбекке табыстаса, «Жылдың үздік ұйымы» номинациясы Талас ауданы әкімдігінің «Игілік» көпсалалы кәсіпорны» коммуналдық мемлекеттік кәсіпорнына бұйырды. «Жылдың үздік қамқоршысы» номинациясы бойынша жеңімпаз карантин уақытында да қайырлы ісін жалғастырған облыстық мәслихаттың депутаты Ерлан Нурханов танылды.

Жомарттық — қазақ халқының бойында бар асыл қасиет. Жақсылыққа жаны құмар, айналасына жаңашыр жандар қашанда мадақтауға ие болары анық.

Leave A Reply

Your email address will not be published.