Жамбыл ауданында «Ішімдіксіз ауыл» жобасы бастау алған болатын. Осыған орай жобаны іске асыру мақсатында құрылған жұмыс тобының мүшелері Ақбұлым, Айшабибі, Қаратөбе ауылдық округтерінде тұрғындармен жүздесіп, түсіндіру жұмыстарын жүргізуде, — деп хабарлайды “ZhambylNews” AA.
Аталған жоба жемісін беріп те үлгерді. Рамазан айында Жамбыл ауылдық округіне қарасты елді мекендер ішімдіктен бас тартып, көпшілікке үлгі көрсеткен болатын.
— Елімізде ішімдіктің салдарынан қаншама жантүршігерлік қылмыстар орын алуда. Отбасындағы кикілжің, ұрыс-жанжал, ажырасулардың да себебі ащы суға келіп тіреледі. Жас буынды осы зиянды әдеттен арашалау – бәрімізге ортақ парыз. Жастарымыздың дені сау болса, еліміздің де келешегі жарқын болмақ. Сол үшін де баршаңызды осы жобаға қолдау білдіруге шақырамыз, – деді басқосуда сөз алған «Аса адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің жетекшісі Жандар Тоқсаба.
Сондай-ақ, топ мүшелері дүкен иелеріменде жолығып, мәселенің мән-жайын түсіндірді.