Облыста әлеуметтік-еңбек қатынастарына қатысты ахуал тұрақты

0 3

Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаевтың төрағалығымен өткен кезекті аппараттық кеңесте автомобиль жолдарын дамыту және қауіпсіз еңбек жағдайларын қамтамасыз ету мәселелері сараланды, — деп хабарлайды “ZhambylNews” АА облыс әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Биыл жолдарын салуға, жөндеуге және күтіп ұстауға 5,6 миллиард теңге қаралған.

Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Бақытжан Жәнібековтың айтуынша, «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында 25 жобаға, «Ауыл — ел бесігі» бағдарламасы аясында 74 жобаға және Тараз көшелерін орташа жөндеу бойынша 26 жобаға қаржы қаралған.

Жергілікті маңызы бар 3,6 шақырым жаңа жолдар салу,   116,9 шақырым жолдарға орташа жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарлануда. Жолдарды күтіп ұстауға 900 миллионнан астам теңге бөлінген.

Бақытжан Жәнібеков облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес облыстық маңызы бар автожолдарды орта жөндеу жобалары толықтай дерлік суық ресайклер технологиясын қолданумен іске асыру көзделгенін жеткізді.

Ол сондай-ақ шұғыл шешуді қажет ететін бірқатар мәселелерге тоқталып өтті.

«ҚазАвтоЖол «ҰК» АҚ облыстық филиалының директоры Айжан Туғанова Меркі – Бурылбайтал автомобиль жолының құрылысы туралы баяндады.

— Облыстың кейбір аудандарында ауыр жүк техникаларының салдарынан жөнделген жолдар қайта бұзылуда. Тиісті басқарма мердігерлерден анықталған кемшіліктерді реттеуді талап етуі тиіс. Көлік инспекциясы ауыр жүк көліктерінің қозғалысын бақылауды күшейтуі керек, — деді облыс әкімі.

Сондай-ақ, күн тәртібіндегі екінші мәселе бойынша Еңбек инспекциясы басқармасының басшысы Қайрат Досаев ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігімен әзірленген еңбек тәуекелдері картасына сәйкес Жамбыл облысында әдеуметтік-еңбек қатынастары тұрақты деңгейде сақталуда.

Жыл басынан бері мемлекеттік еңбек инспекторлары 475 жеке және заңды тұлғаның өтініші негізінде 36 жоспардан тыс тексеру жүргізіп, 26 заң бұзушылықты анықтаған. Нәтижесінде жалпы құны 1 миллионнан астам теңге көлемінде 8 айыппұл салынып, 15 нұсқама берілген.

Жыл басынан бері 108,1 млн.теңге көлемінде жалақы берешегі анықталып, бүгінгі күнге дейін ол толығымен өтеліп, 733 қызметкердің еңбек құқығы қорғалған.

Одан бөлек, басқармамен облыстық «Ыстық нүкте» картасы әзірленіп, оған обылыстың еңбек  тәуекел қаупі жоғары 45 кәсіпорын енгізіліп, тұрақты бақылауға алынған.

Сонымен қатар, Қайрат Досаев Тараз қаласындағы барлық кәсіпорындар ұжымдық келісімшартқа отырмағанын тілге тиек етті.

Бердібек Сапарбаев Тараз қаласы мен аудандардың әкімдіктеріне ұжымдық шарттарға қол қою және электронды еңбек шарттарын енгізу барысын қадағалауды тапсырды.

— Ең бастысы – сапалы құрылыспен қаражаттың уақытылы игерілуі, жергілікті материалдардың қолданылуы, жаңа жұмыс орындарының ашылуы және жұмысшыларға жалақының тұрақты төленуі, — деп түйіндеді облыс әкімі.

Leave A Reply

Your email address will not be published.