Босанудан кейінгі алаңғасарлықтан арылудың 5 әдісі

0 8

Әйел адам ана болған кезде оның миында біраз өзгерістер болады. Олар жиі ұмытшақ және алаңғасар бола түседі.

Әдетте, босанған әйел қарапайым заттарды да ұмытып қала береді: бөлмеге кірсе, не алуға келгенін немесе қандай да бір затты қайда қойғанын, кейде, тіпті, айтайын деп тұрған сөзін де ұмытып қалады.

Әйелдердің мұндай есте сақтау проблемасы жүкітілік кезінде басталады. Жүкті әйелдердің когнитивті функциялары жүкті емес әйелдерге қарағанда нашар болып келетінін анықтаған зерттеулер көп. Болашақ аналардың есте сақтауы бірінші триместрден бастан нашарлай түседі, ал жүктіліктің соңғы айларында орындаушылық функцияларының проблемалары (жоспарлау қабілеті және бірнеше міндеттерді орындау) қосылады.

Жүктілердің қысқа мерзімді жадқа жауап беретін ми бөлігіндегі сұр зат көлемі азаяды екен. Оның себебі ми өз ресурстарын басқа міндеттерге — анасы мен баласының арасындағы байланысты орнатуға қолдана бастайды.

Ананың алаңғасарлығы босанған соң да кетпейді, себебі оның миы бұрынғыша бала қамқорлығына бағытталған. Алайда, өмір сүру салтыңызды сәл өзгертсеңіз, ұмытшақтық пен алаңғасарлықтан арылуға болады.

Көбірек ұйықтаңыз
Егер жас ана бірінші кезекте уақытын үй шаруаларына емес, ұйқысына бөлсе, босанудан кейінгі шаршаңқылықтан және алаңғасарлықтан тез құтылады. Ұйқы нейрондардың бір-бірімен тиімді өзара қатынасын қамтамасыз етеді, сондай-ақ ол күні бойы миға жиналған уыттарды жоюға көмектеседі. Егер адамның ұйқысы қанбаса, ағза күйзелісте болады, ал ол өз кезегінде есте сақтау сапасына әсер береді. Сондықтан жас аналар ұйқысын қандырып алу үшін кез келген мүмкіндікті пайдалану керек.

Тізім құрыңыз
Жоғарыда жас ананың қысқа мерзімді жады нашарлайтынын айттық. Әркез істеу керек шаруаларды еске түсіріп қиналмас үшін тізім құрып жүріңіз. Жазу арқылы ми энергиясын үнемдейсіз. Тізімдегі орындалған істі сызып тастаған кезде бойыңызда өнімділік сезімі пайда болады. Алайда тізімге көп шаруа жазып тастамаңыз. Ана ұйықтау керек деген бірінші ережені ұмытпаңыз.

Көмек сұраңыз
Дүниеге бала келгенде ананың мойнына өте көп міндет ілінгендей болады. Сондықтан ана өзін шаршаңқы, жабырқаңқы сезінеді және өнімділігі азаяды. Көпшілік жас ана босанған соң күйзеліске түседі. Мұндай жағдай орын алмас үшін міндеттерді бөлу керек. Күйеуіңізден, туыстарыңыздан және құрбыларыңыздан көмек сұраудан ұялмаңыз. Егер көмек керек болса, оны сұрау керек. Әйтпесе, басқаларға сізге көмек керек екені білінбеуі де мүмкін. Әрине, кей міндеттерді басқаларға тапсыра алмауыңыз мүмкін. Бірақ баланы далаға серуенге шығарып келу, ойнату және кей үй шаруаларын ойланбастан жақындарыңызға тапсырыңыз.

Дұрыс тамақтаныңыз
Көк шөпті көкөністерді көбірек жеңіз. Күніне көк шөптің бір порциясын жеу ми қартаюының алдын алады. Қаражидек пен құлпынай жеңіз: олар миға өте пайдалы. Жаңғақтармен шай ішіңіз. Сұйықмайды зәйтүн майына алмастырыңыз. Маргариннен бас тартыңыз. Ақуызды тамақ көбірек жеңіз. Ешқандай қатаң диета ұстамаңыз.

Спортпен айналысыңыз
Жас анаға жаттығуға уақыт бөлу қиынға соғатыны рас. Бірақ егер ол мүмкін болса, оның ми жұмысына пайдасы мол. Жаттығу жасау кезінде эндорфиндер бөлінеді: олар ойды жинақтауға көмектеседі және мида жаңа жасушалардың көбеюіне ықпал етеді.

Ақпарат дереккөзі: massaget.kz 

Leave A Reply

Your email address will not be published.