Облыс үшін алғашқы тоқсан қалай аяқталды?

0 1

Облыс үшін алғашқы тоқсан қалай аяқталды? Облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың төрағалығымен өткен жиында осы мәселе күн тәртібіне көтерілді. Сондай-ақ басқосуда су тасқынының алдын алу, көктемгі суғару және коронавирус кеселімен күрес мәселелері де қаралды, — деп хабарлайды “ZhambylNews” АА облыс әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Облыс әкімінің орынбасары Талғат Мамаевтың баяндауынша, сауда бөлшек айналымынан бөлек барлық салада оң көрсеткіш сақталуда екен. Өндіріс — 104,5 пайызға, ауыл шаруашылығы102 пайызға орындалады деп күтілуде. Аграрлық салаға тіпті 103,5 пайыз межеленіп отыр. Бұл бастаманы облыс әкімі қолдады. Негізгі салаға инвестиция 17,1 пайызға қосылатын болса, құрылыс – 2,8, тұрғын үй құрылысы – 1 пайыздық өсімді көрсетеді деп көзделуде. Ал сауда-саттық көлемі 96 пайызды ғана діттеуі мүмкін.

Кірістер бойынша бюджет түсімі 116,7 пайызға орындалып қойған. Қаржы игеру 97,4 пайызды көрсетіп тұр. Алғашқы тоқсанның қорытындысы бойынша бұл көрсеткіш 99,8 пайызға өсетін болады. Салық бойынша жоспар 120,3 пайызға орындалса, тек Сарысу ауданында жоспардың орындалмау қаупі бар.

Облыс әкімі барлық аудан әкімдерінен орындалмауы мүмкін көрсеткіштер бойынша жауап алды. Байзақ ауданы әкімінің орынбасары Болат Сағынбеков жоспарды жүз пайызға орындайтындықтарын айтса, Жамбыл ауданының әкімі Сәкен Арубаев инвестиция көлемі 2,8 миллиардты құрап, бюджет қаржысын игеру 99,9 пайызды көрсететіндігін жеткізді. Бір сөзбен айтқанда барлық аудан әкімдері бірінші тоқсанды өткен жылмен салыстырғанда табысты аяқтайтындықтарына  уәде етті.

Тараз қаласының әкімі Ержан Жылқыбаев пен Шу ауданының әкімі Нұржан Календеров бөлшек сауданың өсуіне қатысты күмән келтірді. Дәл сондай Сарысу ауданындағы көрсеткіштер де мәз емес. Бердібек Машбекұлы  ауданға жаңа әкім жуырда тағайындалғанына қарамастан Марат Сұлтанғалиевтен толық көлемде сұрау алды.

«Арқаны кеңге салуға уақыт жоқ, жұмысты жедел ұғынып, бірден алып кету керек», — деген аймақ басшысы ескертуін айтты.

М.Сұлтанғалиевтың айтуынша, тұрғын үй құрылысының жоспары жыл қорытындысы бойынша орындалады екен. Алайда өңір басшысы қазір бірінші тоқсанның қорытындылары туралы сөз болып отырғанын атап өтіп,  жыл бойы жүйелі жұмыс  жүргізілуі керектігін тағы бір мәрте ескертті. Облыс әкімінің орынбасары Алмас Мәдиевтің сөзіне сүйенсек, «Қазфосфат» ЖШС, Тараз металлургия және қант зауыттары сияқты жергілікті өнеркәсіп алыптары жақсы қарқын алыпты. ШОБ үлесі 23-24 пайызға жетуі тиіс, ал жалақы бойынша борыштар толығымен жойылған. Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Жорабек Баубеков 1430 грант пен  шағын несие берілгенін хабардар етті.

Әлеуметтік қызметтердің порталы кеңінен танылып келеді, бюджеттік комиссия қосымша екі инватакси машинасын сатып алуды қарастыруда.

– Барлық әкімдер мен басқарма басшылары статистика органдарымен және қазынашылықпен тығыз байланыста жұмыс істеуі керек. сонда бізде аймақтың дамуының нақты көрінісіне көз жеткізу үшін бірінші тоқсандағы көрсеткіштерді мұқият тексеріңіздер. Облыс әкімдерінің орынбасарлары жетекшілік ететін салаларға бақылауды күшейтуі керек, – деп атап өтті Бердібек Сапарбаев.

Көрші облыстарда коронавирустық инфекцияның таралуы салдарынан жағдай қиындап барады. Алматы қызыл аймаққа кірді. Сондықтан облыс әкімі шекаралас аймақтардағы санитарлық-эпидемиологиялық жұмыстарды күшейтуді тапсырды.

Денсаулық сақтау басқармасының бастығы Әсет Қалиевтің айтуынша, өткен тәулікте ауруды жұқтырған 24 адам тіркеліп, 0,4 пайызға өскен. Жұқпалы аурулар ауруханасында 313 адам емделуде. Соның ішінде 26-сы жансақтау бөлімінде, екеуі ауыр жағдайда. Екі айлық дәрі-дәрмек қоры бар, ал жедел жәрдем қызметіне жүктеме айтарлықтай көп емес. 7,7 мың жамбылдыққа вакцина егілді, сәуірде тағы 20 мың доза вакцина жеткізіледі. Тұрғындар арасында екпе алу қажеттілігі туралы үгіт-насихат жұмыстары жалғасуда.

Әзірге жағдай бақылауда, бірақ бұл жайбарақаттыққа себеп болмайды. Мобильдік топтар 348 рет рейд жүргізіп, 391 айыппұл салды. Санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды бұзғаны үшін үш мейрамхана жабылды, тағы алты ойын-сауық мекемесінің ісі сотта қаралуда.

– Вирустың инфекциялық және арты өлімге соқтыратын жаңа штамдары пайда болды. Негізінде біз коронавирустың үшінші толқынын өткізіп жатырмыз. Тыйым салынғанына қарамастан, той өткізу тыйылмай тұр. Жабылған мейрамханалар қайта тіркеліп, қайта ашылуда. Ауру балалар саны артып келеді. Білім беру, денсаулық сақтау және санитарлық-эпидемиологиялық қызмет ұйымдары бірлесіп жұмыс істеуі керек, соның ішінде адамдарға вакцинацияның маңыздылығын түсіндіру қажет. Екпенің көмегімен ғана біз инфекцияны жеңе аламыз, – деді облыс әкімі.

Көктем сайын алдымыздан кесе көлденең кезігетін келеңсіздік – ол су тасқынына қарсы күрес. Осы ретте аймақ басшысы басты сұрақты қойды: егер жағдай қайталанатын болса, неге белсенді шаралар қолданылмайды?

– Жыл сайын айтатынымыз бір әңгіме – баяғы жартас сол жартас. Мен ендігі каналдар мен арықтарды, әсіресе Тараз қаласының аумағындағыларды үнемі тазалап отыру керектігін айта-айта шаршадым. Тасқын Талас, Байзақ және Жуалы аудандарында қайталанады. Әкімдер қайда қарап отыр? Егер бөгет қажет болса, оны салайық. Неліктен жаңбыр жауып, қардың ерігенін күті отыруымыз керек? Төтенше жағдайлар департаментінің жұмысы сылбыр. Егер осылай жалғаса берсе, мен тиісті министрлікке облыстағы департаменттің басшылығын ауыстыру туралы мәселе қоямын. Профилактикалық жұмыс өте әлсіз деңгейде жүргізіледі.

Содан кейін Бердібек Сапарбаев облыстың кейбір аудандарында болған су тасқынының себептерін анықтауға кірісті. Тараз қаласының әкімі Ержан Жылқыбаев 164 шақырым арықтың 72 шақырымы жеке секторда орналасқанын атап өтті. Көптеген арық бітеліп қалған, үстіне үйлер салынып кеткен, дренажды құбырлар жоқ. Бүгінде әрбір жеке жағдайда мәселені шешумен айналысатын, қала тұрғындарымен түсіндіру жұмыстарын жүргізетін жұмыс топтары құрылды. Қала әкімі Тараздың негізгі арналарын кір мен қоқыстардан тазарту үшін механикаландырылған отрядтарды қолдануды сұрады.

– Жауын бірнеше күн ғана жауып, көптеген қиындықтар туғызды. Ал күн жылып, тауда қар ери бастағанда не болады? Сонымен қатар, біз су жинауды үйренуіміз керек. Қазір судың мөлшері мол болып тұр, алайда суғару кезеңінде тіршілік нәрін таппай отырамыз. Бізге тоғандар салу керек, арықтарды тазарту керек, – деді аймақ басшысы.

Ауыл шаруашылығы басқармасының бастығы Қайрат Аманов көктемгі дала жұмыстарына дайындық туралы есеп берді. Өңiр басшысының егiстiк алқаптарындағы жұмыстардың қарқын ала алмай жатқанына көңілі толмады.

– Жыл сайын ауыл шаруашылығы дақылдары өсірілетін жерді кем дегенде 40 мың гектарға кеңейту қажет. Көкөніс, қызылша, бақша дақылдарын көбейтуіміз керек. Салынып жатқан ірі қант зауытына шикізат қажет. Іргедегі Алматы облысы 20 мың гектардан астам алқапта қызылшаны жайқалтып отырғанда, біздігі бес мың гектар неге жетеді? Құлпынай мен таңқурай өсіру бойынша түрік инвесторларымен бірге жоба кеңінен жарнамаланды, бірақ нәтижелері қайда? – деп сұрады облыс әкімі.

Қызылша ылғалды сүйетін дақыл болғандықтан, оны көптеп өсіруге су жеткіліксіз болуы мүмкін деген сылтаумен Бердібек Сапарбаев келіспеді.

– Бүгінде қолданыстағы су қоймалары толтырылуда, жаңалары салынуда, суды үнемдейтін технологиялар белсенді енгізілуде. Сондықтан сумен ешқандай проблемалар болмауы керек, қант қызылшасының дақылдарын көбейту керек, – деді облыс әкімі.

Сондай-ақ, аймақ басшысын элиталық тұқымдарды енгізу қарқынын сын тезіне алды. Ауыл шаруашылығы министрлігімен бірлесіп, ауыл тұрғындарының табысын арттыру пилоттық жобасын жалғастыруға керекті қаражатты бөлу мәчселесіне де көңілі толмады.

– Жақын арада республикалық бюджет нақтыланатын болады, ал мына мәселе Үкіметтің қарауына әлі ұсынылған жоқ. Яғни, тым баяу жұмыс істеп отырсыз, – деді облыс әкімі өзінің орынбасары Берік Нығмашевқа.

Сондай-ақ, көкөністер мен басқа да маңызды өнімдердің бағасының өсуін ескере отырып, әлеуметтік сөрелердің қызметін қайта жандандыру қажет.

Leave A Reply

Your email address will not be published.