Қаныш Сәтбаевтың ғашығы Таисия Кошкинаға жазған хаты

0 71

Жаным Таиса-тай! «8 февраль» кемесінің каютасынан жазып отырмын. Сіз аттанып кеткен соң Семейдегі жұмыстарымды екі күнде тындырып, Ертісті құлдилап елге қарай жүзіп келемін. Аманшылық болса таңғы сағат төртте Павлодарға ілігеміз. Ал одан әрі – ұшы-қиырсыз, жүрегіме сонша қымбат туған далам. Өмір шіркін қандай тамаша: ертең-ақ рақаттана сімірер дару қымызға жетемін; желмен жарысқан қылаң жүйріктерге мініп саятқа шығу; қаршығамен құс аулау; еті уыздай дәмді марқалар да – менің сыбағам, қу жанына сая іздеген адамға бұдан артық не керек!? Өзімді шексіз бақытты сезінуге бір-ақ нәрсе жетпейді: ол – Сіз, сүйіктім, Сіз ғана қымбатты сәулем!.. Таисатай, не себептен қасымда емессіз?.. Алайда екі жарым айдан соң кездесетінімізді, әнеутүнгі қоштасар шақтағыдай екі-ақ сағатқа емес, өмір-бақи бірге, қол ұстасып мәңгі бірге болатынымызды есіме алып, өзіме-өзім сабыр тілеп, жұбату айтамын. Сол кезде, жаным, құмардан шығамыз, бақытқа да шексіз кенелеміз. Рас-ау, о күннің мерейлі шуағы қыр астында емес пе! Сонымен, көріскенше деймін, қымбаттым, жан сәулем!

Өзіңіздің КИС.
18 маусым 26 ж., түнгі сағат 11, № 8 каюта

Хатты аударған – жазушы Медеу Сәрсеке

Әсет Ақмолданың әлеуметтік желідегі жазбасынан

Leave A Reply

Your email address will not be published.