Жамбыл облыстық көпбейінді онкология және хирургия орталығында дәрігерлер жоғары технологиялық әрі аса күрделі операцияны сәтті орындады. Науқасқа созылмалы В гепатитінің аясында дамыған, көлемі 16 сантиметрден асатын бауырдың қатерлі ісігіне байланысты оң жақ гемигепатэктомия (бауырдың жартысын алып тастау) жасалды.
Тараз қаласының 68 жастағы тұрғыны орталыққа әлсіздік, күрт салмақ жоғалту және оң жақ қабырға тұсындағы ауырлық сезімімен жүгінген. Тексеру барысында бауырдың оң бөлігін түгелге жуық зақымдап, ірі қан тамырларын, соның ішінде төменгі қуыс венаны қысып тұрған ірі ісік анықталды. Дәрігерлер жағдайдың операция жасауға болатын және жоғары қауіп төндіретін шекке жеткенін бірден бағамдады.
Ісік бауырдың оң бөлігін толық дерлік қамтып, сау тін көлемін небәрі 22 пайызға дейін азайтқан. Бұл операциядан кейін бауыр жеткіліксіздігінің даму қаупін едәуір күшейтті.
Соған қарамастан, орталық мамандарының үйлесімді жұмысының нәтижесінде операция сәтті өтті. Хирургиялық кезеңді Ерасыл Арапов жүргізіп, ассистент ретінде Даулет Сейілханов қатысты. Анестезиологиялық сүйемелдеуді Олжас Кенжебай қамтамасыз етіп, науқастың жағдайын тұрақты бақылауда ұстап, қан жоғалту қаупін барынша төмендетті.
Заманауи хирургиялық технологиялардың көмегімен және дәл орындалған тамырлық оқшаулау нәтижесінде ісік сау тін шегінде толық алынды. Гистологиялық зерттеу операцияның радикалды жүргізілгенін растады.
Отадан кейін науқас алғашқы күндерден-ақ оңала бастады. Қалған бауыр бөлігінің қызметі біртіндеп тұрақтанып, екі аптадан кейін ол қанағаттанарлық жағдайда үйіне шығарылды.
Бұл жағдай Жамбыл онкоорталығы мамандарының кәсіби деңгейін және күрделі клиникалық жағдайларда тиімді шешім қабылдай алатынын айқын көрсетті.