Жуалы аудандық мәдениет үйінде «Елтану» жобасы аясында маңызды жиын өтіп, онда ел бірлігі, қоғамдық келісім және мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттары кеңінен талқыланды. Іс-шара аудан әкімінің орынбасары Анар Ахметованың төрағалығымен ұйымдастырылып, оған облыстық және аудандық деңгейдегі сала мамандары, құқық қорғау органдарының өкілдері, ақсақалдар кеңесінің мүшелері, этномәдени бірлестік жетекшілері, жастар және ауыл тұрғындары қатысты.
Кездесу ел ішіндегі ынтымақ пен татулықты нығайтуға, қоғамдық келісімді сақтау мен дамытуға бағытталған өзекті мәселелерді талқылауға арналды. Ашық диалог форматында өткен жиында қатысушылар қоғамдағы бірлік пен тұрақтылықты сақтау – мемлекет дамуының басты тірегі екеніне ерекше тоқталды.
Жиын барысында облыс әкімдігінің ақпарат және қоғамдық даму басқармасы басшысының орынбасары Қуаныш Мамашев, «Қоғамдық келісім» мекемесінің басшысы Мубарак Жинақбаева және облыстық Ақсақалдар кеңесінің төрағасы Асқарбек Сейілхан мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттары, ел бірлігін нығайту, қоғамдық келісім мәдениетін қалыптастыру және этносаралық татулықты сақтау мәселелері жөнінде жан-жақты баяндама жасады.
Сөз алған спикерлер қоғамдағы тұрақтылық пен келісім – кез келген мемлекеттің дамуы үшін ең маңызды факторлардың бірі екенін атап өтті. Сондай-ақ олар жастардың тәрбиесі, азаматтық жауапкершілік және қоғамдық белсенділіктің артуы ел болашағына тікелей әсер ететінін жеткізді.
Жиын барысында аудан прокуратурасы мен полиция бөлімінің өкілдері де құқықтық тәртіп, қоғамдық қауіпсіздік және заң талаптарын сақтау мәселелеріне тоқталды. Олар заңға бағыну мәдениетін қалыптастыру, құқықбұзушылықтың алдын алу және қоғамдық тәртіпті сақтау бағытындағы жұмыстар туралы ақпарат берді.
Кездесу барысында Жуалы ауданында «Елтану» жобасы аясында атқарылып жатқан жұмыстар кеңінен таныстырылды. Атап айтқанда, жоба бойынша 4 тараудан және 29 іс-шарадан тұратын кешенді жоспар бекітіліп, білім беру, мәдениет, спорт, дін және жастар саясаты бағыттарында жүйелі жұмыстар жүргізіліп жатқаны айтылды.
Бүгінде Жуалы ауданында 11 этнос өкілі татулық пен келісімде өмір сүріп келеді. Сонымен қатар ауданда 4 этномәдени бірлестік белсенді жұмыс атқарып, қоғамдық өмірге тұрақты түрде араласуда. Этнос өкілдері түрлі әлеуметтік және мәдени іс-шараларға қатысып, «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы мен қайырымдылық шараларына өз үлестерін қосып келеді.
Бұл бастамалар өңірдегі этносаралық келісімді нығайтуға, өзара түсіністік пен сыйластықты арттыруға ықпал етуде. Сонымен қатар мұндай іс-шаралар қоғамдағы бірлік пен тұрақтылықты сақтауға бағытталған маңызды тетік ретінде бағаланып отыр.
Жиын соңында қатысушылар пікір алмасып, ел бірлігін нығайту, жастар тәрбиесі, ұлттық құндылықтарды дәріптеу және қоғамдық келісімді күшейту бағытындағы өз ұсыныстарын ортаға салды. Ашық диалог барысында айтылған ойлар алдағы жұмыстарды жетілдіруге негіз болатыны атап өтілді.
Қорытынды сөзінде ұйымдастырушылар туған елге деген құрмет пен жауапкершілікті арттыру әрбір азаматтың басты міндеті екенін атап өтті. Сондай-ақ ел ішіндегі татулық пен бірлікті сақтау – қоғам дамуының берік негізі екені тағы бір мәрте айқындалды.