Жамбыл облысында жүзеге асырылып жатқан «Елтану» ағартушылық жобасы аясында Жуалы ауданында этносаралық келісім мен қоғамдық тұрақтылықты нығайтуға бағытталған мазмұнды кездесулер өтті.
Жоба шеңберіндегі іс-шараларға облыстық ақпараттық-түсіндіру тобының мүшелері мен аудандағы топ өкілдері бірлесіп тұрғындармен ашық форматта пікір алмасты. Бүгінде Жуалы ауданында «Елтану» жобасын іске асыру мақсатында арнайы іс-шаралар жоспары бекітіліп, жүйелі жұмыстар атқарылуда.
Кездесулер «Жуалы су» коммуналдық мекемесінде, Бауыржан Момышұлы, Көлбастау, Шақпақата, Қоңыртөбе ауылдарында ұйымдастырылды. Басқосуларға жастар, этномәдени бірлестіктердің өкілдері, ақсақалдар, аналар кеңесінің мүшелері мен ауыл тұрғындары қатысты.
Іс-шараларға Жамбыл облысы ақпарат және қоғамдық даму басқармасы басшысының орынбасары Қуаныш Мамашев, облыстық Ақсақалдар кеңесінің төрағасы Асқарбек Сейілхан, «Қоғамдық келісім» КММ басшысы Мубарак Жинақбаева, аудандық Ақсақалдар кеңесінің төрағасы, медиатор Сейітхан Жұмашев қатысып, қоғамдағы өзекті мәселелер жөнінде ой бөлісті. Кездесулерге аудан әкімінің орынбасары Анар Ахметова модераторлық етті.
Жиын барысында тұрғындарға «Елтану» жобасының негізгі бағыттары – «Адал азамат», «Заң мен тәртіп» және «Таза Қазақстан» бастамаларының маңызы жан-жақты түсіндірілді. Сонымен қатар, аудандық прокуратура мен полиция бөлімінің өкілдері құқықтық мәдениетті қалыптастыру, құқықбұзушылықтың алдын алу мәселелеріне тоқталып, «Заң мен тәртіп» жобасы аясында түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Бұдан өзге Конституциялық реформалардың маңызы, қоғамдық келісім мен ел бірлігін сақтау мәселелері кеңінен талқыланды. Жиында жастар тәрбиесі, патриоттық сана қалыптастыру, қоғамдық қарым-қатынас мәдениетін арттыру бағытындағы өзекті ойлар ортаға салынды.
Басқосуларда Жуалы аудандық полиция бөлімінің бастығының орынбасары Ернар Исмаилов пен аудан прокуратурасының аға прокуроры Дана Нұржігітқызы арнайы баяндама жасап, қоғамдық тәртіпті сақтау – баршаға ортақ міндет екенін жеткізді.
Облыстық ақпараттық-түсіндіру тобы Ақсақалдар және Аналар кеңесіне «Ішімдіксіз ауыл» жобасын жандандыру, ата-аналармен профилактикалық жұмыстарды күшейту жөнінде нақты ұсыныстар берді. Аудан бойынша 54 елді мекеннің тек үшеуі ғана аталған жобаға қосылғаны айтылып, бұл бағыттағы жұмыстарды жандандыру қажеттігі көтерілді.
Сонымен қатар «Таза Қазақстан» экологиялық акциясын әр отбасы деңгейінде насихаттаудың маңыздылығы да ерекше айтылды. Ауданда биыл тазалық талаптарын сақтамауға байланысты 450 құқықбұзушылық тіркелгені назарға алынып, қоғамдық мәдениет пен жауапкершілікті арттырудың маңызы сөз болды.
Жалпы, тағылымды кездесулердің негізгі мақсаты – қоғамдық тұрақтылықты сақтау, этносаралық татулықты нығайту, азаматтық жауапкершілік пен құқықтық мәдениетті қалыптастыру.