Жамбыл облысында онкологиялық аурулардың алдын алу, ерте анықтау және емдеу бағытындағы медициналық көмек жүйесі кезең-кезеңімен дамып, материалдық-техникалық базасы нығайтылуда. Бұл бағыттағы жұмыстар тұрғындардың денсаулығын сақтау және қатерлі ісіктерді ерте сатысында анықтау мақсатында жүйелі түрде жүргізілуде.
Қазіргі таңда облыста онкологиялық көмекті 21 бастапқы медициналық-санитариялық көмек ұйымындағы онкологиялық кабинеттер көрсетеді. Бұл кабинеттерде 17 негізгі және 6 қосымша бейінді маман қызмет атқарады. Сонымен қатар, өңірде 22 маммолог кабинеті жұмыс істеп, әйелдер денсаулығын қорғауға бағытталған профилактикалық тексерулерді жүзеге асыруда.
Ерте диагностикалау жұмыстарын күшейту мақсатында облыс көлемінде 166 қарап-тексеру кабинеті халыққа қызмет көрсетуде. Оның ішінде 137 кабинет әйелдерге, 29 кабинет ерлерге арналған. Бұл кабинеттерде тұрғындар жоспарлы тексеруден өтіп, ауруларды ерте кезеңде анықтауға мүмкіндік алуда.
Облыста диагностикалық мүмкіндіктер де кеңейтілген. Қазіргі таңда 25 маммографиялық құрылғы жұмыс істейді. Олардың бір бөлігі Тараз қаласында орналасса, қалғаны аудандық медициналық ұйымдарда қолжетімді. Ауылдық жерлердегі тұрғындарды қамту мақсатында Мойынқұм ауданында жылжымалы маммографиялық кешен қызмет көрсетуде.
Соңғы жылдары онкологиялық ауруларды анықтауда цифрлық технологиялар мен жасанды интеллект элементтерін қолдануға ерекше назар аударылуда. 2025 жылы енгізілген жасанды интеллект жүйесі арқылы 10 мыңнан астам тексеру жүргізіліп, нәтижесінде 61 қатерлі ісік дерегі анықталған. Ал 2026 жылдың басынан бері 9 мыңнан астам тексеру нәтижесінде 23 онкологиялық жағдай тіркелген.
Мамандардың айтуынша, мұндай технологиялар ауруды ерте сатысында анықтауға мүмкіндік беріп, ем тиімділігін арттыруға ықпал етеді. Сондықтан скринингтік тексерулерді кеңейту және заманауи диагностикалық әдістерді енгізу жұмыстары жалғасуда.
Емдік-диагностикалық көмек көрсету үшін облыста 255 төсек-орын қарастырылған. Бұл көрсеткіш онкологиялық науқастарға стационарлық ем жүргізу мүмкіндігін кеңейтіп отыр.
Жамбыл облыстық көпбейінді онкология және хирургия орталығы заманауи медициналық құрал-жабдықтармен толық қамтамасыз етілген. Орталықта сызықтық үдеткіш, магниттік-резонанстық томография (МРТ), компьютерлік томография (КТ), сандық маммограф және басқа да жоғары технологиялық құрылғылар жұмыс істейді. Бұл жабдықтар онкологиялық ауруларды дәл диагностикалау мен тиімді ем жүргізуге мүмкіндік береді.
2026 жылдың алғашқы төрт айында орталыққа 14 мыңнан астам науқас қаралуға келген. Олардың едәуір бөлігін ауыл тұрғындары құрайды, бұл медициналық қызметтің өңір бойынша қолжетімділігінің артып келе жатқанын көрсетеді.
Жалпы алғанда, Жамбыл облысында онкологиялық көмекті дамыту жұмыстары жүйелі түрде жүргізіліп, ерте диагностика, заманауи емдеу әдістері және медициналық инфрақұрылымды жаңарту бағыттары бірізділікпен жүзеге асырылуда.