Құрғақ шөптің жануын қадағалау маңызды

0 75

Сарысу ауданында Төтенше жағдайлар бөлімінің қызметкерлері Орман шаруашылығы мекемесінің мамандарымен бірлесіп, шаруашылық қожалықтарының тау бөктеріндегі аумақтарында құрғақ шөптің жануының алдын алу мақсатында рейдтік іс-шара ұйымдастырды. Бұл шараның негізгі мақсаты – өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету, табиғи аумақтарда өрттің шығу қаупін азайту және тұрғындар арасында сақтық шараларын күшейту.

Рейд барысында мамандар жергілікті тұрғындар мен шаруашылық иелеріне өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтау, ашық отты пайдалану кезінде мұқият болу, құрғақ шөпті өртеуге қатаң тыйым салынатыны жөнінде кеңінен түсіндірме жұмыстарын жүргізді. Әсіресе жаз мезгілінде ауа райының ыстық әрі құрғақ болуына байланысты өрттің тез таралу қаупі жоғары екені ескертіліп, әрбір азаматтың жеке жауапкершілігі маңызды екені атап өтілді.

Сонымен қатар рейд барысында өрттің алдын алу шаралары бойынша арнайы жадынамалар таратылып, тұрғындарға қауіпсіздік ережелері егжей-тегжейлі түсіндірілді. Мамандар әрбір үй иесі мен шаруа қожалығы иелеріне өрттің алдын алу – ортақ міндет екенін ескертіп, сақтық шараларын қатаң ұстануға шақырды.

Зерделеу жұмыстары нәтижесінде өрт қауіпсіздігі талаптарының бұзылған бір дерегі анықталды. Осыған байланысты бір жеке тұлғаға Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 589-бабы бойынша әкімшілік хаттама толтырылды.

Жалпы алғанда, мұндай рейдтік іс-шаралар табиғи өрттердің алдын алуға, тұрғындардың қауіпсіздік мәдениетін арттыруға және қоршаған ортаны қорғауға бағытталған маңызды профилактикалық жұмыстардың бірі болып табылады.

Пікір қалдырыңыз

Your email address will not be published.