Сарысу ауданында Жамбыл облысы әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту басқармасының бастамасымен «Тіл – достықтың дәнекері» атты тіл фестивалі ұйымдастырылды. Тағылымы терең бұл іс-шараның негізгі мақсаты – қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретіндегі мәртебесін нығайту, оның қоғамдағы қолданылу аясын кеңейту, сондай-ақ көпэтносты еліміздегі тілдік бірлікті күшейту және өзара түсіністік пен татулықты дәріптеу болып табылады.
Фестиваль аудандық мәдениет үйінде өтті. Оған аудан тұрғындары, тіл жанашырлары, этнос өкілдері, жастар мен өнерпаздар белсене қатысты. Шара барысында қазақ тілін құрметтеу мен дамытуға бағытталған түрлі көрмелер мен танымдық бұрыштар ұйымдастырылып, келушілерге мазмұнды әрі тәрбиелік мәні зор ақпараттар ұсынылды. Атап айтқанда, «Тілім – менің тірегім, соғып тұрған жүрегім» атты кітап көрмесі көпшілік назарына ұсынылып, онда тіл тақырыбына арналған құнды еңбектер мен әдебиеттер қойылды. Сонымен қатар этномәдени бірлестіктердің көрмелері де келушілердің ерекше қызығушылығын тудырды.
Мерекелік іс-шараның шымылдығы ұлы күйші Құрманғазының «Балбырауын» күйімен түріліп, ұлттық өнердің асқақ рухы мен терең мазмұны көрініс тапты. Бұл сәт көрермендерге ерекше әсер сыйлап, ұлттық мәдениетке деген құрметті арттыра түсті. Шара барысында аудан әкімі сөз сөйлеп, қатысушыларды құттықтап, өңірде мемлекеттік тіл саясатын дамытуға үлес қосып жүрген тіл жанашырлары мен белсенді жастарға арнайы марапаттар табыстады.
Фестиваль бағдарламасы мазмұнды мәдени-рухани қойылымдармен жалғасты. «Қазақ елі осындай» атты композициялық қойылым, «Тіл болмаса ұлт та болмайды» атты театрландырылған көрініс, көптілді өлең шумақтары, бүлдіршіндердің «Киіз басу» биі және өнер ұжымдарының әсем әндері көрермендердің ыстық ықыласына бөленді. Әрбір қойылым тілдің ұлт өміріндегі айрықша маңызын айқындап, оның рухани құндылық екенін терең сезіндіруге ықпал етті.
Сонымен қатар іс-шара барысында қазақ тілінің қоғамдағы рөлі, мемлекеттік тілдің мәртебесі және оның ұлт бірлігін нығайтудағы маңызы кеңінен насихатталды. Әсіресе этнос өкілдерінің қазақ тілінде еркін өнер көрсетуі фестивальдің ерекше тұстарының бірі болып, көпұлтты қоғамдағы өзара сыйластық пен бірліктің жарқын үлгісін көрсетті.
Тағылымы мол, тәрбиелік мәні жоғары бұл фестивальдің соңында қатысушылар тілдің – татулықтың тірегі, достықтың дәнекері және ел бірлігінің берік негізі екендігін тағы бір мәрте айқын сезінді. Мұндай іс-шаралар алдағы уақытта да жалғасын тауып, мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеруге және қоғамдық келісімді нығайтуға өз үлесін қоса бермек.