Әке көрген оқ жонар

0 72

Әкенің қоғамдағы орны әрқашан ерекше. Ол отбасының тірегі, шаңырақтың берік қазығы, ұрпақ тәрбиесінің басты үлгісі саналады. Әке тәрбиесі – баланың мінез-құлқының қалыптасуына, өмірге деген көзқарасының дұрыс бағыт алуына тікелей әсер ететін маңызды фактор. Сондықтан да әкеге деген құрмет пен ілтипат қай заманда да биік деңгейде бағаланған. Маусым айының үшінші жексенбісінде аталып өтетін Әкелер күні мерекесі де осы қадірлі жандарға деген құрметті арттырып, отбасындағы әкенің рөлін айшықтай түседі.

Осы мерекеге орай Сарысу ауданындағы Жаңатас көпсалалы колледжінде «Бала тәрбиесіндегі әкенің орны» атты аудандық әкелер форумы ұйымдастырылды. Тағылымы мол іс-шара жас өнерпаздардың әке бейнесін сомдаған әсерлі көрінісімен ашылып, көрермендерге ерекше әсер сыйлады. Бұл қойылым әкенің отбасы мен қоғамдағы жауапкершілігін көркем түрде бейнелеп, форумның мазмұнын аша түсті.

Форумға қатысқан аудан әкімінің орынбасары Жұмат Сақыпбеков құттықтау сөз сөйлеп, әкенің қоғамдағы орны мен отбасы тәрбиесіндегі рөліне кеңінен тоқталды. Ол әке өнегесінің ұрпақ тәрбиесіндегі маңызын атап өтіп, мұндай бастамалардың жас буынға берер тәрбиелік мәні зор екенін жеткізді.

Сонымен қатар форум барысында бірқатар спикерлер сөз алып, өз ойларымен бөлісті. Аудандық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Диханбай Ақділда, аудандық Әкелер кеңесінің төрағасы Марқаш Мизенбаев және аудан әкімі аппаратының баспасөз хатшысы Самат Тоқбанов әке институтының қоғамдағы орны, отбасылық құндылықтарды сақтау және жас ұрпақты тәрбиелеудегі жауапкершілік жөнінде мазмұнды баяндамалар жасады. Олар әке өнегесінің ұрпақ тәрбиесіндегі маңызын жан-жақты талқылап, қатысушылармен ой бөлісті.

Форум аясында көтерілген өзекті мәселелер отбасы құндылықтарын нығайтуға, әке мен бала арасындағы байланысты күшейтуге және ұлттық тәрбиені дамытуға бағытталды. Шараға қатысушылар әкелер институтын қолдаудың қоғам үшін аса маңызды екенін атап өтті.

Тағылымды жиын концерттік бағдарламаға ұласып, аудандық мәдениет үйінің әншілері әкелерге арналған жүрек тебірентерлік әндер орындады. Музыкалық шығармалар көрермендерге ерекше әсер сыйлап, кештің мазмұнын толықтыра түсті.

Жалпы алғанда, «Әке көрген оқ жонар» атты бұл форум әке мен бала арасындағы рухани байланысты нығайтып, отбасылық құндылықтарды дәріптеуге бағытталған маңызды іс-шара ретінде жоғары деңгейде өтті.

Пікір қалдырыңыз

Your email address will not be published.