Мойынқұм ауданы Хантау ауылында Таза сумен жабдықтау және су тарату құрылысының салтанатты ашылу рәсімі өтті.
Шараға Мойынқұм ауданы әкімінің уақытша міндетін атқарушы Әлібек Нұрадинов, ауыл ақсақалдары, ардагерлер және тұрғындар қатысты.
Жобаның жалпы құны 533,0 миллион теңгені құрады.
Аталған нысан 900-ге жуық тұрғыны бар Хантау ауылын сапалы ауыз сумен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Салтанатты жиында құттықтау сөздер айтылып, ауыл ақсақалы Болат Қуанышбаев ақ батасын берді. Рәсім барысында нысанның лентасы қиылып, арнайы тетік іске қосылып, су жүйесі ресми түрде пайдалануға берілді.
Бұл жоба ауыл тұрғындарының тұрмыс сапасын жақсартуға бағытталған маңызды әлеуметтік нысандардың бірі болып табылады. Таза су әр шаңыраққа құт-береке мен молшылық әкелсін!