Қала тазалығы мен инфрақұрылым – басты назарда

0 53

Талас ауданы әкімі Нұрбол Жүнісбеков Қаратау қаласының тұрғындарымен кездесіп, аудан көлемінде атқарылып жатқан жұмыстар мен алдағы жоспарлар туралы баяндады. Еркін форматта ұйымдастырылған жиын Қаратау қаласының Орталық саябағында өтті. Кездесуге аудан әкімдігі бөлімдерінің басшылары, мекеме жетекшілері, ардагерлер, қоғамдық кеңес мүшелері және қала тұрғындары қатысты.

Жиында алғаш болып сөз сөйлеген Қаратау қаласының әкімі Дархан Байымбетов 2026 жылы қалада жүзеге асырылған инфрақұрылымдық жобаларға тоқталды. Оның айтуынша, қала көшелеріне орташа және күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, ішкі автомобиль жолдарының сапасы жақсартылған. Сонымен қатар жаяу жүргіншілер жолдары жаңартылып, көшелер мен қоғамдық орындарды жарықтандыру жұмыстары кезең-кезеңімен жүзеге асырылған. Инженерлік желілерді жаңғырту, көпқабатты тұрғын үйлердің аулаларын абаттандыру және қоғамдық кеңістіктерді көркейту бағытындағы жұмыстар да өз жалғасын тауып жатқанын атап өтті.

Кездесу барысында аудан әкімі Нұрбол Жүнісбеков ауданның әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштеріне тоқталып, жүзеге асырылып жатқан инвестициялық жобалар туралы кеңінен баяндады. Сондай-ақ алдағы кезеңде іске асырылатын маңызды бастамалармен бөлісті. Аудан басшысы Үшарал ауылының маңында су үнемдеу технологияларын пайдалана отырып, тамшылатып суару жүйесін енгізетін Швейцарияның «Harvest Group SA» холдингі құрамындағы «Харвест Агро Холдинг» ірі агроөнеркәсіптік жобасы жүзеге асырылатынын айтып, бұл жоба жаңа жұмыс орындарын ашуға және ауыл шаруашылығы саласының дамуына оң ықпал ететінін жеткізді.

Кездесу барысында тұрғындар қала тазалығы, тұрмыстық қатты қалдықтарды шығару, қоқыс алаңдарының жай-күйі және қоғамдық орындардағы санитарлық жағдайға қатысты өз ұсыныстары мен пікірлерін білдірді. Сонымен қатар демалыс орындары мен халық көп жиналатын қоғамдық орындарда әжетханалардың жетіспеушілігі мәселесі де көтерілді.

Қаратау қаласының әкімі Дархан Байымбетов көтерілген мәселелерге жауап бере отырып, қаланың тазалығы тек коммуналдық қызметтердің ғана емес, әрбір тұрғынның азаматтық жауапкершілігіне де байланысты екенін атап өтті. Оның айтуынша, кейбір тұрғындар тұрмыстық қалдықтарды арнайы қоқыс жәшіктеріне емес, айналаға тастап, ортақ мүлікке ұқыпсыздық танытуда. Осыған байланысты қазіргі таңда қала көшелеріне қосымша бейнебақылау камералары орнатылып жатқанын, алдағы уақытта қоғамдық тәртіпті бұзған азаматтарға заң талаптарына сәйкес әкімшілік шаралар қолданылатынын жеткізді.

Өз кезегінде аудан әкімі Нұрбол Жүнісбеков қайта жаңғыртылған саябақтардағы орындықтар, балалар ойын алаңдарындағы әткеншектер мен өзге де қоғамдық мүліктердің бүліну фактілері кездесіп отырғанын айтып, мұндай заңбұзушылықтарға жол берген азаматтар бейнебақылау камералары арқылы анықталып, жауапкершілікке тартылатынын ескертті. Сондай-ақ тұрғындарды қоғамдық мүлікке жанашырлықпен қарап, қала тазалығын сақтауға және ортақ игілікті күтіп ұстауға шақырды.

Жиын барысында аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жұмабек Әсемов, қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Арыстан Байходжаев және Талас ауданының Құрметті азаматы Базылхан Тоқтыбаев сөз сөйлеп, соңғы жылдары аудан мен Қаратау қаласында көптеген оң өзгерістер жүзеге асқанын атап өтті. Олар халық игілігіне беріліп жатқан саябақтар, демалыс орындары, балалар ойын алаңдары мен жаңартылған көшелердің тазалығы мен сақталуына тұрғындардың да жауапкершілікпен қарауы қажет екенін айтты.

Кездесу соңында тұрғындар өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, ұсыныстарын жеткізді. Аудан басшысы көтерілген мәселелердің барлығы назарға алынатынын айтып, жауапты бөлім басшыларына нақты тапсырмалар берді. Мұндай ашық форматтағы кездесулер халық пен билік арасындағы өзара байланысты нығайтып, тұрғындардың ұсыныс-пікірлерін ескеруге және өзекті мәселелерді бірлесіп шешуге мүмкіндік беретіні атап өтілді.

Пікір қалдырыңыз

Your email address will not be published.