Сарысу ауданында орта азиядағы ең ірі жоба іске қосылмақ

0 5

Сарысу ауданында жаңартылатын энергия көздерін дамыту бағытындағы ауқымды инвестициялық жобаға бастау берілді. Бүгін аудан аумағында қуаттылығы 1 ГВт болатын жел электр станциясының құрылысына арналған капсула салу рәсімі өтті. Бұл жоба жаңартылатын энергия көздері саласындағы әлемдік көшбасшылардың бірі саналатын Masdar компаниясымен бірлесіп жүзеге асырылмақ. Аталған бастама өңірдің энергетикалық әлеуетін арттырумен қатар, Қазақстанның «жасыл» экономикаға көшу жолындағы маңызды қадамдарының бірі саналады.

Капсула салу рәсімі Астана қаласында өткен телемост форматындағы салтанатты жиынмен қатар ұйымдастырылды. Іс-шараға Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев қатысып, жобаның ел экономикасы үшін маңызына тоқталды. Сондай-ақ «Самұрық-Қазына» АҚ басқарма төрағасы Нұрлан Жақыпов, Энергетика вице-министрі Сұңғат Есімханов және Masdar компаниясының басқарма төрағасы Мұхаммед Әл-Рамахи құттықтау сөз сөйлеп, жобаның Қазақстан мен Біріккен Араб Әмірліктері арасындағы стратегиялық әріптестікті одан әрі нығайтатынын атап өтті.

Жоба жүзеге асырылатын құрылыс алаңынан телемостқа «Самұрық-Энерго» АҚ басқарма төрағасы Қайрат Мақсұтов қосылды. Сонымен қатар салтанатты шараға Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Әбілқайыр Тамабек, Сарысу ауданының әкімі Сәкен Мамытов, аудандық мәслихат депутаттары, сала мамандары мен жауапты тұлғалар қатысты.

Жоба аясында қуаттылығы 1 ГВт болатын заманауи жел электр станциясы және сыйымдылығы 600 МВт/сағат энергия жинақтау жүйесі салынады. Бұл еліміздегі ғана емес, Орта Азиядағы жаңартылатын энергия көздері саласындағы ең ірі жобалардың бірі болмақ. Жобаның жалпы құны 742 миллиард теңгені құрайды. Инвестициялық жобаны сүйемелдеу жұмыстары «KAZAKH INVEST» ұлттық компаниясы» АҚ-ның қолдауымен жүзеге асырылуда.

«Самұрық-Қазына» АҚ басқарма төрағасы Нұрлан Жақыпов өз сөзінде мұндай ауқымды жобаның іске асырылуы Қазақстанның энергетика саласын жаңа деңгейге көтеретінін атап өтті. Оның айтуынша, жоба елдің энергетикалық тұрақтылығын қамтамасыз етіп қана қоймай, инвестициялық тартымдылықты арттыруға, жаңа жұмыс орындарын ашуға және өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін береді.

Өз кезегінде Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев жаңартылатын энергия көздерін дамыту Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айқындаған стратегиялық басымдықтардың бірі екенін атап өтті. Оның айтуынша, мұндай жобалар еліміздің энергетикалық қауіпсіздігін нығайтып, қоршаған ортаға зиянды шығарындыларды азайтуға, озық технологияларды енгізуге және тұрақты экономикалық өсімді қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар облыс әкімі Біріккен Араб Әмірліктерінің басшылығына және Masdar компаниясына Жамбыл өңіріне сенім білдіріп, ірі инвестициялық жобаны жүзеге асыруға ниет танытқаны үшін алғыс айтты.

Жел электр станциясын 2029 жылдың үшінші тоқсанында пайдалануға беру жоспарланып отыр. Жоба толық іске қосылғаннан кейін өндірілетін электр энергиясы еліміздің оңтүстік өңірлерін тұрақты энергиямен қамтамасыз етуге елеулі үлес қосады. Сонымен қатар энергия жинақтау жүйесі өндірілген электр қуатын тиімді пайдалануға және электр желілерінің тұрақтылығын арттыруға мүмкіндік береді.

Бүгінде Жамбыл облысы жаңартылатын энергия көздерін дамыту бойынша еліміздегі жетекші өңірлердің бірі саналады. Қазіргі уақытта облыс аумағында жалпы қуаты 571,3 МВт болатын жаңартылатын энергия көздерінің 22 нысаны жұмыс істейді. Жоспарланған жобалар толық жүзеге асқаннан кейін бұл көрсеткіш 24 нысанға дейін артып, олардың жалпы қуаты 2,5 ГВт-қа жетеді. Нәтижесінде облыстың энергетикалық әлеуеті айтарлықтай күшейіп, еліміздің электр энергиясы өндірісіндегі «жасыл» энергияның үлесі арта түседі.

Аталған жоба Сарысу ауданы үшін де ерекше маңызға ие. Ірі инвестициялық бастама жаңа жұмыс орындарының ашылуына, инфрақұрылымның дамуына, жергілікті экономиканың нығаюына және ауданның инвестициялық тартымдылығының артуына оң ықпал етпек. Сонымен қатар бұл бастама өңірдің жаңартылатын энергия көздерін дамытудағы әлеуетін арттырып, Қазақстанның экологиялық таза әрі тұрақты энергетика жүйесін қалыптастырудағы маңызды жобалардың біріне айналады.

Пікір қалдырыңыз

Your email address will not be published.