Сарысу ауданында шетелдік жұмыс күшін тартатын кәсіпорындарда профилактикалық түсіндіру жұмыстары жүргізілді

0 34

Сарысу ауданында шетелдік жұмыс күшін тартатын кәсіпорындарда көші-қон заңнамасының талаптарының сақталуын қамтамасыз ету, қоғамдық тәртіпті нығайту және әлеуметтік тұрақтылықты сақтау мақсатында профилактикалық түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Аталған іс-шара 2025 жылғы 8 қаңтардағы облыс әкімінің №1-ө өкіміне сәйкес ұйымдастырылып, оның аясында облыстық жұмыс тобы ауданға арнайы жұмыс сапарымен келді.

Жұмыс тобының құрамына Жамбыл облысы әкімдігінің жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасына қарасты «Еңбек мобильдігі орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің мамандары, Жамбыл облысы Полиция департаментінің көші-қон қызметінің өкілдері және Жамбыл облысы әкімдігінің ақпарат және қоғамдық даму басқармасының жауапты қызметкерлері енді. Жұмыс сапары барысында мамандар кәсіпорындардағы еңбек қатынастарының жай-күйімен танысып, шетелдік жұмыс күшін тарту барысында қолданыстағы заңнама талаптарының орындалуына назар аударды.

Іс-шара аясында Сарысу ауданында орналасқан, шетел азаматтары еңбек ететін «ЕвроХим-Қаратау» ЖШС мен «ЕвроХим Тыңайтқыштар» ЖШС кәсіпорындарында арнайы кездесулер ұйымдастырылды. Кездесулерге кәсіпорын басшылығы, шетелдік мамандар және жауапты қызметкерлер қатысып, көші-қон заңнамасының талаптары, еңбек тәртібі және Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасын сақтау мәселелері бойынша кең көлемде түсіндіру жұмыстары жүргізілді.

Кездесудің негізгі мақсаты – аудандағы этносаралық келісім мен қоғамдық тұрақтылықты сақтау, әлеуметтік шиеленістердің алдын алу, түрлі ұлт өкілдері арасындағы өзара сыйластықты нығайту және барлық азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерінің қорғалуын қамтамасыз ету болды. Сонымен қатар еңбек ұжымдарында қолайлы әлеуметтік-психологиялық ахуалды қалыптастыру, құқық бұзушылықтардың алдын алу және қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелеріне ерекше назар аударылды.

Кездесуге кәсіпорын тарапынан «ЕвроХим-Қаратау» ЖШС-нің жауапты басшылары, «Tianchen Eurochem» компаниясының әкімшілік менеджері және өзге де жауапты қызметкерлер қатысты. Басқосу барысында жұмыс берушілердің шетелдік жұмыс күшін тарту кезіндегі міндеттері, еңбек қатынастарын заң талаптарына сәйкес ұйымдастыру және жұмысшылардың құқықтарын сақтау мәселелері жан-жақты талқыланды.

Жұмыс барысында көші-қон заңнамасының талаптарын сақтау, еңбек тәртібі, қоғамдық қауіпсіздік, өндірістік тәртіп, Қазақстан Республикасының заңдарын құрметтеу және этносаралық татулықты нығайту бағытында жан-жақты түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Қатысушыларға құқықтық нормалар бойынша нақты ақпарат беріліп, көші-қон рәсімдерін сақтау тәртібі түсіндірілді. Сонымен қатар кездесуге қатысушылар тарапынан қойылған сұрақтарға жауапты мамандар толыққанды жауап беріп, заң талаптарына қатысты қажетті түсіндірмелер ұсынды.

Осындай профилактикалық іс-шаралар еңбек ұжымдарындағы тұрақтылықты қамтамасыз етуге, құқықтық мәдениетті арттыруға және көші-қон заңнамасының сақталуын күшейтуге бағытталған маңызды жұмыстардың бірі болып табылады. Алдағы уақытта да бұл бағыттағы ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүйелі түрде жалғасатын болады.

Пікір қалдырыңыз

Your email address will not be published.