Сарысу ауданында жүзеге асырылып жатқан «Өз құқығыңды біл» республикалық акциясы аясында тұрғындарға құқықтық көмек көрсетуге бағытталған кезекті кеңес беру алаңы ұйымдастырылды. Аудандық прокуратураның бастамасымен өткен қабылдау аудандық халыққа қызмет көрсету орталығында өткізіліп, азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттыруға және заңгерлік көмек көрсетуге бағытталды.
Іс-шараға аудан әкімінің орынбасары Жанғозы Жаркенов, аудан прокуроры Елдос Әмірхан, аудандық құқық қорғау органдарының өкілдері, сондай-ақ жауапты мемлекеттік мекемелердің мамандары қатысты. Қабылдау барысында тұрғындардың өтініштері тыңдалып, олардың заң аясында шешілу жолдары кеңінен түсіндірілді.
Кездесу барысында азаматтар еңбек қатынастары, тұрғын үй, жер, әлеуметтік қамтамасыз ету, отбасы құқығы, алимент өндіру, мұрагерлік және өзге де құқықтық мәселелер бойынша өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, білікті мамандардан жан-жақты құқықтық кеңес алды. Әрбір тұрғынның өтініші жеке қаралып, қолданыстағы заңнама талаптарына сәйкес нақты түсіндірмелер мен қажетті құқықтық көмек көрсетілді.
Қабылдау барысында азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау, мемлекеттік органдардың ашықтығын қамтамасыз ету мәселелеріне де ерекше назар аударылды.