Сала мамандары марапатталды

0 70

Сарысу ауданында Ветеринариялық қызметкер күніне орай сала мамандарына құрмет көрсетіліп, олардың еңбегі жоғары бағаланды. Осыған орай аудан әкімдігінің мәжіліс залында аудан әкімінің орынбасары Нұрлан Молдабеков ветеринария саласының қызметкерлері мен ардагерлерін қабылдап, кәсіби мерекелерімен құттықтады.

Кездесу барысында Нұрлан Оңғарбекұлы ветеринария саласының мамандарының қоғамдағы маңызына тоқталып, олардың халық денсаулығын сақтау мен мал шаруашылығының тұрақты дамуын қамтамасыз етудегі еңбегі зор екенін атап өтті.

2024 жылдың 10 шілдесінен бастап бұл күн ресми түрде «Ветеринариялық қызметкер күні» ретінде аталып өтуде. Бұл – ветеринария саласында еңбек етіп жүрген барлық мамандарға көрсетілген үлкен құрмет пен олардың қоғам алдындағы еңбегіне берілген жоғары баға. Сіздер мал ауруларының алдын алып, эпизоотиялық тұрақтылықты қамтамасыз ету, халықтың денсаулығын қорғау және мал шаруашылығы өнімдерінің қауіпсіздігін сақтау жолында аянбай еңбек етіп келесіздер. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Қазақстан халқына арнаған Жолдауында ветеринария саласын дамытуға ерекше назар аударып, нақты міндеттер жүктеді. Бүгінде ауданымызда осы тапсырмалар аясында жүйелі жұмыстар атқарылып, сала қызметкерлерінің жалақысы кезең-кезеңімен өсіп, материалдық-техникалық базасы нығайтылып, жаңа техникалармен қамтамасыз етілуде, – деді ол.

Сонымен қатар аудан әкімінің орынбасары ветеринария саласының дамуы – ауыл шаруашылығының өркендеуінің негізгі кепілі екенін айтып, мамандарға жауапты қызметтерінде табыс, отбасыларына амандық пен бақ-береке тіледі.

Салтанатты жиын барысында ветеринария саласының дамуына ұзақ жылдар бойы сүбелі үлес қосқан бірқатар қызметкерлер мен сала ардагерлері «Ауданға сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісімен, аудан әкімінің Құрмет грамотасымен және Алғыс хаттарымен марапатталды. Марапат иелеріне көрсетілген құрмет олардың көп жылғы адал еңбегі мен кәсіби біліктілігінің лайықты бағасы болды.

Іс-шара соңында марапат иелері көрсетілген құрмет үшін ризашылықтарын білдіріп, ветеринария саласын дамыту жолында алдағы уақытта да аянбай еңбек ететіндіктерін жеткізді.

Пікір қалдырыңыз

Your email address will not be published.