Агросала алға басуда

0 49

Жуалылық дихандар соңғы жылдары картоп алқаптарын көбейтті. Биыл көктемгі дала жұмыстары кезінде өңір шаруалары барлығы – 2 600 гектар алқапқа картоп тұқымын сіңірсе, оның – 460 гектары ауданға қарасты Нұрлыкент ауылдық округіне тиесілі. Шаруашылықтың шырайын кіргізіп отырғандардың бірі-Түктібай ауылында орналасқан «Зылиха» шаруа қожалығы. Ұзақ жылғы еселі еңбек пен жүйелі жұмыстың нәтижесінде аталған қожалық бірер жыл бұрын «Тұқым шаруашылығы» статусына ие болды. Шаруашылық 2001 жылдан бастап картоп егумен және тұқым шаруашылығымен тұрақты айналысып келеді.
Жұмыс барысында кездескен қиындықтарды қажырлы еңбек арқылы күш біріктіріп оңай еңсерген шаруашылық биыл «екінші нан» алқабының көлемін 70 гектардан 80 гектарға дейін ұлғайтып отыр. Тұқым шаруашылығы болып танылған шаруашылық көп жылдық тынбай ізденудің нәтижесінде, картоптың голландиялық тұқымын жаңа технологияның негізімен егіп, басқа тұқымдарға қарағанда әлдеқайда мол өнім беретін бірнеше сортты аудандастыру арқылы осында жерсіндіруге барынша күш салып келеді. Әрине, көп жылғы ізденістің нәтижесіз болмайтыны анық. Тұқым шаруашылығы биыл екінші жыл қатарынан егістік алқапқа картоптың «Пикассо» аталатын элиталы, І репродукциялы тұқымын егіп, оны тиісті агротехникалық шараларды сақтау арқылы күтіп-баптау үстінде. Одан бөлек, биыл алғаш рет бес гектар алқапқа картоптың Шотландиялық супер элита сорты егілген.
«Зылиха» шаруа қожалығы «Тұқым шаруашылығы» статусына ие болып, аудан шаруаларына сапалы картоп тұқымын таратушы оператор ретінде өнімді жұмыс атқаруда. Тұқым шаруашылығының бұл саладағы тәжірибесі жеткілікті. Құрылған күннен бастап алқапқа тек қана сапалы тұқым егуді дәстүрге айналдырған шаруашылықта алға ілгерілеу анық байқалады. Оны жыл санап артып келе жатқан картоп тұқымының сапасынан болсын, ауыл шаруашылығына арналған техника күшінен немесе өндіріске жаңа технологияларды енгізу ісінен байқау қиын емес. Шаруашылық біраз жыл бұрын 2 мың тоннаға дейін дайын өнім (картоп) сақтайтын екі бірдей заманауи қойманы жабдықтап, іске қосты. Осының арқасында жыл он екі ай бойы өнімді сапалы әрі ұзақ сақтауға мүмкіндік туып отыр.
Биыл Алатаудың етегіндегі «Көксай» каналынан егістік алқаптарға ағынсудың түсуі қалыпты деңгейде екенін айтады шаруашылық мамандары. Әлбетте, таудан келетін ағынсудың мол болуы төменде орналасқан – Ақтөбе, Қызыларық ауылдық округтері және Нұрлыкент ауылдық округіне қарасты Түктібай ауылының шаруаларына егістіктен мол өнім алуға үлкен көмек екені анық. Айтса айтқандай, теміржолдың үстіңгі бөлігінде (Алатау ауылына барар автожолдың бойында) қаз-қатар орналасқан егістік алқаптарға жылдағыдай ақ егіс пен малдың азығына көпжылдық шөп және картоп егілген. Қазір осы аймақтағы шаруалар картоп алқаптарын суғару үстінде.
Әсіресе, картопты молынан егіп, күтіп-баптайтын түктібайлық «Зылиха» шаруа қожалығының егістік алқаптарында жұмыс қызу. Бұл берекелі аймақта шаруашылықтың 50 гектардан астам картоп алқабы орналасқан. Осыншама алқапты күтіп-баптап, дақылға уақтылы су беру, суғару маусымын қалыпты жағдайда өткізуге толық мүмкіндік бар. Биыл өңірге жауын-шашынның мол түсуіне байланысты каналдан түсіп жатқан ағынсудың көлемі де жылдағыдан қарағанда мол. Осыған байланысты жазғы суғару маусымында мұндағы шаруалар да судан қысылып жатқан жоқ. Темір-бетоннан салынған каналдың арнасынан секундына – 1 800 литр су түсіп жатыр.
Өткен аптаның жұма күні шаруаның жайын баққан азаматтардың жұмысымен танысуға теміржолдың маңындағы «Қазбастау» разъезінің жоғары жағында орналасқан егістік алқаптарына арнайы бардық. «Көксай» каналынан түсетін ағынсуды бөліп таратуға арналған айрықтың басында «ҚазСуШар» РМК-ның Жамбыл филиалына қарасты «Ақсай» өндірістік бөлімшесінің су реттеуші мамандарына жолықтық. Өндірістік бөлімшеге қарасты «Көксай» каналы торабының басшысы Нұрлан Лесов және су реттеуші маман Мұрат Қасымбеков биыл каналдан түсіп жатқан ағынсу мөлшерінің жылдағыдан мол екенін айтады.
– Бұл аймақта негізінен Түктібай ауылындағы шаруалардың егістік алқаптары орналасқан. Мұнда 6 шаруашылық каналдан су алады. Олар картоп өсірумен айналысатын – «Зылиха», «Мәди», «Қосбастау», «Арай», «Атамұра», «Жүзбай» және «Маржан-1» шаруа қожалықтары. Ағынсудан ешқандай проблема жоқ. Су беруші мекемемен алдын ала жасалған келісім-шартқа сәйкес, шаруаларға ағынсу уақтылы беріліп жатыр. Осыған сай жазғы суғару маусымы да қалыпты жағдайда өтуде,- дейді су торабының басшысы Нұрлан Асанұлы.
Су – тіршіліктің көзі. «Сулы жер – нулы жер» деген сөз осындайда айтылса керек. «Көксай» каналынан тұрақты түрде су алатын жергілікті шаруалардың өтінішіне сәйкес, осындағы 3,5 шақырымды құрайтын жерүсті каналына темір-бетоннан жасалған лоток науалар қойылады деп күтілуде. Бұл – алдағы уақыттың еншісіндегі жұмыс. Аталған жұмыстар сәтімен жүзеге асырылса, судың жерге сіңуі азайып, шығынның алдын алуға айтарлықтай сеп болары анық…
Ендігі кезекте, «Зылиха» шаруа қожалығындағы жазғы суғару маусымының барысына қайта оралсақ, дәстүрлі картоп өндірісімен айналысатын бұл шаруашылықта сушылардың бірнеше буыны қызмет атқарған. Олардың ең тәжірибелісі бүгінде ұзақ жылғы бейнетінің зейнетін көріп отырған, аға сушы – Үсіпбек Бегалиев. Одақ тұсында «Бурненский» совхозының 3-бөлімшесінде алдыңғы қатарлы сушы маман болып ұзақ жыл жемісті қызмет атқарған Үсіпбек Бегалиев аталған ұжымшар тарағаннан кейінгі жылдары ағайынды Бегалиевтер негізін қалаған «Зылиха» шаруа қожалығында ұзақ жыл сушы болып еңбек етіп, бірер жыл бұрын зейнет демалысына шықты. Аудандағы картоп өсіруші майталман аға сушылардан тәлім терген тәжірибелі сушы өз кезегінде осындағы сушылардың бірнеше буынын тәрбиелеп өсірді. Олардың қатарында Түктібай ауылының азаматтары – Әлімжан Досыбаев, Беккерім Сейітқасымов және өзінің үлкен ұлы Ерболат Бегалиев бар.
«Әке көрген оқ жонар» дейтін болсақ, бүгінде әкесі Үсіпбек Мамырұлының салған сара жолын үлкен ұлы Ерболат Үсіпбекұлы лайықты жалғастырып келеді. Ерболат та ауылдың ауыр еңбегіне ерте араласып, 2000 жылы әскерден ауылға оралған соң «Зылиха» шаруа қожалығына біржолата жұмысшы-механизатор болып орналасқанын айтады. Еңбекке бейім, шаршау дегенді білмейтін талапты азамат техниканың тілін терең меңгеріп, жастайынан трактордың рөліне отырған. Сөйтіп, шаруашылықтың науқандық жұмыстарының барлығына дерлік араласып, тіпті, астық жинау кезінде комбайн жүргізген кездері де болды. Бірақ, әкесінен дарыған сушылық кәсіптен қол үзіп кете алған жоқ. Қазір Ерболат Бегалиев өңірде картоп өсірумен айналысатын тұқым шаруашылығындағы алдыңғы қатарлы сушылардың бірі саналады. Одан бөлек, науқандық жұмыстардан тыс уақытында темірден түйін түйіп, темір дәнекерлейтін аппаратымен түрлі тұрмыстық бұйымдар жасайды. Бұл да еңбекті сүйген іскер азаматтың бір қыры болса керек…
Түктібай ауылындағы картоп өсіретін шаруалардың егістік алқабына барған сапарымызда сушы Ерболатпен сөйлесудің сәті түсіп, еңбекқор азаматпен алқаптың басындағы суғару жұмыстарын атқару кезінде жолығып, аз-кем әңгімелестік. Жұмысқа ынта-шынтасымен берілген мінезі біртоға шаруа азаматтың артық әңгіме мен арзан сөзге шорқақ екені бірден аңғарылды. Ортаншы ұлы Нұргелдіні жанынан ертіп алып, картоп алқабындағы қаз-қатар жүйектерге кезегімен су салып жүр.
– Ауылдың балалары сияқты мен де шаруа отбасында туып-өстім. Әкем Үсіпбек Мамырұлы бұрынғы «Бурненский» совхозының 3-бөлімшесінде алдыңғы қатарлы сушы болып ұзақ жыл абыройлы қызмет атқарды. Кейінгі егемендік жылдарындағы еңбек жолын қосқанда – 40 жылдан астам уақыт ауыл шаруашылығы саласында еңбек етті. Шаруашылықтағы осындай науқандық жұмыстар кезінде әкемнің жанында көп жүріп, жұмыс істеу әдісінен үйреніп, әкемнің жолын қуып, сушылық кәсібін жалғастыруға белді бекем будым. Сушы болып еңбек еткеніме биыл 15 жылдан асып барады.
Түсіне білген адамға диқаншылық кәсібі оңай жұмыс емес. Қайсыбір дақыл болсын, оны өз балаңдай мәпелеп күтіп-баптап, оған уақтылы күтім жасау қажет. Картоп дақылы да сол сияқты. Тұқым алқапқа егілген күннен, сабағы топырақтың бетіне қылтиып шыққаннан бастап оған күтім жасауың қажет. Атқарылатын агротехникалық іс-шаралар өз алдына, ал суғару маусымы кезінде алқаптағы дақылды уақтылы суғарып, күтім жасау қажет. Бұл – алқаптан мол өнім алудың бірден бір кепілі. Биыл көктемде біздің өңірде жауын-шашын мол түсті. Осыған байланысты суғару маусымын да сәл кештеу бастадық. Өйткені, топырақта ылғал мол. Картоп алқабына бірінші суды беріп, ендігі кезекте дақылды екінші рет суғарып жатырмыз. Шығымы жақсы, картоптың түп байлауы да жаман емес. Жазғы суғару маусымын сәтті өткеріп алсақ, биылғы жиын-терін кезінде өнім де ойдағыдай болады деген үмітіміз бар,- дейді шаруашылықтың сушы-маманы Ерболат Бегалиев.
Ауыл шаруашылығы саласының қай тармағын алып қарасаңыз да жұмыстың барлығы дерлік қуатты техниканың күшімен атқарылатыны белгілі. «Зылиха» шаруа қожалығындағы науқандық жұмыстарға 10-нан астам ауыл шаруашылығы техникасы тартылады. Оның ішінде, жерді аударудан бастап, тегістеу, арық салу, т.б. жұмыстарды атқаратын доңғалақты тракторлар бар. Жиын-терін кезінде картоп қазатын және дайын өнімді тиейтін тракторлар, 6 дана жүк көлігі (3 бірлік ЗИЛ, 3 бірлік ГАЗ-53 маркалы жүк көлігі) бар. Қуатты техникалардың көмегімен жұмысты уақтылы әрі сапалы атқаруға мүмкіндік мол.
Айта кету керек, науқандық жұмыстарды негізінен шаруашылықтың бас маманы, істің жайын жақсы білетін еңбекқор азаматтар – Данияр Байбатыров және Нұрлан Лесов үйлестірсе, тәжірибелі сушылар – Ерболат Бегалиев, Марат Бегалиев, Есбол Сатымбеков, Бекзат Әлімбаев, Бауыржан Мамыр және Шерхан Асан өнімді күтіп-баптау, суғару жұмыстарын бірлесіп атқарады.

Пікір қалдырыңыз

Your email address will not be published.