Жамбыл облысы бойынша балалардың құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл Бағжанов Дәурен Орайұлының қатысуымен балалардың құқықтарын қорғау және олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелеріне арналған кеңес отырысы өткізілді.
Кеңес барысында өңірде жүзеге асырылып жатқан «Қазақстан балалары» бағдарламасының орындалу барысы жан-жақты қаралды. Сонымен қатар кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссиялардың қызметінің тиімділігі, балалардың жазғы демалысы мен бос уақытын сапалы ұйымдастыру, жазғы кезеңдегі қауіпсіздік шараларын күшейту, патронаттық қызметтің жұмысы, тәуекел тобына жататын балалармен жүргізіліп жатқан әлеуметтік-профилактикалық жұмыстар талқыланды.
Сондай-ақ жасөспірімдер арасында құқық бұзушылықтың алдын алу, олардың құқықтық сауаттылығын арттыру және қолайлы әлеуметтік орта қалыптастыру бағытында атқарылып жатқан жұмыстарға ерекше назар аударылды. Қатысушылар балалардың құқықтарын қорғау жүйесін жетілдіру және мемлекеттік органдар арасындағы өзара іс-қимылды күшейту мәселелері бойынша пікір алмасты.
Кеңес қорытындысы бойынша балалардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау, олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және профилактикалық жұмыстардың тиімділігін арттыру бағытында жауапты мекемелерге нақты тапсырмалар берілді.