Елімізде тарихи Құрылтай сайлауы басталды. Kazinform жылдың басты саяси додасынан мәтін трансляциясын ұсынады.
09:46 – Қызылордада сайлаушыларды робот қарсы алды.
09:46 – Бас прокурор Берік Асылов Құрылтай сайлауында дауыс берді.
09:35 – Елімізде өтіп жатқан Құрылтай депутаттарын сайлауға Үкімет мүшелері де белсенді қатысып жатыр.
09:02 – Құрылтай сайлауына дауыс беруші ұлар құсының бейнесінде келді.
08:59 – Дауыс берушілер легі артып, сайлау учаскелеріне келушілер көбейіп келеді.
08:50 – «Әділет» партиясының төрағасы Айбек Дәдебай тарихи Құрылтай сайлауында дауыс берді.
08:44 – Олжас Бектенов Құрылтай депутаттарының сайлауында дауыс берді.
08:31 – Қазақстандықтар таң сәріден жаппай дауыс беруге келіп жатыр.
08:18 – 11 мыңнан астам отандасымыз шет елде дауыс береді. Қазіргі уақыттың олардың 228-і таңдау жасап үлгерді.
08:10 – Ұлытау облысының 116 жастағы тұрғыны дауыс берді.
07:54 – Сенаттың соңғы төрағасы Мәулен Әшімбаев Астанадағы Ұлттық академиялық кітапханада орналасқан №129 сайлау учаскесінде Құрылтай сайлауында дауыс берді.
07:44 – Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары Ерлан Қарин Астанадағы Ұлттық академиялық кітапханада орналасқан №129 сайлау учаскесінде Құрылтай сайлауына дауыс берді.
07:27 – Еліміз бойынша 10 363 сайлау учаскесінде дауыс беру жүріп жатыр. Бұл туралы Орталық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары Мұхтар Ерман мәлім етті.
07:00 – Қазақстанда алғашқы Құрылтай депутаттарының сайлауына дауыс беру басталды. Сайлау күні ел аумағында және шетелдегі Қазақстан өкілдіктерінде барлығы 10 423 сайлау учаскесі жұмыс істейді.
06:00 – Құрылтай сайлауында дауыс беруге ҚР ІІМ Ұлттық ұланының әскери қызметшілері белсенді қатысып жатыр.
06:00 – Қостанайдағы ҚР Ұлттық ұланының 6697 әскери бөлімінде орналасқан № 27 сайлау учаскесінде 300-ден астам әскери қызметші дауыс беруді бастады. Учаскедегі сайлаушылардың 40 пайыздан астамы алғаш рет дауыс берді.
05:00 – Сингапур, Индонезия және Вьетнамда Құрылтай сайлауына дауыс беру басталды.
04:00 – Малайзиядағы сайлау учаскесі өз жұмысын бастады.
04:00 – Қытайда Құрылтай сайлауына арналған учаскелер жұмысын салтанатты түрде бастады.
Сайлау учаскелері Қазақстанның Бейжіңдегі елшілігінде, сондай-ақ Шанхай, Сиань және Гонконгтағы ҚР бас консулдықтарында ашылды.
03:00 – Сеул (Оңтүстік Корея) мен Токиода (Жапония) сайлау учаскелері ашылды.
Сеулдегі сайлау учаскесінде алғашқылардың бірі болып Корея университетінің студенті Ажар Кәрімжанова өз таңдауын жасады.
— Мен Кореяда үш жылдан бері тұрып, қазіргі уақытта Корея университетінде білім алып жүрмін. Қазақстан Республикасының азаматы ретінде еліміздің болашағына қатысты маңызды қоғамдық-саяси үдерістерден тыс қалмауға және өз үлесімді қосуға тырысамын, — деді Ажар Кәрімжанова.
Ал Токиодағы сайлау учаскесінде алғашқылардың бірі болып отандасымыз Әлішер Әзімбаев дауыс берді. Ол қазақ қоғамындағы әділеттілік, заңдылық пен даналықтың символы — би бейнесінде келді.
Бүгін еліміздің барлық өңірінде Құрылтай депутаттарын сайлау басталды. Дауыс беру 10 423 сайлау учаскесінде өтеді. Еске салсақ, биыл 1 шілдеде Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасы Құрылтайының сайлауын тағайындау туралы» Жарлыққа қол қойды.
ҚР Орталық сайлау комиссиясы Құрылтай сайлауына қатысатын «Әділет», ЖСДП, «Байтақ», ҚХП, «Ауыл» партиясы, «Ақ жол» және Respublica партиясының тізімдерін тіркеді. 145 депутаттық мандатқа 545 кандидат үміткер болып отыр.