Абай облысының әлеуметтік-экономикалық дамуы бағытында 46 жоба іске асырыла бастады

0 18

Биыл Абай облысының бюджеті 374 миллиард теңгеге жетті, бұл – өткен жылмен салыстырғанда 46 пайызға артық. Бұл туралы Семейде өткен өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму мәселелері жөніндегі кеңейтілген кеңесте айтылды,  — деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Былтырғы жылдың қорытындысы бойынша негізгі капиталға инвестиция тарту көлемі 420 млрд теңге болды, ал ауыл шаруашылығы тауарларын өндіру көлемі 473 млрд теңгеден асты. 340 мыңнан астам шаршы метр үйді пайдалануға берудің нәтижесінде 3 мыңнан астам отбасы тұрғын үймен қамтамасыз етілді. Семей қаласының бюжеті өткен жылмен салыстырғанда 50 пайызға өсіп, 86 млрд теңгеге жетті. Мемлекет басшысының тікелей тапсырмасымен облысты әлеуметтік-экономикалық дамытудың кешенді жоспары дайындалып, Үкімет қаулысымен бекітілді. Маңызды құжат 1,9 трлн теңге болатын 102 іс-шараны қамтиды», — деді облыс әкімі Нұрлан Ұранхаев.

photo

 

Кешенді жоспар бойынша биыл өңірде 89,2 млрд теңгеге 46 жобаны іске асыру басталып кеткен.

«Бүгінгі таңда 46 іс-шараның екеуі орындалды (2,9 млрд теңге), қалғандары орындалу барысында. Біріншісі – Көкпекті ауданында «Елімай» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі 1,5 мың га алаңда суару жүйелерін іске қосты. Екіншісі – Үржар ауданында «Мuhit Agro» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі тұрақты суару учаскесіне инфрақұрылым тартты. Кешенді жоспарды іске асыру нәтижесінде 2028 жылға қарай жалпы аймақтық өнім көлемі 3,2 трлн теңгеге жетеді, өнеркәсіп өнімінің көлемі 1,8 есеге ұлғайып, 2,2 трлн теңге болады», — деді жиында баяндама жасаған облыс әкімінің бірінші орынбасары Айдын Кәрімов.

photo

 

Жаңа оқу жылынан бастап облыстың бастауыш сынып оқушылары тегін тамақтанады. Бұдан бөлек, 350 балабақшадағы көпбалалы отбасылардың 5 700 баласына осындай мүмкіндік беріледі. Осы санаттағы балалар қосымша білім беру ұйымдары, үйірмелер мен секцияларға тегін барады. 600 жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалардың қамқоршыларына жәрдемақы төлеуге 200 млн теңге қарастырылған. Өңірдегі оқушы орнының тапшылығы проблемасын шешу мақсатында 2027 жылға дейін облыста 9 500 орындық 18 мектеп салынады. Атап айтқанда, Семейде 5 мектеп салу жоспарланған.

«Мектептердің материалдық-техникалық базасын нығайту мақсатында 87 жаңа кабинет жабдықталады. Сондай-ақ, 11 ауылдың мектебіне автобус сатып алынады. Бұдан бөлек, биыл 8 мектеп пен 1 балабақшаға күрделі жөндеу жүргізіліп, облыстағы 85 мектепке ағымдағы жөндеу жүргізіледі», — деді облыс әкімінің орынбасары Шалқар Байбеков.

photo

 

Мұндай кеңейтілген форматтағы жиын облыс құрылғалы алғаш рет өткізіліп отыр. Алдағы уақытта жалғасын табады.

«Мәслихаттар алдында сөйлеген сөзінде Мемлекет басшысы жеңіл популизмге бой алдырмай, жергілікті тұрғындардың мүддесін қорғау – депутаттардың бірінші кезектегі міндеті екенін айтты. Бүгінгі кеңеске барлық деңгейдегі әкімдерді ғана емес, барлық мәслихат депутаттарын, қоғамдық кеңес мүшелерін шақырғанымыз бекер емес. Жергілікті жерлерде барлығыңыз бір мақсат жолында тиімді жұмыс істеп, халықтың өзекті мәселелерін шешу үшін сындарлы диалог құруларыңыз қажет», — деді Нұрлан Ұранхаев.

photo
Leave A Reply

Your email address will not be published.