Қазақстанның әскери мамандары қай елдерде білім алып жүр

0 10

Қорғаныс министрінің орынбасары Сұлтан Қамалетдинов Бүкілармиялық кеңес отырысының алдында Қазақстанның әскери мамандары қай елдерде білім алып жүргенін айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Армиямыз түрлі мемлекеттердің қаруымен қаруланған. Тек Ресей Федерациясынан ғана емес, қаруды Түркиядан, АҚШ-тан, Қытай Халық Республикасынан және басқа да елдерден сатып аламыз», — деді ол БАҚ өкілдерінің сауалына берген жауабында.

Сондай-ақ, Сұлтан Қамалетдинов әскери мамандарды даярлау ісі де мейлінше әртараптандырылғанын айтады.

«Әскери мамандарды даярлау қарулы күштер құрамында, өзге де жауынгерлік құрылымдарда іске асырылады. Сол үшін бізге қажет мамандарды даярлау туралы келісімшарттар мен меморандумдар жасалған. Қарулы күштердің әскери қызметшілері Ресей Федерациясында ғана емес, Беларусь, Түркия, Үндістан, АҚШ, ҚХР, Пәкістан және өзге елдерде дайындықтан өтеді. Бұл жоғары оқу орындарында оқудан бөлек курстық дайындықтар мен бөлімшелердің бірлескен дайындығы жүргізіледі», — деді министрдің орынбасары.

Еске салсақ, Сұлтан Қамалетдинов бұған дейін биыл Қазақстанның әскери бюджеті өскенін мәлім еткен еді.

«Қорғаныс министрлігінің әскери бюджеті қарастырылып, Қазақстанның ЖІӨ-дегі әскери бюджеті бір пайыз шамасында бекітілді», — дейді министрдің орынбасары.

Бұған дейін Қорғаныс министрлігіне қарасты оқу орындары педагогтерінің жалақысы өсетіні белгілі болған еді.

Нақтырақ айтсақ, әскери педагогтердің лауазымды айлық мөлшері:

— 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап 2,32 мөлшерінде;

— 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап 2,74 мөлшерінде;

— 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап 3,2 мөлшерінде түзету коэффициентін қолдана отырып айқындалады.

Келешекте әскери командирдің оң қорытындысын алған мерзімді әскердегі жауынгерлерге тегін жоғары әскери білім ұсынылуы мүмкін. Қорғаныс министрлігінің бұл бастамасын елдегі 70 жоғары оқу орны қолдап отыр.

Сондай-ақ, бүгін Президенттің Отан қорғаушы күніне арналған салтанатты шараға қатысатыны хабарланды.

Leave A Reply

Your email address will not be published.