Түрменің бір-біріне ұқсас сұрқай күндері тізбектеліп, таспиықтың тасындай кезекпен өтіп жатыр. Жыл маусымдары да бірін-бірі қуалай зулап өте шығады. Түрменің баландасын ішкелі үшінші қыс болғанда бұлардың барағына кезекті сотталушыларды әкелген. Екеуі кавказдық екен. Барақтарында бұрыннан үш-төрт кавказдық бар еді. Олар ерекшеленбей жұрттың арасында елеусіз жүретін, іштеріндегі бір дағыстандық қана Кубаға жерлес ретінде жақындап, кейде еркіндеу жүретін. Бірақ, ол да басқалары да ешқашан тұмсық көтеріп, мұрындарын шүйірмейтін. Жаңадан келгендер Шығыс Қазақстаннан екен. Сол екеуі төрдегілерге айбат шекпесе де төмендегілерді, мұжықтарды мазалап, барақтағы басқа кавказдықтарды айналасына топтастырып, еркінси бастады.
Куба олар алғаш келгенде-ақ алдына шақырып алып бұлардың Өскемендегі бір топтасып төбелесу кезінде екі адамды ауыр жарақаттап, сол төбелесті ұйымдастырушылар ретінде, әрі біреуі қарсыласына пышақ салғаны үшін, екіншісі төбелес кезінде соққыдан құлап түскен біреуді аяусыз соққыға жығып, өлімші халге жеткізгені үшін сотталып келгендерін білген. Артынан бұл айтылғандарды анықтап, растығына көз жеткізген. Оған қоса ақшаның күшімен бе, әйтеуір, бұлар жұбын жазбай бір жерге жіберіліп, қатар жүр.
Демалыс күндерінің бірінде түскі тамақ кезінде әлгілердің бірі Әмірді әдейі қағып өтті. Бұл да иығымен итере қағысты. Ә, дегенше екеуі ұстасып, жұлқыласып қалды. Куба екі нөкерімен келіп қалғаннан кейін екеуі бір-бірінің жағасынан қолдарын босатты. Төрт-бес кавказдық та бұларды қоршалай қаумаласып қалыпты. Кубаның қабағын түйе «Не болды?» деген сұраулы көзқарасына анау:
Мынау, есірткі үшін сотталған сұмырай, өзін бізден биік қойғысы келеді. Мен оны орнына қоямын, әлі. Оның орны «парашаның» жанында, — деді. Әмір әдетінше сұсты көзқараспен тесіле қарап:
Сөзіңе жауап беремісің? – деді. Куба араласқасын екі жақ тарап кетті.
Әлгі қасындағыларға «Мен оны шибөріше шыңғыртып отырып бауыздаймын, тауықтың басындай етіп басын бұрап жұлып тастаймын…» деп кіжіне сөйлеп бара жатты. Аузы көпіріп қатындарша көп сөйлеп бара жатқанына қарап-ақ Әмір оның мықты еместігін аңғарды. Ол төбелесе қалса істік пе, пышақ па, бір қару қолданатыны белгілі, содан сақтану керек. Егер жекпе-жек төбелесер болса Әмір оны өзінің қалайда жәукемдеп тастайтынына сенімді еді.
Бірде Куба екі нөкерімен көрші барақтың біріне кетті де бұл қасындағы біреуімен біраз әңгімелесіп отырып, сосын күпәйкесін желең жамылып жантая кеткен. Сөйтіп жатып қалғып кетіпті.
Бетіне «былш» еткен қатты соққыдан шошып оянып, орнынан атып тұра берді де, кенет қисая аунап, кереуеттің екінші жағына жерге құлап түсті. Біреудің аяғының астына түскенін сезді де, керзі етіктен ұстай алып бар күшімен бұрай сілкіп қалды. Етік иесі «ах!» деп ышқына айқайлап құлап түсті. Бұл болса әбжіл қимылмен атылып орнынан тұрып үлгерді.
Қапияда бассалған кавказдықтар екен. Кубаның нөкерінде төсегінде тарпа бассалыпты. Екеуі оны төсегінен тұрғызбай соққылап жатыр. Бұған да жабыла кетті. Бірінің қолындағы істік темір жалт-жұлт етіп жалаңдайды. Бұл қорғана шегінді Оң жағынан ұмтылған өткенде өзімен ерегісіп қалғанды шалт қимылдап қақ маңдайдан періп кеп жіберіп, сол жағындағыны жасқап үлгерді. Бірақ қарсы алдындағы бұған қолындағы жасанды пышағын құлаштай сермеп қалды. Бұл бұрыла шегінгенімен оң жақ бүйірі «шым» етіп, күпәйкесін мақтасын сыртына шығара жыртып кетті. Қарсыласы қолын тартып үлгергенше бұл ұмтылып оның қолын қос қолымен ұстай алды да бұра қайырып кеп жіберді. Әлгінің ышқынған даусымен бірге қолындағы істік-сұққысы жерге түсіп, бұғанасы «бырт» еткендей болды. Ол аз болса Әмір оны құлақшекеден бар күшімен бір қойды. Жерге жалп етіп құлаған ол әлсіз ғана тыпырлады да қалды. Сөйткенше бүйірден келген біреуі бұны құлаштай соғып үлгерді. Ұйықтап жатқандағы алғашқы соққыдан сол жақ көзінің оты шығып, қабағы жарылған болатын. Мына соққы да дәл сол көзіне қайтадан тиіп жанарының отын тағы жарқ еткізді де, сәл ғана сыздықтап ағып тұрған қан саулап қоя берді. Көзіне құйылған қаннан көзі мүлдем ештеңе көрмей қалды. Бұл қаша ұрысты. Сол кезде бақауылдар жетіп, Куба да бараққа жүгіріп кіріп келе жатты.Түрме қызметкерлері қолдарындағы резеңке таяқтарымен жасқай ұрып, айқайлай команда беріп, төбелесіп жатқандарды ұстап алды. Олардың бірнешеуі төсегінде өлімші халде жатқан жігітті, Әмірдің ауыр соққысынан есін жиып үлгермегенді, бетін қан жуып, бүйірінен де қан аққан Әмірді лазаретке әкетті. Қалған кавказдықтарға Куба көздері қанталап «Сендерге хана, сендер енді өліксіңдер» деп жатты.
Куба лазаретке ебін тауып келіп жолығып кеткен. Сол зонадағылар Әмірдікі дұрыс десуде, ал кавказдықтар енді қай зонаға ауыстырылса да, олардың орны парашаның жаны немесе тіпті оларға хана, деген Куба.
Лазареттен соң карцерде жазасын өтеп жүрген Әмір сыртқы дүниемен еш байланыссыз қалды. Күні-түні жалғыздан жалғыз қалу оңай емес екен. Әрі қыстың аязды ызғарына карцер бөлмесінің ішкі қабырғалары қырауланып, киім дымқыл тартады. «Өкпемді суыққа шалдырып құрт ауру болып қалмасам болар еді» деп уайымдаған ол ара-арасында денешынықтыру жаттығуларын жасап, кейде күпәйкесін қымтанып, бұйығып жатып түрлі ойларға беріледі.
Өзін жоғары ұстаймын, ешкімге есемді жібермеймін, мықтылығымды дәлелдеймін, деп жүріп қатыгез қылмыскерге айналып кетпесе болғаны. Бірақ ойлап отырса өздігінен ештеңе де бүлдіре қоймапты, тек өзін қорғап қана әрекет етіпті. Карцерде отырған күндерінде өз өмірін, өзгелердің өмірін ой елегінен өткізуді ермек етті.Кубаның есімі Құба – ақшыл түс дегенді білдіреді екен. Құмық пен қазақтың тілі өте жақын, ұқсас боп шықты. Қазақша да құба сөзі – ақ, ақшыл дегенді білдіреді. Бірақ, Куба өз тілі – құмықшаны нашар білетіндіктен кейде екеуі қазақ пен құмық тілдерінің жекелеген сөздерінің ұқсастығын салтырып қана қоятын. Сол арқылы өздерінің ата-бабаларының бір кездері бір тілде сөйлегендерін бажайлап, түптерінің туыстығын, өздерінің қандас, жақындығын сезінетін. Ол жалпы аз сөйлейтін, дегенмен бірге отырған жылдарында бірнеше мәрте өз өмірінің кейбір кезеңдері жайлы Әмірге әңгімелеп берген болатын. Алғашқы әңгімесін:
Мен жетімдер үйіненмін, — деп бастаған. Шын есімі Құбатай ма, Қобытау ма, білмейді. Әйтеуір, бір туысы ма, ауылдасы ма, Астрахандағы жетім балалар үйіне әкеліп өткізгені еміс-еміс есінде. Бірінші класқа сол балалар үйінде барды. Тәрбиешілер де, балалар да мұның аты-жөнін «Куба Дагов» деп кетті. Кейін төлқұжатты да солай алды.
«Жетім бала – тасбауыр» демекші, балалар үйіндегі тәрбиеленушілердің көпшілігі тасбауыр, қатыгез болып өседі. Өзгелердің әке-шешесі, туыстары барын көрген сайын өзінің өмірде тиесілі үлесі аз, жалғыз екенін сезініп, отбасысы түгелдерді жек көре түседі. Куба Дагов сегізінші класты бітірген соң кешкі мектепке барған жоқ. Шоферлық мамандықты таңдады, училищеге оқуға түсті. Бірақ, мамандық алысымен әскер қатарына шақырылды да Иошкар-Ола қаласының маңында ішкі әскерлер құрамында азаматтық парызын өтеді. Орал тауының баурайында орман арасындағы зонадағы қылмыскерлерді күзетті. Куба, әрине, күзетші болып көп тұрған жоқ. Әскери бөлімге жақын жердегі қалашықтан нан таситын автомашинаға жүргізуші болды. Біржарым жылы өтіп енді жарты жылдан соң «дембелге» кетемін деп жүргенде оқыс оқиғаға тап болды.
Өзімен бірге азаматтық парызын өтеп жүрген Саша деген жігіттің бұлардың әскери бөлімшесінен жиырма шақырымдай жердегі Куба асхананың кезекші офицерімен барып наубайханасынан ыстық нан алып қайтатын қалашықта ғашық қызы бар еді. Бірде бұлар әдеттегідей қалашыққа барып наубайханадан нан тиеп алды. Кезекші офицер қағаздарын толтыру үшін ішке кіріп кеткен. Бұл болса нанды жабық қорабына артып, машинасын наубайхана ауласының қақпасынан шығарып жолға дайындап қойған. Қайдан сап ете қалғаны белгісіз, Саша жетіп келді. Сәл қызулау, көңілді. Ғашығынан келе жатқан беті екен. «Менің ұлым болады. Нақсүйерім жүкті» деді ол қуанышын жасыра алмай, езуі жайыла ыржалаңдап. Сосын жаяу салпақтауға шаршап, ерініп тұрғанын айтып, ала кетші, деп өтінді. «Кабинада офицер отырады, тек нан артылған будка-қорапқа отырмасаң, деген бұл. Саша келісе кетті де, кезекші офицердің көзіне түспейін деп тез автомашина қорабына мінді. Куба оның сыртынан есікті бекітті де, түк болмағандай орнына келіп жайғасты. Бөлімшеге жеткен соң офицер штабтың алдынан түсіп қалды да, бұл асханаға келіп, машинасын артқы жағымен дәл асхана есігіне тақап қойып, «нанды түсіріп алыңдар» деді де өзі казармаға қарай беттеді.
Он-онбес метрдей ұзамай жатып арт жағынан шу шықты. Сонда барып есіне Саша түсіп, кейін қарай тұра жүгірді. Келсе екі жас жауынгер машина қорабын ашып, бүрісіп қимылсыз жатқан Сашаны көріп, не істерін білмей тұр екен. Асхана бойынша кезекші сержант бір бәленің болғанын байқады да, штабқа қарай жүгіріп кетті. Кубаның онымен ісі болған жоқ, дереу қасындағылардың көмегімен былқ-сылқ еткен Сашаның денесін қораптан түсіріп, былайырақ жатқызды. Тамырын басып көріп, жүрегін тыңдап тіршілік белгісін таппады. Бір жауынгерді санитарлық бөлімге жүгіртіп жіберген, бірақ көңілі Сашаның өліп қалғанына сенер емес. Жорта қимылсыз жатқандай болып көрініп, бұл оны «Саша, көлгірсіме, тұр, жетеді, қалжыңды қой, қазір офицерлер келеді, тұр» деп жұлқылап жатыр. Көңілінің ең түкпірінде «Ол өліп қалған, оның ажалына сен кінәлісің» дейді бір үн.
Сөйткенше, екі-үш офицер жетті жүгіріп, медсанбөлімнен дәрігер мен фельдшері де келді. Сашаның денесін санитарлық бөлімге апарды. Ол автомашинаның қорабына толтыра артылған ыстық нанның буына тұншығып өліпті. Қызулықпен ыстық буда балбырап отырып әлсірегенін де білмей қалған сияқты. Ал жаны қиналғанда әрекет етуге шамасы келмеген, кеш болған.
Содан не керек, әскери қызметінің бітуіне төрт-бес ай қалғанда Куба сотталып кете барды.
Түрмеде зор денелі, өзі пысық жігіт бірден-ақ ортасын тапты. Ол орта сол кездері бүкіл Кеңес Одағына аты-шулы, бірнеше мәрте сотталған Мәскеудің қарақшысы «Фокс» деген «вор в законенің» тобы еді. Жас жігіттің байқаусызда болса да адам өлтіріп түскенін білген соң Фокс мұны қасына алып, үкімет заңының әділетсіздігін дәлелдеп, оны нағыз «честный арестант» етіп яғни қылмыс әлемінің заңымен өмір сүруге үйрететуге кіріскен. Осылайша Куба түрмеде болған жылдарында Фокстан қылмыс әлемінің теориясын да практикасын да үйреніп шықты. Түрмеде «ұстазы» оны өмірдің әртүрлі жағдайында өзін қалай ұстау керек, кімдермен достасып, кімдерді жек көру қажет, кімдер нағыз адамдар, кімдер құнсыз пенделер, деген сияқты нәрселерге әбден үйретіп, қылмыскерлікке баулып шығарды. Ол кезеңде қылмыскерлердің зоналардағы беделі мықты, тәртіптері күшті, жоспарлы түрде жас сотталғандардың ішіндегі пысықтауларын арнайы қылмыскерлік өмірге тәрбиелейтін. Тіпті сол бір жылдары қоғамдағы жастар арасында түрмедегі «блатной» терминдерді қолданып сөйлеу әдетке ене бастаған. Жасөспірімдер денелеріне сотталғандар сияқты «суреттер» салдырып алуды мәртебе көретін кез болған еді, ол кез.
Мерзімі бітіп түрмеден шыққанда Фокс оған қаржыдан көмектесіп, Одессадағы бір адресті берді. «Мына адреске барсаң менің Пират деген досым бар, сол саған қамқорлық жасайды. Қаласаң жұмыс, баспана, қатын да тауып береді. Мен де еркіндікке шыққан соң сонда барамын, соңғы сотталғанымда «жазасын өтеп болған соң Мәскеу қаласында тұруына рұқсат етілмесін» делінген. Мені енді Мәскеуге жолатпайды. Есесіне Қара теңіз жағалауында шайқап өмір сүреміз. Пиратты тауып алып менің сәлемімді жеткізсең болды, қалауыңша өмір сүресің» деген Фокс.
Куба Дагов сөйтіп Қара теңіз жағалауындағы әсем қала Одессадан бір-ақ шықты. Одессадан Пиратты оңай тапты. Ол сондағы «законный ворлардың» бірі екен.
Бір айдай алаңсыз сайран салған оны бірде Пират шақырып алып, оңаша әңгімелесті. Ол әдетінше сөзін «Балам, мына пайдалы кеңеске құлақ түр» деп бастап, бұған аты-жөнін ауыстырып жаңа құжаттар дайындатып, бір үлкен мекеменің бастығын тасымалдайтын шоферлық жұмыс тауып қойғанын, Кубаны қарапайым жүргізушілік жұмысқа жіберіп жатқаны ол әлгі бастықтың жәй ғана шофері міндетін атқарып қоймай, күндіз-түні жанынан бір елі қалмауға тырысып, оның қайда барып, не істеп, кіммен сөйлескенін мүмкіндігінше мүлт жібермей мұқият Пиратқа мәлімдеп отыруы тиіс болғандықтан осылай шешкенін айтты.
Сонымен Куба жаңа құжаты бойынша Гаджи Муратов болып шыға келді. Бастығын тасымалдап жүріп мұның ұққаны Пират мұның бастығының мекемесі арқылы Грекия мен Түркияға контрабандалық жолмен түрлі нәрселер жіберіп, жасырын түрде АҚШ долларын алдырып отырады екен. Ол кезде шетелдіктерге арналған дүкендер мен ірі қалалардағы арнаулы дүкендерде ғана доллар қолданылатын. Әрі ол дүкендерде біздің елде жоқ, шетелдерден әкелінген тауарлар да көп болатын. Куба жүз долларлық купюраның бір бумасын Пираттың столының үстінен тұңғыш рет көрген, бірақ қолына ұстап көруге жүрегі дауаламаған. Кейін өзі де долларды қалтасына салып жүретін болды. Кубаның жұмақтағыдай алаңсыз, уайымсыз рахат өмірі екі жылға созылды.
Ақыры бұларды «ОБХС» пен алтыншы бөлім дегеннің арнаулы қызметкерлері бірлесіп ұстады. Пират бес-алты жігітімен тықыр таянғанын сезіп катермен теңіз арқылы шетелдің шекарасына қарай қашып шықпақ болып ұмтылғанымен, шекарашылар алдын орап, қақтығыс кезінде бірнеше жігіті оққа ұшып, өзі бір нөкерімен жараланып қолға түсті. Ал Куба мен бастығы кеңседен шығып келе жатқанда ұсталды.
Тергеу мен сот кезінде бастығы Кубаны жаналғыш етіп көрсетті. «Мұны менің жеке жүргізушім етіп қойып, қит етсе өлтір деп тапсырма беріп қойғандықтан, әрі отбасыңды түгел қырып тастаймыз, деп қорқытқандықтан мен амалсыз олардың тапсырмаларын орындап, заңсыз әрекеттерге жол беріп қойдым, мені мәжбүрледі» деп мүләйімсіді. Бірақ сол бастығы әр контрабандалық операциядан соң өзіне тиесілі ақшаны доллармен алатынын бұл талай көрген. Енді міне, бәрін бұларға қарай аударып, өзі қорқыныштың құрбаны болған адам болып көрінгісі келеді. Бірақ, бұрын сотталғаны бар, жалған құжатпен жүргені бар Куба ештеңе бүлдіріп, тікелей қылмыстық істерге араласпаса да алты жылды арқалап сотталып кете барды.
Омбы облысындағы түрмеде алты жылына тағы екі жыл қосып, сегіз жыл отырып шықты. Сол жылдар ішінде бірнеше «вор законелердің» жанында болды, зона заңдарын меңгеріп, қылмыс әлемінде аздап та болса «авторитет» жинап аты таныла бастады. Пират туралы хабар біліп, кейін бір жолы оның сәлемін де алған. Пират онекі жылға сотталғанымен, кейін соның жартысын да толық отырмастан тамыр-таныс арқылы еркіндікке шығып кетті. Бүгінде ол Одессасында түк болмағандай қайтадан шалқып, сайранын салып жүріп жатыр. Ал мұның сатқын бастығы да қанша мүләйімсігенімен қылмыскерлермен ауыз жаласып, контрабанданы бірге пайдаланғандары дәлелденіп, ол да сотталыпты. Бірақ, Пират сатқандықты кешірмейтін қатал да қатыгез еді, әлгі бастықты зонаға апара жатқан жолда өлтіртіп, поездан лақтыртып жіберген көрінеді.
Куба болса Омбы түрмесінен шыққан соң Қазақстанға келді. Көкшетауда, Ақмолада тұрды, бірнеше әйелмен заңды некелеспей-ақ өмір сүрді. Бұл жолы бостандықта бес жылдай өмір сүрді. Астықты өлкеде негізінен бидайға байланысты сыбайластық-заңсыздықтарға қатысып, жеңіл табыстар тауып жүрді. Кубаның сотталғанына қарамастан оған астық қоймалары мен қырмандарда еркін әрекет етуге мүмкіндік ашып қойды. Бұл өзі түрлі жолмен тапқан сыбайластарын басқарып, барлық істі жігіттерімен атқарып береді. Бірақ басшылық пен тапсырма облыстық партия комитеті жақтан келетінін бұл сезгенімен, оның кім екенін, қандай қызметте екенін білмейді. Білуге де қызыққан емес. Өйткені, бұл байланысатын адам бұлардың атқарған жұмыстары үшін тиесілі ақыларын уақтылы беріп отырады.
Бірақ, қаншалықты жоғарыдан қамқорлық жасалып, барлық құжаттарды тастай етіп жұмыс жасап жүрміз, дегендерімен ұн комбинатында былық бары ашылып, жасырын түрде жалған құжатпен басқа жаққа жөнелтіліп жатқан мыңдаған тонна ұнның жетіспейтіндігі әшкере болып қалды.
Бірнеше ай бойы бұлардың комбинатына үлкен де жан-жақты тексеріс жасалды. Тексерушілер негізінен басшылық пен бухгалтерия жағындағы жалған құжат, жасырын бухгалтерия деген сияқтыларды тауып, сол жағымен айналысып жатқан. Бір күні күтпеген жерден мұны жұмыста жүрген кезінде тұтқындап түрмеге жатпы. Егер өзіне күдік барын білгенде бұл бірден табанын жалтыратып, тайып тұрар еді, қапыда қалды.
Алаңсыздау жүріп қалғаны ұн комбинатындағы бұның ресми атқаратын қызметі оншалықты жауапкершілігі жоқ, басшылық, қаржылық істермен тікелей байланысы жоқ жұмыс еді. Жоғарыдағылармен ауыз жаласқан басшылық мұны осы қылмыстық іс бойынша негізгі айыпкер етіп көрсетіп құрбандыққа қиған болса керек. Бірақ, бастық пен бухгалтер де қанша тырмысқанымен соттан құтыла алмады. Үшеуі де жеті-сегіз жылдан арқалап сотталып кете барды. Содан міне, отыр зонада. Бірақ бостандықта жүргенде зонада жазасын өтеп жүрген «бауырластарға» талай қаржылай көмектескендіктен Кубаның түрмедегі жағдайы жақсы, «авторитеттердің» бірі.
Әмір жазасының мерзімі бітуге жақындаған сайын өзінің түрмеден шыққан соңғы өмірін көп ойлап, тағдырының қалай қарай бұрыларын болжағысы келіп бас қатыратын. Түрмеге қайтадан түсер ме екен, әлде жолы болып бостандықтан жайлы жағдай қалыптасар ма екен? Қалай болғанда да дұрыстап өмір сүруге тырыспаса болмайды. Ретін келтіре алса ешқандай «серіксіз» жақсылап бір тонаушылық жасап, сол қаржымен жоқ болып кету керек. Сосын басқа бір жаққа барып шағын бір қалашықта тыныш өмір сүріп, елге араға жылдар салып оралу қажет болар…Бірақ шын өмірде өстіп ойлағаныңдай бола салмайтыны бар. Әлде Куба қақсап айтып жүргендей «серілік» жолға түссе ме екен. Бірақ, «серілік» өмірдің екіжақты қауіп-қатері бар. Милиция бір жағыңнан, ұялас қасқырдай қылмыскерлер екінші жағыңнан үнемі қауіп төндіріп отырады. Иненің ұшында тұрғандай болып өмір кешесің. «Қайда барсаң да Қорқыттың көрі» деген осы.Түрмеден шыққан соң елге қайтып, үйленіп жұрт сияқты әке-шешесінің, бауырларының жанында өмір сүрсе ше? Бірақ, аш-жалаңаш, жоқшылықта еңсең езіліп күнелткенше, өмір сүрмей-ақ қойғаным жақсы, деген де ойға ұрынады. Ең болмаса өзін бауырларының жолына құрбан етіп, қандай да жолмен болсын, соларға жақсы жағдай жасап, кедейшіліктен құтқарып барып қайта сотталса да өкінбес еді. Өйткені, есейіп келе жатқан іні-қарындастары да ертеңгі күні жоқшылықтан ұрлыққа, қылмыс жасауға бармасына кім кепіл. Бұның өзі де бұзықтау болғанымен бәрі жеткілікті болып тұрса үйінен безіп, қылмысты істерге ұрынып, заңды бұзбас еді ғой. Бәрі де жоқшылықтан, қатар-құрбыңда болып, өзіңде болмағандықтан басталады. Неге басқалар сияқты жақсы киініп, қымбат көлік мініп, еңселі үйде тұрмаймын, дегеннен келіп заңға қайшы әрекеттерге барасың. Ол ісің үшін бірде болмаса бірде тұтылып, заң алдында жауап береріңді де сезесің. Сезгеніңмен басқа амалың да жоқ қой…
Осындай шешуі қиын түйіндей ойлармен басы қатып жүрген Әмірге Куба «общактан ақша бөлініп, сенің ісің оңынан бітеді» деген-ді. «Общак» дегені сотталған қылмыскерлердің көмек кассасы сияқты нәрсе. Оған еркіндікте жүрген сотталғандар шама-шарқынша қаржы құйып отырады. Ірі тонаудан, түрлі алаяқтық жолмен, басқа да жағдайлармен қолдарына түскен қаржының белгілі бір бөлігі әлгі ортақ қалта – «общакка» салынып отырады. Оған түскен ақша тек сол қылмыс әлеміндегілердің өздерінің түрлі мақсатына, түрмеден жаңадан босағандарына алғашқы кезде қиналмауы үшін материалдық көмек ретінде беріледі. Еркіндікте немесе түрмеде отырып істі болып қалған жағдайда содан құтқарып алуға жұмсалынады.
Осы ортақ қалтада әрқашан қомақты қаржы жатуы үшін еркіндікте жүргендер кәсіпкер, коммерсанттардан түрмедегілерге көмек ретінде деп жылу жинайды. Сол сияқты түрмеде карта ойнау арқылы да «ортақ қалтаға» қаржы түсіп жатады. Түрмеде отырып карта ойнап ұтылып, қарыз болып қалған сотталушы еркіндіктегі ақша тауып бере алатын туысына, танысына ауызша, не жазбаша сәлем жолдайды. Сол сәлеммен ұтқан жақтың бостандықтағы адамдарының бірі барып қарыз болғанның сәлем айтқан адамынан әлгі ақшаны өндіріп алады. Көп жағдайда мұндай қарыздың сомасы да үлкен, бірнеше мың долларға дейін жетіп жатады.
Бұлардың барағында да карта ойналады. Кубаның бір «шулері» бар, бірақ ол жайшылықта көптің ішінде жүреді де, карта ойналғанда ғана көрінетін. Сол талайды қарызға батырып Кубаның алдына әкеледі. Ол ұтылғанға қарызды өтеудің әртүрлі жолдарын ұсынады. Бостандықтан ақша, есірткі, асыл бұйымдар, басқа да неше түрлі нәрселер алдыртады. Немесе соларды еркіндіктегі бір мекен-жайға апарып беруді тапсырады. Еркіндіктен «қарыз қолымызға тиді» деген жауап келгенде әлгі қарыздар болған сотталушы қарызынан құтылған болып есептеледі.
Алматының бір жігіті қанша мәрте ұтылса да карта құмарлығын еш қоя алмады. Әр жолы «бірдеме етіп ұтып, қайтарамын ба» деп дәмеленіп ойнайды да, біразын қайтарып қалғанда қайтадан бұрынғысынан да көп сомаға ұтылады. Үйінен, туыстарынан бірнеше мәрте ақша, алтын бұйымдар алдыртып қарызын өтеген кезі де болды. Жеті жылы бітіп еркіндікке шығатын мезгілі жақындағанда әлгінің қарызы қайтадан бес мың долларға жеткен. Ол сонша ақшаны алдыртып үлгермейтінін айтып, бұрынғы қарыздарын үнемі адал, уақтылы өтеп келгенін еске салып, еркіндікке шыққан соң айтқан адрестеріңе қарызды толық жеткізіп беремін, деп ант-су ішті.
Куба оған сынай қарап:
Жарайды, келістік. Егер алдасаң Алматыда біздің жігіттер жетеді, тіпті төрт айдан соң, амандығын берсе Қара Әмір де еркіндікке шығады. Оған дейін қарызыңды өтемесең өзіңе өзің үкім шығарғаның, тірілердің тізімінен өзіңді сызып тастағаның, түсіндің бе? – деген сөзіне зіл сала айтып. Юсуп қолын жүрек тұсына қойып, басын шұлғи «бәрін де қатырамын, еркіндікке шығысымен қарызды толық өтеймін» деп уәдені үйіп-төгіп кете барды.
Әмірге үйінен хат келген. Өзімен тете інісі Темір үйленіпті. Одан кейінгі інісі әскерден келіп, заңгердің оқуына түсіпті. Әкесі Әмірге «түрмеден босанысымен ауылға кел», депті. Мектеп бітіргеніне екі жыл болған қарындасы сауда-саттықпен айналысып жүрген көрінеді. Бостандыққа қашан шығатыныңды, үйге қашан келетініңді жазып жібер, деп аяқталыпты хат.
Әмір қарап отырса, өзінің әскерден келіп, көрші ауылдың қызын жүкті етіп қойып, оған амалсыз үйленіп, әкесінің қарашаңырағында екі-үш ай тұрып, сосын әйелімен ажырасып, әкесін сабап «Урал» мотоциклін сатып, ауылынан қашып кеткелі де алты жылдан асыпты. Шымкент, Жезқазған, Қарағанды қалаларында әртүрлі топтағы жігіттермен кішігірім рэкетсымақ болып, одан қалса түрлі жолмен тапқан аздаған ақшаны желге шашып, мақсатсыз жүріпті. Дұрыстап ешкіммен жолдас та, дос та болмапты. Аздап аралас-құралас болған жігіттердің ешқайсысымен де шындап дос, сырлас болып жақындаспапты. «Сен маған – мен саған» деген принциппен, қасқырша күн кешіпті.
Келіншегімен ажырасқаннан кейін дұрыстап жігіт болып қыз сүйіп, жүріп те көрмепті. Түрлі жағдайларда қармағына ілінген жеңіл жүрісті қыздарды айтпағанда, бірнеше ай көңілдес болған, өзінен бірнеше жас үлкен келіншек — Әзизадан басқа ешкімі де болмаған екен.
Әмір бұрыннан-ақ жеңіл жүрісті, ішімдік ішіп, темекі тартатын селтеңдеген қазақ қыздарын көрсе суқаны сүймейді. Неге екені белгісіз қазақтың қызына әлем-жәлем боянып, ашық-шашық киініп, жыртыңдап жүру еш жараспайтын сияқты болады да тұрады. Ал орыстың қыздары сөйтіп жүрсе еш ерсілігі байқалмайды, қайта көзге үйреншікті, қалыпты нәрсе сияқты көрінеді. Қалай болғанда да бұл қазақтың жеңілтек қыздарын суқаны сүймей, көңілдес болып қалғандарының өзін кемсітіп ұстайтын. Сондықтан түрмеден шыққан соң да көңілінен шығар қазақ қызы табылғанша бұл үйленбесі анық. Бірақ теріс жолда жүрген адамға қазақтың тәуір қызы қайдан жолықсын, дұрыс өмір сүруге көшсе ғана ибалы қыз кездестіруі ықтимал екенін бұл сезеді.
Ендеше таяуда түрмеден шыққан соң не істемек? Қайда барып қалай өмір сүрмек? Ауылдағы сұрқай да күйбеңі көп кедейлік тіршілікке көндіге алар ма екен? «Сотталған» деген аты бар, ел ішінде тыныш жүру де оңай болмас. Әлде, Кубаның ұсынысын қабылдап «ворлық» өмірге біржолата кіріп кетсе ше? Кубаның сөзі рас болса, бүгінгі заманның «ворлары» баяғыдай қырып-жойып, тонаушылықпен айналысудан кеткен. Ретін келтіріп заңмен «заңсыз» жол арқылы тіл табысып, «ортақ қалтаның» ақшасын айналымға жіберіп, миллиондарды шыр айналдыруға да болады екен. Дегенмен, бұл ол жолға түскен күнде өз ісіңді ашып кәсіпкерлікпен айналыса ғой, деп бұған қылмыс әлемі ақшаны төбесінен құя салмайды. Алдымен қолбалалықта, одан артса орындаушылықта жүретін шығар. Талай «ерегістерге» қатысып, адам өлтіруге де тура келуі, қарулы қақтығыстарда өзі мерт болуы да мүмкін. Тіпті жолы болмай қайтадан түрмеге түсуі де ғажап емес. Әлде бәріне қолды бір-ақ сілтеп ауылға барып мақталықта қара жұмыскер болып тыныш тіршілік етсе ме екен. Әй, бірақ бұл олай өмір сүре алмайды ғой, өмір сүре алмайды, өйтіп. Қасқыр мінезімен қорадағы қойша қалай тіршілік етсін. Бұл қақпанға түскенше, не аңшы мылтығының қарауылына ілінгенше жортуылын тоқтатпайтын жыртқыш сияқты ғой…
Әмірдің еркіндікке шығуын Куба бастаған бірнеше адам атап өтіп, Куба мұнымен оңаша әңгімелесті. Кәнігі қылмыскер жас тарланның бостандыққа шыққан соң қай бағытқа бет аларын білгісі келіп суыртпақтап сыр тартты. Әмір де оңайлықпен сыр аша қойсын ба, «бірінші кезекте елге барып бауырларымды көріп, әкемнің шаңырағында біраз аунап-қунап дегендей еркін өмірге бейімделіп, айналамды байқастаймын. Одан кейінгісін жағдайға қарай көре жатармын» деп екіұшты етіп қойды. Куба «честный арестанттардың» қауымдастығы еркін де молшылықта өмір сүруге, әсіресе, бүгінгі күнде мол мүмкіндік береді. Бұрынғыдай жабайы тағылықпен тонау, қатыгез қарақшылық, орынсыз адам қанын жүктеу дегендер қалғанын тағы да баса айтты. Бүгінде бұрынғы КСРО республикалары, оның ішінде Қазақстан да нарықтық қатынастарға көшуде, яғни жолын тауып, басын істете алған адамдар қан төгіп, банк тонамай-ақ мол қаржы тауып, адамша өмір сүруіне болады. Тек зоналардағы «бауырластарды» ұмытпай «ортақ қалта» қорына қаржымен көмек беріп тұру ләзім.
Ал сол қор сен түрмеден шыққанда алғашқы кезде көмектесетін болады. Әкеңнің үйіне де аздап қаржы бөлеміз, ол осында еңбек етіп тапқан ақшаң болып есептеледі. Онсыз, біздің көмегімізсіз саған еркіндікте қиын тимек. Үйіңе құр қол қалай барасың? Тіпті барарсың, бірақ оншақты жаны бар, оның көбісі әлі кәмелетке толмаған отбасында жағдай жетісіп тұрмағанын өзің де білесің. Қарапайым отбасы түгілі, әжептәуір тұрмысты дегендердің өзі бүгінде тойып тамақ ішіп жүрген жоқ. КСРО құлап, дүние астаң-кестеңі шыққалы жұрт жұмыссыз, жұмыс істейтіндер бірнеше айлап жалақы ала алмай, «горбачевтің талонына» зар болып қалған. Сенің бауырларың, әке-шешең тойып тамақ ішіп жүр ме екен, киімі бүтін бе? Өзің ше, жиырма бестегі нағыз жігіт шағыңда көнетоз киіммен жүрмекпісің. Қалай өмір сүрмексің? Әлде қатқан қара нан жеп, қара су ішіп күн кешуді өзіңе лайық өмір деп ойлаймысың. Одан түрменің аталасы артық емес пе?! Сен сияқты нар жігіттер мұнда да онда да лайықты өмір сүру керек. Ол үшін ештеңеден қаймығып, тайынып қажеті жоқ. Қысқасы, сен сияқты жұдырығы ғана емес басы да жақсы жұмыс істейтін жігітке құр тіршілік ету жараспайды, бір күн болса да қалауыңша, тамаша өмір сүргенге не жетсін.
Бір сағаттан аса әңгімелескенде негізінен сөйлеген Куба болды. Ол өмір туралы әр қырынан айтып келіп, тоқ етерін лайықты өмір сүру үшін нені болсын, тіпті адам өмірін де құрбан етуге тұрады, неге басқа біреулер рахат өмір сүріп сен бейшара болуың керек, жақсы өмір сүру үшін күресу қажет» деп тұжырымдаған. Әмір оның сөзіне біршама ұйып қалғанымен әңгіме соңында «әлі үш-төрт күн бар, ойланып көрермін» деп сырғақтата жауап берді. Куба да асықтырмады, бірақ жас жігітке өзінің әңгімесі үлкен ой салып, қатты әсер еткенін сезді. Ол Әмірден үмітті еді.
Қабырғасымен кеңесе келіп Кубаның ұсынысын жартылай қабылдауды жөн көрді. Куба бостандыққа шыққан Юсуптың айтылған адреске бес мың доллар қарызды апарып бермек түгілі, іздеп барған жігіттерін менсінбей, дұрыс қабылдамағанын айтып «Менің дұрыс өмір сүру жөніндегі ұсынысымды қабылдарсың, не қабылдамассың, бірақ бір тапсырмамды орында, сол Юсуптан ақшаны өндіріп бер. Ол үшін саған ақыңды алдын ала төлейміз. Өйткені, бұл беделдің мәселесі, юсуптар есірмеу керек» деген еді. Бұл түрмеден шығарда «Сол тапсырмаңды орындаймын, одан кейінгісін көрерміз» деп келісімін берді.
Шоферлықтан басқа қолынан келер кәсібі жоқ болғандықтан еркіндікке шыққан соң алғашқы кезде өмір сүріп, бостандыққа үйреніп алғанша біреуді бопсалап болса да көлденең табыс тауып, қалтасына қаржы салып алмаса қиын боларын бұл түсінді. Сондықтан да Кубаның ұсынысын қабыл алды. Өйтпесе, үйелмелі-сүйелмелі бауырларына көмектеспек түгілі өзінің өмір сүруіне адал жолмен нәпаха таба алмай еңсесі езіліп қиналарын, сосын бәрібір ақша табудың заңсыз жолына түсуі мүмкін екенін ойлады. Оның үстіне ұсынысын қабылдап тұрып Кубаға «Мен Юсуптың ғана емес жалпы адам қанын мойныма жүктей алмаймын» деп айтқан. Ол күліп «Өмірде тышқақ лақтың тұмсығын қанатпай-ақ адамша лайықты өмір сүріп, тіпті «законный вор» болып жүргендер де бар. Тек өз өміріңе біреу қауіп төндірген жағдайда амал жоқ, өзің тірі қалу үшін ондай әрекетке баруың мүмкін, әйтпесе, құдай сақтасын, адам өлтірмек түгілі тұмсығын да қанату дұрыс емес» деді, бірақ ішінен «бір ауыздандырса адам өлтіргеннің әкесін сен көрсетерсің, әлі» деп тұр еді.
Сонымен ол берген қаржымен Көкшетауға барып сол жерден атқаратын жұмысы үшін негізгі ақшаны алатын болып келіскен Әмір темір тордан шығысымен-ақ бірден Көкшетауға тартып кетті. Қалаға келген соң айтылған адресті тез тапты. Есікті аққұба әдемі келіншек ашып, ескі танысындай жарқылдай қарсы алды. Бұл келіншек кезінде Кубалармен бірге бидай, ұнмен айналысқандардың бірі екен. Бірақ Кубаның арқасында құқық органдарының көзіне ілікпей аман қалған. Әрі екеуіне ортақ қомақты қаржыны да осы келіншек жасырып сақтап қалыпты. Сосын Кубаның айтқанын қалт еткізбей орындап, одан келген адамдарға «жайылып жастық, иіліп төсек болып» құрақ ұшып қызмет көрсетуде.
Шын есімі – Құралай. Келіншектің сыртқы сипаты, сұлулығы, әсіресе, мөлдіреген жанарлары атына сай келіп тұрғанымен ол Катяға айналыпты. Катяның қала орталығындағы әмбебап дүкенде бір сауда бөлімі бар екен. Үш бөлмелі үйінің іші де үлде мен бүлдеге толып тұр. Жалғыз ұлы Едіге-Едик биыл Ақмолаға оқуға түсіпті. Екеуі біраз шүйіркелесіп, Әмір келіншектің үйіне екі қонғанда білгені осы болды. Ойы бір қонып, Куба айтқан мөлшердегі ақшасын алып, еліне тезірек жету болғанымен құралай көз, еліктей ерке келіншектің ыстық құшағын қимай тағы бір күн қалып қойды. Ұзын бойлы шот маңдай, қалың қабақ, отты жанарлы қараторы жігіт те Катяға ұнап қалса керек. Келіншек мұны Ақмолаға дейін шығарып салды. Сондағы бір дүкеннен ертіп жүріп Әмірді сыптай етіп киіндірді. Әдемі алтын сағатты мұның білегіне тағып тұрып «көзімдей көріп жүргейсің» деді сиқырлана жымиып. Әмір түнгі пойызға отырып оңтүстікті бетке алды.
Ішкі қойын қалтасында Куба бергізген ақша, көңілі жайланып вагон терезесінен байтақ далаға қарап отырған оның ойынан Құралай шықпай қойды.
Сыртқы келбетіне қарасаң қазақтың жыр-аңызында айтылатын нағыз хаса сұлудың өзі. Бірақ сырты қазақтың сұлуы болғанымен, жан-дүниесі әбден орыстанып кеткені байқалып тұр. Жалғыз ұлының әкесі неміс екен, ол төрт жыл бұрын отанына – Германияға көшіп кетіпті. Қанша жалынғанымен Құралай мен баласы екеуі оған ілеспей елде қалыпты. Бірақ Қазақстанды сүйген отаншылдығынан емес, осы жердегі жағдайы жақсы, өмірі тамаша, бизнесі жүріп жатқандықтан, соларын қимай қалған көрінеді. Жаңа жерге барып бәрін басынан бастауға Құралайдың құлқы да болмаған, тәуекелі де жетпеген. Оған қоса қазақша білмегеніне қарамастан осында қалғаны, орысшамен-ақ өмірінің соңына дейін еш қысылмай өмір сүретініне сенімді екен.
Бұл қалжыңдап «Түріңе қараса қазақтың хас сұлуысың, сөзің орысша, неге өз тіліңді үйренуге тырыспайсың» дегенде Құралай «Туғаннан орыстың арасында, орыс мектебін бітіріп, бүгінге дейін айналамда тек сол тілде сөйлеп келе жатқан маған енді қазақша үйрену қалып па. Қазақ тілі сенің Шымкентіңнен Көкшетауға жеткенше мен де кемпір болармын» деп әзіл-шынын араластыра жауап берген. Бұл оңтүстіктің қазағы мен солтүстіктің қазағының сыртқы келбеті де, ішкі дүниесі де бір-бірінен өзгешелеу болып бара жатқанын түйсінген. Оның арты қайда соқтырарын Әмір терең ойлап бас қатырғысы келмеген, жоғарыда бәрін де қатырамыз деп жүргендер қатырар, деген де қойған.
Тамбурда темекі шегіп тұрғанда қызыңқырап алған екі жас жігіт бұған тиісе сөйлеп, шатақ шығарғысы, сылтау тауып бұған ұрынғысы келгенде жайшылықта басынан сөз асырмайтын Әмір төменшіктеп үнсіз тұра берді. Өзі ілінісе кетуге дайын жүретін ол әлгілерден қорыққаннан өйткен жоқ, тек түрмеден шықпай жатып, болмашы нәрсеге бола шатысып, көзге түскісі келмеді. Егер әлгі екеуін төмпештеп алса линиялық милиция жетіп келері сөзсіз. Мұның түрмеден босанып шығып келе жатқаны туралы құжатын көрген соң «қораға тығуы» мүмкін. Яғни миын шірітіп иттей қылып, бір станциядан түсіріп алып, әлде бір қылмысты бұған жапсыра салуы да ықтимал. Сондай әуре-сарсаңнан қашқандықтан ғана ол әлгі екі жарыместі ұрмай-соқпай зорға шыдап қалған еді.
Шымкент теміржол вокзалынан түскен соң перронда тұрып бір темекі шегіп алды да екінші қабаттағы мейрамханаға көтерілді. Тамақпен бірге екі жүз грам ақ арақты қырлы стақанмен сіміріп салып, өрекпіген көңілін басты. Такси ұстап Темірланға тартты.
Туған үйінің ауласының дәл алдына келіп таксиді бір-ақ тоқтатты. Есік алдында онбестердегі бір қыз бала, онекілердегі бір ұл бала және төрт-бестердегі бүлдіршін жүр екен. Олар қызыл «Жигулиден» түскен қымбат киімді, үлкен екі сөмкелі кісіге аңқия қарап қалыпты. Әмір қарындасы мен інісін шырамытты, бұл үйден кеткен бес-алты жылда бауырлары әжептәуір өсіп, тағы бір інілі болыпты. Қарындасы мен ересектеу інісі де мұны шырамытқанымен жатырқаңқырай жақындады. Машинаның тоқтаған даусына үйден әке-шешесі мен тағы екі-үш іні-қарындасы қоса шықты. Қақпа есігінен ішке еніп аула ортасына келіп қалғанда барып алдымен анасы ұмтылды.
Әмір ғой, Әміржан ғой, құдай-ау! – деген шешесі мұны құшақтай алып, бойын созып маңдайынан сүйіп жатыр. Әкесі үнсіз келіп құшақтап тұрды да:
Келдің бе, балам?! –деді мейірлі үнмен. Ол екеуінен соң бауырлары да ұяң ғана амандаса бастады.
Шәй қайнағанша бұл екі сөмке толы базарлықтарын үлестірді. Көптен бірнеше жаңа киімді бірден киіп көрмеген әке-шешесі де, бауырлары да қуанып, мәре-сәре болып жатыр. Бұл іні-қарындастарына жобалап екі-үш өлшемнен парлап киімдер ала берген, сонысы дұрыс болыпты, олар өздеріне шағын тауып киіп жатыр.
Екі иығынан демалып, ортаға буы бұрқырап келген сары самаурындағы күрең шәйді жүзімдік көлеңкесіндегі сәкіде бұл әкелген неше алуан мәзірмен сораптай ішіп отырып, сараң ғана әңгіме өрбіді. Өз жайын қысқа баяндаған Әмір үйдің, бауырларының жайын көбірек сұрады. Шешіле сөйлеп отырған шешесі, әкесі көбіне үнсіз.
Кешкісін басқа бауырлары да келді. Мұның оралғанын естіген көрші-қолаң, туыстар да келіп әке-шешесіне «Әмір келіп көзайым болып жатырмысыңдар, ұзағынан сүйіндірсін» десіп дәм жеп шығып жатыр. Қатар-құрбыларының да бірнешеуі келіп, біраз отырып кетті. Жұрт аяғы басылған соң Әмір «Түрмедегі төрт жылғы еңбекақым ғой» деп қомақты қаржы берді. Әкесі қаржыны алғанымен алаңдаған көңілмен бұған қарап қойды.
Әмір ауылда бір айдай демаламын ғой, деп еді, бірақ бір аптадан соң-ақ іші пыса бастады. Сосын кіші інілерін ертіп алып, көрші молда шалдың есек-арбасымен тоғайдан қураған отындық ағаш әкеліп, аралап, шауып жиып қойды. Арыс өзеніне барып суға түсіп, балық аулады. Бала кездегі Ерман мен ағалары өзіне жабылып өзен бойында ұрғанын есіне алды. Сонда ажыратқан Шота ақсақал бар ма, екен? деген ой келді. Шалғымен шөп орып, теректердің бұтағын бұтады, бірақ, ештеңе алданыш болмады. Ақыры Алматыға баруға бел буды. «Түрмедегі біреудің сәлемін туыстарына жеткізуім керек, сосын мүмкін Алматыда қалармын, не Шымкентке оралып бір тірлікпен айналысармын» деген оған анасы шыж-быжы шығып «Ауылда-ақ тірлік істе, үлкенімізсің, үйлен, Алматыда нең бар, сыртта жүргенің аз ба» деп алысқа барамын дегенін жақтырмағанын аңғартты. Әкесі бірдеңені сезгендей ұлына ұзақ қарады да күрсінді, бірақ үндемеді.
Тау бауырындағы әсем қалаға жетісімен Куба берген адресті көп іздемей-ақ тапты. Бірақ есік ашқан әйелге «пәтер іздеп жүрмін» деді. Ішімдіктен беті долырып ісініп кеткен, кешегі ішкен ішімдігінің исі мүңкіп тұрған әйел мұны бірден үйге кіргізді. Екі бөлмелі пәтер екен, соның бүйірдегісін көрсетіп «Қомсынбасаң осы бөлмеде тұруыңа болады, пәтерақыны қымбат сұрамаймын, мен бір өзіммін, күйеуім өткен аптада ғана сотталып кетті» деді. Бұл шығып кеткелі тұрды да:
Мен ойланып көрейін, кеше қатты тойлағансыз-ау, сірә? – деді әңгіме ауанын басқа арнаға бұрып. Ол бірдеме дәметкендей:
Айтпа, күйеуімнің бір досының әйелімен екеуміз шер тарқатамыз деп көбірек сілтеп жіберіппіз. Бас құрғыр сынып барады.
Немене, оның да күйеуі сотталды ма?
Жоқ. Оның күйеуі ірі кәсіпкер, ол сотталмайды. Соған ілесемін деп қой біздің байғұстың басы шатылып жүргені. Ал Сергей дегенің пысық, ірі коммерсант…
Әйелдің сөзін бөліп жіберген Әмір:
Басымыздан талай өткен, ішкен күннің ертеңіне бас жазғанша өліп қала жаздайтынбыз, түсінемін. Қазір, басыңызды жазамыз, мен тез әкелемін, — деп шығып, әлгінде жақын жерден көрген дүкенге кетті. Әйел сенер-сенбесін білмей аңырып қала берді. Сәлден кейін Әмір әйелдің басын жазып бере отырып біраз нәрсеге қанықты.
Әйелдің күйеуі Юра екі серігімен бір кәсіпкерді бопсалап бірнеше мың долларға түсірмекші болғанда тұтылып, бірнеше күн бұрын ғана сотталыпты. Ал Сергей болса ертеректе Юрамен бірге түрмеде отырып шыққан жігіт екен. Бүгінде бизнесі өрге домалап, дүркіреп тұрған жайы бар. Юраны талай шаруасына пайдаланыпты. Соңғы кездері Юра көп ішетін болғандықтан оған тіпті кіріптар болып қалған. Не істесе де сол Сергейдің тапсырмасымен істейді. Соңғы істе де соның қатысы бар сияқты, бірақ, Юра мен серігі сотталып, Сергей аман қалды.
Ішілген арақ кешегі іштегі спирт уытын қайта оятқан әйел талай әңгіме айтып, масаң тарта бастады. Бұл Сергейдің адресін біліп алған соң, сонда тартты. Жолда келе жатып «Бұл Сергейің өте қу болды. Өз адресін бермей Юраның адресін бергенін қарасаңшы. Кубаның өзіне осылай басқа адрес беріп жүрген бұдан абайламаса болмайды екен» деп ойлады.
Такси «Казачья станица» жақтағы көшенің біріндегі биік қоршаулы үйдің алдына келіп тоқтады. Бұл таксиді жібермей тұрып темір қақпаның қоңырауын басты, іштен шыққан бұйрабас жігіт Сергейді сұраған бұған үнсіз бастан-аяқ қарап шықты да «күте тұр» деп есікті жауып алды. Әлден соң тез-тез басып келіп есікті ашты. Әмір таксиге «кете бар» деп белгі беріп, аулаға кірді. Сыртынан жұпынылау көрінген үйдің жанында кең аулада екі шетелдік көлік тұр, үйдің іші бай безендірілген, мүлкі де қымбат жиһаздан екен. Орта тұстағы кең бөлмеде үш адам отыр. Төр жақтағы қырықтардағы мұртты орнынан тұрып келіп:
Кімсің? — деді де бұл Кубаның жібергенін айтқан кезде, — бұл жігіт біздің бауырымыздың бауыры, қателеспесем аты Қара Әмір деді де мұны дастархан басына шақырды. Дастархан басында негізінен Сергей сөйлеп отыр. Ондағы «бауырластардың» жағдайын сұрап, еркіндікке үйрендің бе, деп қойды. Әлден соң «жолдан келген қонақ жуынып-шайынып алып, тынықсын» деп ұсыныс айтып, ауыз бөлме жаққа қарап «Емеля» деп дауыстады. Әлгінде қақпа ашқан бұйрабас сары келіп мұны ертіп кетті. Сергей орнынан тұрып «алаңсыз демал, шаруаны ертең сөйлесеміз» деп мұны есікке дейін шығарып салды.
Әмір таңертең тыңайып, бойы сергіп оянды. Таңғы ас үстінде Сергей оны біраз мәселеге қанықтырды. Юсуп бес мың долларды әлі бермепті. Мұның жіберген жігіттерін мазақтағандай етіп менсінбей сөйлесіп, бос қайтарыпты. Ол бүгінде бірнеше ағайындарымен бірлесіп асхана-шәйхана бизнесімен айналысатын көренеді. Сергей әзірге өзі оған бармапты. Әмір «Дәу де болса оншақты жылдан бері еркіндікке үйреніп, ісің алға басып, байып алған соң жанға жайлы өмірге дәнігіп, нақты істерден бойыңды аулақ салып, көзге түскің келмей жүрген қусың ғой» деп ойлады ішінен.
Бұрындары өз биліктеріне алған қаланың бір бөлігіндегі бизнесмендерінен де біртіндеп айрылып келе жатыр екен. «Бүгінде бәрі қиындап кетті. Бизнесмендерге «қорғаныш» болғысы келетін топтар көбейді, оның үстіне кәсіпкерлер де сәл қит етсе милицияға жүгіретін болған» деген Сергейдің сөзінен бұл оның «барлық істен» әбден сырттап қалғанын аңғарды. Бірақ, «бауырластар» үшін «ортақ қалтаға» қажет қаржы беруден бас тартқан емес, әрі мұның қылмыс әлеміндегілермен байланысы барын білетін ұры-қары, рэкеттер де Сергейді мазаламайды.
Бұл болса әжептәуір ұйымдасқан топтың тізгінін босатып алған, айналасында төрт-бес сыбайлас-серіктері ғана қалыпты. Басқалары өз беттерінше әрекет етіп, не басқа бір топтарға өтіп кеткен. Бір бизнесменді екі мың долларға бопсаламақ болғанда өзі әзер аман қалып, екі адамы таяуда ғана сотталып отыр. Қысқасы, тобынан да, билігіндегі территориядан да айрылып қалған.
Бір-екі күн осында болғанда Әмірдің байқағаны осы жайлар болды. Басқа топтарда да Кубаны білетіндер бар сияқты. Бірақ, қылмыс әлемі жыртқыштар әлемі емес пе, ол топтардың ешқайсысы да Сергейдің тобының әлсіреп қалғанына қуанбаса ренжімейді. Оның үстіне кейінгі кезде қазақ жігіттері басқаратын топтар Алматыда әжептәуір беделге ие болып келе жатқан көрінеді.
Әмір қалаға шыққанда үнемі жалғыз жүреді. Сергей мен достары мұнымен бірге жұрт көзіне көрінгісі келмесе, бұл да олардан бойын аулақ салуға тырысады. Бұл екі жақтың да милицияның көзіне бірге түсіп қалу қаупінен сақтанған түрі. Ол бүгін де Сергейдің бақшасы арқылы екінші көшеден шықты да, былайырақ ұзап барып таксиге отырды. Сергейдің сілтеуімен Юсуптың қала ішіндегі екі-үш тамақтанатын сауда орындарын сырттай байқастап көрген. Енді Алматы мен Талғардың арасындағы тасжол бойында орналасқан үлкен Керуен сарайды барып көрмек. Бұлардың қайсысы тікелей Юсуптікі екенін білу қиын. Өйткені, олар еншісі бөлінбеген бауырлардай әлгі бірнеше орынды бәрі жабыла ұстап, жұмысын бірлесіп жүргізеді екен. Олардың үлкен басшысы – «паханы» болу керек, деп Денщик деген Сергейдің бір шабарманы көрсеткен адам елулерге келіп қалған, аққұбалау, сақал-мұртсыз, қазақы тақиялы, түрі де қазаққа ұқсап қалған.
Керуен сарай – дәмхана, қонақ үй, гараждары, автотұрағы, кешкі мейрамханасы бар үлкен кешенді ғимарат екен. Келушілер кешке қарай көбейетінін күндіз біраз бақылап кеткен Әмір кешке сырттағы шатырлы столдардың біріне отырып, алыстан Юсупты байқады. Зонадағыдай емес еңсесі түзеліп, маңғаздана жүретін әдет тауыпты. Оны даяшы жігітке сыртынан көрсетіп «Ескі танысың күтіп отыр» деп шақырып келуге жұмсады.
Тұтас шыныланған қабырғадан қасында бір нөкері бар тез-тез басып екінші қабаттан түсіп келе жатқан сұлбасы байқалды да, есік алдына шыққан Юсуп бұл отырған тұсқа қарап тоқтай қалды. Сосын қасындағының құлағына бірдеме деп сыбырлады да өзі маңғаздана басып бұған қарай жүрді. Әмір көз құйрығымен бәрін көріп отырғанымен қозғалмады, дәл қасына келіп «Әмір, Қара Әмір!» деп ақырын ғана дауыстап, құшағын жайғанда барып орнынан көтерілді. Екеуі сағынысқан достарша құшақтасып көрісті. Юсуп ішке шақырғанымен бұл көнбеді, отырған орны оңашалау еді. Әпсәтте даяшы дастарханды дәмге толтырды. Юсуп құлағына сыбырлаған жігіт пен тағы біреуі бұларға онша алыс емес бір столға келіп жайғасты. Оққағарлары ма, інілері ме, әйтеуір, бұларды сырттай бақылаушылар.
Әдеттегі жағдай сұрасудың барысында кездескендері үшін бір-екі мәрте стақан қағыстырып алып қойды. Юсуптың өзі қарызды бере алмай жүргенін, дәмханалар өзінікі еместігін, тек жалақыға жалданып жұмыс істейтінін айтты.
Куба қайда асығады, бәрібір отыр ғой, күтсін, — деді сөзінің соңын кекесінмен бітіріп. Кубаны кекеткені, Әмірді кемсіткені. Бұл өткір көздерімен от шаша жалт қарағанда Юсуп селк етіп сасып қалды да, бірақ бойын тез жиып алды. Өз территориясында отыр, оның үстіне дәу де болса мұның жалғыз келгенін сезетін сияқты. Оған түйіле қараған Әмір:
Мен ақымақ емеспін Сергей сияқты күні біткен біреумен байланысатын, «Рыжий алмазды» білетін шығарсың, ісің сонымен болады. Егер шәйханаларың бір-ақ күнде отқа оранып, күлі көкке ұшсын демесең, ертеңнен қалдырмай қарызды қолыма ұстатасың, сонда бейбіт тарасып, бір-бірімізді мүлде ұмытамыз, — деді. Сәл ойланған Юсуп:
Куба маған «қаразыңды Сергейге бересің» деген, сен онымен зонада әмпей-жәмпей болғаныңмен еркіндіктегі тірлігің бөлек шығар… – деп келе жатыр еді, Әмір зонадағы Кубаның «Қарызды уақтылы қайтармасаң артыңнан Қара Әмір барады» дегенін оның есіне салды. Юсуп бұлталақтауға жібермесін сезген соң икемге келгендей болды. Ертең бұлар Талғар қаласындағы елеусіздеу бір мейрамханада кездесуге келісті.
Cергей Әмірдің айтқандарын тыңдап болған соң: «Талғардағы айтып тұрған мейрамханаң да солардікі, жалпы, бәрі де сенімсіз нәрсе, ол қарызды қайтармайды, басқа бірдеме ойластыруы мүмкін. «Рыжий Алмазың» авторитет болғанымен оларға «не указ» ол, әрі сен оны мүлде танымайсың, біздің де онымен мүлде байланысымыз жоқ. Ең дұрысы, мен екі көмекші берейін Юсупты қолға түсіріп, оңаша алып шығып қорқыту қажет, сонда жаны үшін қарызды қайтаруы мүмкін. Олар да әлсіз емес, бірақ біз олардың адамын бопсалап ақша талап етіп тұрған жоқпыз ғой, өз ақшамызды қайтаруды талап етіп тұрмыз» — деді.
Әмір Юсуппен хабарласып, Талғардағы мейрамхананы білмейтінін айтып, Керуен сарайдың қасында жолығып, сосын Талғарға қарай бірге жүретін болып келісті.
Ертеңіне Юсуп пен Әмір жолықты. Анадай жерде тұрған машинадан түсіп бұлар мініп барған көлікке отырған соң Юсуп:
-Екі мың берем, сонымен қайт, екеумізге де сол дұрыс, — деді. Бірақ, Әмір оған мұндай таза емес тірлікке бармайтынын, ертеңгі күні екеуін ғана алдым дегеніне ешкім сенбей, өзі «қораға» кіріп қаларын айтты. Юсуптың бүйіріне пистолетін тақады да, рөлде отырған Денщиктің иығынан қақты. Жеңіл машина жұлқына қозғалып, жүйітки жөнелді. Арттағы көлік ес жиып қозғаламын дегенше Денщик тар көшелерге кіріп, бұлталақтата бұрылыстармен жүріп, көзден таса болды. Біраз жүріп артындағы қуғыншылардан құтылғанына көзі жеткен соң қиялап тау жаққа қарай бет алды. Қалың алма, алмұрт өскен баудың тасалау тұсына барып тоқтады. Алдыңғы орындағы Дух машинадан түсе қалып артқы есікті ашты. Оның да қолында кезенген пистолеті бар еді. Юсуп қасында отырған қабағы қатулы, өзі қарулы Әмірге бір, сыртта өзіне қару кезенген Духқа бір қарап, шынымен састы. Екі орыс жігіті түсінбесін дегендей қазақша:
— Қара Әмір, мен түспей-ақ қояйын, бәріне келістім, қазірше мына екі түйірді ал, кешкісін қалаған жеріңе қалған үш мың долларды әкеліп беремін, қазір кері қайтайық, — деді жалынышты дауыспен. Сөйтіп қалтасынан бір бума жасыл қағазды шығарып ұсынды. Әмір ол ұсынған ақшаға көз қиығын да салмастан:
— Қалаға қайтамыз, бірақ дәл қазір қарызды түгелдеп қолыма ұстатасың, әйтпесе, өкпелеме. Адам өлтіру Дух үшін тауықтың басын жұлғанмен бірдей ғана нәрсе, — деді. Юсуп бірден келісе кетті. Сосын Керуен сарайға баруды ұсынды. «Менде ақша жоқ, басшымыз сол жерде, содан қарыз алып беремін» деді ол. Бұлар соған келісті де кері қайтты. Әмір Юсуптың өзі туралы «Мынауың өзі біздің қалың ортамызға барып ұсталарын білмей келісті ме, әлде басқа ойлағаны бар ма», деп басы қатып отырғанын сезді. Бұл да олардың ордасына осылай бара салуға келіскенде, олардың бір-екі адаммен келген бұған қарап «көзсіз батыр ма, әлде бірдеме ойлаған қулығы бар ма» деп басы қатып тұрғанда, төтеннен қимылдап өз ойын іске асырып кетеріне іштей сеніп отырғандықтан тал түсте қалың қарсыласының ортасына бара жатыр.
Бұлар трасса жолдың жиегіндегі Керуен сарайға келгенде шаңқай түс еді. Жүргінші аз, бірен-саран ғана келушілер. Бұларды жас жігіт қарсы алды. Юсуп оған қарап «Біз келдік. Шәдікең осында ма?» деді. Анау басын изеді де ішке қарай кетті. Әмір серіктерімен аз сөйлесіп Духты ертіп Юсупқа ілесті. Екінші қабаттың түкпір жағындағы қызыл ағаштан жасалған есік аузында әлгі жас жігіт тұр екен, бұларға ілтипатпен ескі ашты. Бұның қадала қараған отты көзінен жанарын тайдырып, төмен қараған қалпы есік ашып жатқан жас жігіттің мүләйімсіген түрінен Әмірдің жүрегі жағымсыз бірдемені сезгенімен енді кеш еді.
Іште, кең бөлменің төрінде үлкен столдың арғы жағында биік креслода елулердегі аққұба кісі отыр. Шәдікең дегендері осы болса керек. Ол күлімсіреп орнынан көтерілді. Бұлар бөлме ортасына қарай екі адым аттап үлгермей жатып есік жабылды да, екі бүйірден қару кезенген екі жігіт шыға келді. Дух та қаруын Юсуптың көкжелкесіне тірей кезеніп тұра қалды. Төрдегі басшы орнына қайта жайғасты. Содан кейін бөлме ортасында тұрып қалған Әмірге күлімсіреген қалпы алдындағы орындықты нұсқап «отыр» деді даусын көтерместен. Бұл отырды.
Шәдіқұл тал түсте өзінің бауырына қару көрсетіп, бопсалап, тонамақ болып жүрген жігіттерді қаласа қазір-ақ жандарын жаһаннамға жіберіп, ештеңе көрмегендей, ізін жасырып отырса да болатынын, бірақ өзінің қатыгез еместігін, сондықтан жандарын олжа етіп бұлардың жөндеріне кетуін өтінді. Әмір оның «жандарың сауға, кетіңдер» дегеніне сенбей отыр. Сол себепті де отырған орнынан былқ етпестен, әрі анау қару кезеніп тұрғандар өзіне еш әсер етпегендей байсалды түрде Юсуптың өздеріне қарыз екенін, енді соны төлегісі келмей қашқақтап жүргенін, ал қарызын алмай өзінің осы орнынан тапжылмайтынын айтты. Ең соңына «Оның өмірін біз сол қарыздың көлеміне де бағалап отырған жоқпыз. Бауырыңыз болса істеген ісін мойнымен көтерсін, ол қарыздың жетпегенін сіз төлейді деген, төлеңіз қарызын, сонда кетеміз. Болмаса бізге бөгет болмаңыз, өзіміз шешеміз бұл мәселені», деп шегелей қосып та қойды.
Шәдіқұлдың қабағы шытылып, столының суырмасын жартылай ашып, пистолетін ыңғайлап қойып, даусы қатқылдана шықты.
Сендерді жіберген Сергей болса, оған «хана», кімге қарсы шығып жүргенін білмей жүр екен. Ал сен екеуің тірі қалуға мен берген мүмкіндікті пайдаланып қалмаған өздеріңе өкінетін боласыңдар. – Осылай деп келе жатқан оның сөзіне қарап бұлардың Сергей сияқтылардан мықты екенін ұққан Әмір шұғыл да шалт қимылсыз өздерінің тірі қалмаулары да мүмкін екенін сезді. Сезді де кенет қабыланша қарғып столдан асып барып Шәдіқұлдың алқымына жабыса кетті. Жартылай ашық стол суырмасына созылған оның қолының сыртынан ұстай алып, қолын пистолетімен оның шекесіне күштеп бұрып тақады. Мұндай шалт қимылды күтпеген басқалар абдырап, оқ атып та үлгермеді. Енді басшысының шекесіне пистолет қадалып тұрғандықтан Әмірді атар атпасын білмей кідіріп қалды. Бұл естерін жиғызбай пистолетті шекесіне батыра түсіп, оның саусағының сыртынан шүріппедегі өз саусағын сәл қысыңқырап тістене сөйлеп ақшаны талап етті.
Шәдіқұл қанша дегенмен сырын білмейтін, таныс емес жас жігіттің мына өлермендік қимылынан шошып қалып еді. Бұл жерден бәрібір тірі құтылмасын сезіп, жаны қысылса қазір ойланбастан шүріппені қаттырақ басып та жіберуі ықтимал. Мына түрімен атып салудан тайынбасы байқалып тұр. Осындай ойлар зәресін алған ол күбірлей басын изеп столдың сол жағындағы сейфті ақырын қимылмен ашып, одан бірнеше бума ақша алып стол үстіне қойды. Онысы бес мың доллардан көп еді. Столдағының бәрін алып кетсе, ертеңгі күні артық ақшаны тонап кеткені үшін жауап беруге тура келерін білетін Әмір Шәдіқұлдың алқымындағы қолын босатып, бір қолымен өздеріне тиесілі ақшаны бөліп алды. Сосын даусын қалыпты сақтауға тырысып «Біз тонаушы емеспіз, өзімізге тиесілі ақшадан артығын алмаймыз. Енді бізді өзің сыртқа, машинамызға дейін шығарып саласың» деді.
Шәдіқұл түнерген қалпы орнынан көтеріліп есікке қарай беттеді. Абдырап, не істерін білмей тұрған қарулы жігіттеріне басын кегжең еткізіп «жолдан былай ығысыңдар, бөгемеңдер» дегендей ишара жасады. Дух та Юсуптың қарынан ұстаған қалпы желкесіне қаруын кезене есіктен шыға бастады.
Бірінші қабатқа түсе бергенде тал түсте мынадай жағдайда бірлі-жарым болса да адамдардың көзіне түсіп қалуға, біреулер қаруды көріп милиция шақырса, мәселе үлкен шуға ұласып кете ме, деп қауіптенген Шәдіқұл кенет тоқтап «Менің адамдарымның бәрі осында қалсын, сені мен серігіңді бір өзім машинаңа дейін шығарып салайын. Керексіз көрініс ешкімге де қажет емес қой» деді. Дух бұған қарап еді, Юсупты жібер, дегенді ишарамен байқатты да өзі қаруын жасыра ұстап, Шәдіқұлды қолтықтап сыртқа беттеді. Серігі де сақтана басып артынан ілесті.
Бұлар машинаға жайғасқан соң Шәдіқұл бұған қолын созды, пистолетін сұрап тұр. Оқшантайын алып қалып қаруын қайтарған ол машина жүре бергенде арттарынан «Енді Сергейге ғана емес бәріңе де «хана», дегенін естіп қалды.
Кешкісін Сергей болған жағдайды естігенде қудай болып бозарып кетті. Әмірге тікелей ұрсып сөйлеуге бата алмағандықтан жалпылама бірдемелерді айтып біраз байбалам салды. «Құрыдық. Олар қазірде елеулі күш, ешкімнен тайсалмайды. Шурик енді бізді аямайды. Басымызға бәле тауып алдық. Сол бес мың долларды мен-ақ беретін едім, бұндай боларын білгенде, енді қайттік?!» деп бөлме ішінде байыз таппай арлы-берлі жүрді де ақыры амалы таусылған адамдай Әмірге бұрылып, даусын бәсеңдетіп «Мүмкін, сен қаладан кетерсің, сені мен білмеймін, деп құтылармын, а», деді бір шарасыздықпен.
Әмір Кубаның бес мың долларына бола қызбалыққа салынып өзін қауіпті жағдайға душар еткенін ұқты. Дух алдындағы стақан толы арағын ашырқанбастан қағып салды да «Серый, қашанғы бұлай бұғып, көлеңкемізден қорқа береміз? Бірнеше жыл бұрын ғана соларың бізден қалай қорқушы еді. Басқасын айтпағанда енді солардан да жүрегіміз ұшпақ па, о несі, ей» деп қолын бір сілтеп орнынан тұрып кетті. Сергей оған алая қарағанымен үндеген жоқ. Өйткені, осы Дух сияқты үш-төрт қана жігіті қалған маңында, басқа сенетін де ешкімі жоқ. Мықты жігіттер аз болған жоқ, біразын өзі ығыстырды, кейбірі қайта сотталып кетті, енді біреулері бұны мещандық өмірді артық көрдің, деп өздері тастап кетті. Бірақ бүгінге дейін бұған тиісіп, басынып көрмеген болса ол Кубаның арқасы шығар. Себебі, сол арқылы қаншама мәрте айтылған көлемде қаржы аударып келеді. Көрінген «рэкетсымақ» келсе де содан аз алмас еді, ал Куба болса бұны қорғаумен бірге «өз адамы» санайды. Бұның баяғыда түрмеге отырып шыққанының өзі де мұны қылмыскерлерден сәл де болса сақтап келеді. Бірақ мына Шәдіқұл-Шуриктен сақтау-сақтамасы белгісіз.
Шәдіқұл кейінгі кезде кавказдықтармен ауыз жаласып жүрген сияқты. Оған қоса мұның территориясына кіріп кеткен түріктермен де бірлесіп алып, мұны жойып жіберулері де мүмкін. «Бауырластар» бұндайда бауырмашыл, біріккіш келеді ғой. Сондықтан қайдағы бір бес «кусокқа» бола бұл бәрінен айрылып, тіпті ажал құшып, жойылып кетуі де мүмкін. Бәрі мүмкін. Енді не істеу керек?! Кейінгі кезде Алматыда күшейіп келе жатқан қазақ жігіттерінің бірнеше тобы бар. Қара Әмірді араға салып, сол топтардың біреуіне шығып байланыс жасап, солардың көмегімен Шәдіқұлмен тең дәрежеде сөйлесуге де болар еді.
Осылай ойлағанымен, бірақ бұлай істеуге Сергейді жалған намысы, өркөкіректігі жібермеді. Екінші жағынан аз ақшаға бола Шурик қатыгездік жасай қоймас деген де үміті бар еді. Стасқа шықса ма, екен. Ол Кубаны жақсы біледі, әрі қаладағы криминал әлемінде оның орны да, беделі де бар. Бірақ болмашы істің тігісін жатқызып бергені үшін ол көп ақша сұрайды, оған артық төлеуге тура келеді. Сергей бір шешімге келе алмай дал болды.
Әмірге тікелей кінә тағып сөйлеуге, немесе үйінен кетіруге батылы жетпегендіктен Сергей кешкі ас үстінде Денщик пен Духты түрлі сылтаумен біраз сыбап алды. Сосын, бәріне де бүгін түнде сақ болуды тапсырды. Кешкі астың соңына қарай ішімдіктің әсері ме, Сергей сәл көңілденгендей болды. Жігіттеріне қарап «Біз Шәдіқұлдың адамдарын шулатпай тұрып Қара Әмір барда алдымен өзіміз билеп отырған аумақта пайда болып, біздің табысымызға ортақтаса бастағандардың «мәселесін» шешіп алуымыз керек. Әйтпесе, берер жылда Куба еркіндікке шыққан соң Көкшетауында қала ма, әлде әсем Алматыға келгісі келе ме, оны бір құдай біледі. Ал Алматыға келетін болса біз иелік етіп отырған территориямыздан айрылып қалсақ, ол аямайды, ол жаман, бастан сипай қоймайды. Әсіресе, бәрін бетімен жібердің, деп мені құртады. Ал мен сендерді аямаймын, жазалаймын», деген Сергей кенет Әмір өзіне қарап қалғандай болып, қараптан қарап қысылды. Соңғы сөзіне шамданып та қалуы мүмкін ғой бұл шотмаңдайдың. Өзі моп-момақан түрде отырады да кенет көзінен ұшқын атып шыға келеді, нендей кереметі барын кім білсін. Бұл түріктермен тіл табысып кетсе, ертеңгі күні Куба келген соң соларға қосылып, бұл қажетсіз болып қалады. Қажетсіз нәрсенің көзі жойылады. Сондықтан да тірі қалып, жойылудың алдын алу үшін осы шотмаңдайды өзіне толық қаратып алу қажет. Ол үшін күні ертең барып Шәдіқұлдан кешірім өтініп, олармен тез татуласып, есесіне түріктерді территориядан айдап шығу қажет. Мынаған қаржылай жағдай жасаса ол өзі-ақ «көмекші-серіктерін» тауып, жинап алады.
Осындай ойларымен болып отырған Сергейдің ойын Емеляның ентіге кіріп «уйгуры» деген даусы бөліп жіберді. Емеля «Не істейміз?» дегендей Сергейге қарады. Әмір, Дух, Денщик үшеуі де бір бәленің боларын сезгендей сақ отыр екен, көрші бөлмеден бері атып шықты. Сергей соларға бір қарады да:
-Кіргіз, — деді.
Сергей сыр бергісі келмегендей төрдегі өз орнына отырды. Есіктен бірнеше адам кіріп келе жатты. Араларында Шәдіқұл көрінбеді. Артынша арық ұзын біреуінің қолындағы дыбысы тұмшаланған пистолеті шошаң ете қалды. Сергейдің басы қайқаң етіп барып бір жағына қарай қылжиды. Дух та әлгіні атып үлгерді, екі жақтан атыс басталып, шам сөніп, бөлме іші апыр-топыр болып кетті.
Бұрын мұндайды кинодан да көрмеген Әмір қорқып кетті. Ол Сергейге қарай пистолет көтеріле бастағанда-ақ көрші бөлмеге қарай ыңғайлана берген. Пистолетпен бұрын атысып көрмегендіктен бе, оны қолына алуын алғанымен атқан жоқ. Қайда, кімге қарай атарын да білмей қалған ол атыс басталысымен бұқпантайлай зып етіп көрші бөлмеге өтті де, ашық терезесінен сыртқа секіріп кетті. Бау-бақшаның ішімен көрші көшеден шығып, біраз жерге дейін жүгіріп барып, сосын ғана үсті-басын ретке келтіріп жүрісін баяулатты. Әдейі такси тоқтатпай қаракөлеңкелеу жерлермен жаяу кетіп бара жатқан оның қалтасында Сергейге беріп үлгермеген бес мың доллар мен Сергей берген пистолет бар еді.
Атыс бұл жүгіріп келе жатқанда-ақ, тез бітіп қалған. Зымыраған екі-үш жеңіл машина көрші көшелердің бірімен зулап бара жатты. Бұл жүрісін жылдамдата түсті. Оқиға болған жерден біраз ұзап шығып барып машина тоқтатты да қала орталығына қарай кетті. Таңға дейін ашық тұратын кафе-барлардың бірінің алдынан түсіп қалды. Кафенің қаракөлеңкелеу бұрышында аздап ішіп-жеп отырып таңды атырды.
Әмір не істеп, қайда барарын білмеді. Сосын тәуліктеп жалға берілетін пәтерлердің бірін жалға алды да, үйден шықпай екі күн бойы жатты.
Ертеңіне-ақ теледидардан Сергейдің өлімі жайлы қысқа ғана «Кеше пәлен деген кәсіпкердің үйінен үш адамның мәйіті табылды. Бизнесменнің әйелі сол күні үйіне қонбағандықтан ажалдан аман қалды. Үйде сондай-ақ үлкен өрт болғандықтан шала күйген мәйіттердің өрттен, не басқа себеппен өлгені анықталу үстінде. Бизнесменнің қылмыс әлемімен байланысты болғаны анықталды. Оқиға барысы тексерілуде» деп хабарланды.
Қатыгез қылмыс әлемінің өлімге соқтырған бір оқиғасына қатысып көрген Әмірге ойланып, нақты бір шешімге келу керек болды. Егер ауылына қайтып, бәрі құрысын, тыныш қана өмір сүрейін десе де енді оған Шәдіқұл да, Куба да мүмкіншілік бермейді. Ал қылмыскерлермен байланысты әлемде қалар болса, бірде болмаса бірде Сергейдің үйіндегідей, одан да сорақы атыстарға қатысуы, не өзі өліп, не талай адамның қанын мойнына жүктеуі де ықтимал. Сондықтан түнде жортқан, жемтік аңдыған бөрілердің өміріне ұқсас тіршілікті таңдар болса, онда басқалар сияқты қатардағы жәй қылмыскер болып қалмай, белгілі бір топ жасақтап алып, қылмыс әлеміндегі өзіне тиесілі орнын тартып алып иеленіп, сол әлемде «авторитетке» айналып, өзгелер өзімен санасатын дәрежеге жетуі керек. Көрінген біреулер үйіңе басып кіріп, Сергей сияқты атып кетпес үшін «вор в законе» болуы керек. Куба айтқандай «ворларды» екінің бірі атып, бауыздап кете бермейді. Қандай қанішер қылмыскер болсын «вор» дәрежесі барлармен санасады. Өйткені, олар қылмыс әлемінің ең жоғарғы «кастасы», яғни ақсүйектері. Солардың бірі болу ғана Әмірдің бел буып отырған мына ісін ақтайды.
Ол кәдімгі адамдардың арасында қанша тырбанғанымен ешқашан бай бола алмасын, ал бай болмаған соң адамша рахат өмір сүре алмасын түсінгендіктен де осы қадамға баруға бекінді. Бұл жол қарапайым адам болудан әлдеқайда қиын да қылмысты, абыройсыз, қауіпті жол. Бірақ қауіптілігіне қарамастан Әмірге өмір сүрудің ең ыңғайлы жолы сол болып көрінді. Ол біраз осы жолда жүріп байып, бауырларыма көмектессем сосынғысын көрермін, деп есептеді.
Сергей айтқан Стас деген авторитетті іздесем бе екен, деген оймен кафе, мейрамханалардан аздап әңгіме тыңдап, зерттеп байқастап көрді. Бірақ, бұнысы онша нәтиже бере қойған жоқ. Стас туралы жиған мәліметтеріне қарағанда ол осы қаладағы беделді деген қылмыскерлердің қатарында екен. Біреулер оны «заңдағы вор» десе, енді біреулер ол ешқашан «ворлық тәж» киген емес, айлалы жөйіт қой, «бауырластармен» де, құқық қорғаушылармен де тіл табысып алған, мықты байланысы бар, деген мазмұнда әңгімелер айтады. Бірақ, кім болса да бұл Стастың қылмыс әлемінде салмағы бар, кейбір «ерегестерді» шешіп жүрген біреу көрінеді. Әмір оған Сергейге барғандай жетіп барып «Кубадан келіп едім» деп жолыға алмасын білді. Сондықтан басқа жол іздеуді жөн санады.Ол алдымен бірнеше адамнан болса да өзінің тобын құрып, серіктер тауып алуды, сосын барып басқаларға шығуды ойлады. Көтерме сауда жасайтын базарларды, барахолкаларды аралап жүріп бір топ жігітті байқады. Шетінен мығым денелі, шымыр келген олардың сыртқы келбетінің өзі спортшылар екенін байқатады. «Бұлар мүмкін «Рыжий Алмаз» сияқты біреудің жігіттері болар» деп сырттай байқастап көріп еді, ешкімнің қоластында емес, өздерінше топ екеніне көзі жетті. Содан соң біртіндеп кездейсоқ кездескендей болып солардың бірімен танысты. Сол Алматы төңірегінің жігіті екен, күрестен спорт шебері, бірақ кілемге шығуды қойып кеткеніне бір жылдай болыпты. «Жиырмадан асқаның жаңа, неге күресті ерте тастап кеттің?» деген бұның сұрағына зор денелі жігіт – Дінібек «өмір сүру қиындап кетті, сосын бәрібір олимпиада, әлем чемпионы бола алатын емеспін» деп жауап берді. Әмірге керегі де осындай жауап еді.
Бауырым, мен де кезінде күрескенмін. Мына қасқыр заманда адамша өмір сүру үшін ақылмен бірге күш-айланың да қажеті көп екенін байқадым. Өмірде бүгінде адал адам аз, әсіресе, байлардың, коммерсант-кәсіпкерлердің көпшілігі кешегі біздің әке-шешелеріміздің маңдай терімен, еткен еңбегімен табылған ел байлығын жырымдап жекешелендіріп, бөлісіп иемденіп алып, соның арқасында маркет-дүкен ашып, шетелдік көлікпен сайран салып жүр. Ал қазақтың момын балалары болса сол әке-шешелері сияқты тырбанып әлі еңбек етуде. Бірақ олар да өмір бойы кедейшілікте ит тіршілік кешетінін білмейді. Намысы бар жігіттер табылса осы қалада мен білетін бір аудан бар, сондағы кәсіпкерлерге қорған болып жеткілікті мөлшерде қаржы табуға болар еді. Сөйтіп заңды да бұзбастан, кәсіпкерге қорғаныш болған еңбегіміз үшін солардың еркімен берген ақшасымен байып кетпесек те жақсы өмір сүруге болады. Ол территорияның иесі зонада, мен ертерек шыққандықтан әлгі территорияны қамқорлыққа алуды маған тапсырған. Өзіңдей спортшы бірнеше жігітім болса ол жерден жәйдан-жәй «төлем» жинап жүргендерді қуып шығып, өзіміз иеленер едік., — деді сыр тарта қарап.
Сәл ойланған соң алдындағы сырасын басына көтере сіміріп алған Дінібек:
Ондай тірлік екеуміздің қолымыздан келе қояр ма екен? Оның үстіне рэкеттер қаптаған заманда ондай территорияны кім бос қалдырсын? – деді күмілжіп.
Әмір «Заңды бұзбай-ақ таза табыс табатын мұндай орыннан айрылып қалсақ, ол жерді көп ұзамай басқа біреулер иеленіп алары анық. Бірақ біз ол жердің бұрынғы иесінің атынан территорияға толық қожалық етуге құқылымыз. Қылмыс әлемінде де орынсыз килікпейді. Оларша біздікі дұрыс, сондықтан бізге ешкім қарсы шықпайды» деп мәселені егжей-тегжейлі қайта түсіндіре келіп, «сен спортшысың ғой, өзің сияқты бос жүрген таныс жігіттерің болса ертіп кел, сөйлесіп, ақылдасайық, болмаса амал нешік қоя салармыз» деп қосып қойды. Екеуі тағы кездесетін болып қоштасты.
Әмір жас жігітті өзінің ұсынысы қызықтырғанын сезді. Бір жағынан Дінібектің өзінің басқа жігіттері туралы тіс жармай сыр сақтағыштығын байқатқаны да қуантты. Көңілі өскен Әмір «Бәлемдер, қазақтың астанасында тайраңдаудың қалай боларын көрсетермін мен әлі, сендерге «Рыжий Алмаз» аз болса көп ұзамай «Черный Эмирдің» «черттарын» көресіңдер бұйырса», деп ойлап бара жатты.
жалғасы бар…