Аналар мен әкелердің көз жасын елемеуімізге болмайды, бірақ әлеуметтік медианы қолдана отырып, жағдайды бұрмалаудың қажеті жоқ. Бәріміз де тиімді тергеу жүргізуге көмектесуіміз керек. Бұл туралы бүгін адам құқықтары жөніндегі уәкіл Эльвира Әзімова мәлімдеді , — деп хабарлайды «ZhambylNews» АА.
«Бір апта ішінде тергеу мақсатында сот-медициналық сараптама жүргізу үшін оқтан қаза тапқан адамдардың туыстарының келісімінсіз эксгумация жүргізу туралы хабарламалар келіп түсті. Бұл іс жүргізу әрекеті қажет болғанына қарамастан, марқұмның туыстарының келісімі маңызды. Сонымен қатар, азаматтардан әлеуметтік желіні пайдаланып, жағдайды ушықтырмауларын сұраймын. Кеше БАҚ-тың бірінде 2022 жылғы 9 қаңтарда орын алған қылмыстық іс қозғалуына байланысты жараланған азаматтарды ауруханадан Алматының тергеу изоляторына ауыстыру туралы әлеуметтік желіден алынған бейнені жариялады. 25 қаңтардағы жағдай бойынша қамауға алынған 63 азаматтың 29-ы ауруханаға емделуге жіберілді, изолятордың медициналық бөлімінде 12 адам бар. Қалған 29 адам амбулаториялық емделуде және оларға азаматтық дәрігерлер үнемі барып тұрады. Егер басқа хабарламалар болса, бізге және кезекші прокурорға хабарлауларыңызды сұраймын. Кеше біздің хабарламаларымызды ескере отырып және іс материалдарын тексеру нәтижелері бойынша прокурорлардың қаулылары негізінде 11 азамат Алматы қаласының тергеу изоляторынан босатылды», — деп түйіндеді омбудсмен.