Референдум-әрбір қазақстандықтың мемлекет саясатына араласуына жол ашады

0 21

Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев наурыз айында жариялаған Жолдауында мемлекетімізде саяси реформа жүргізілетінін айтқан болатын. Артынша Ата Заңға енгізілетін өзгерістер мен толықтырулар жобасы бойынша 5 маусымда республикалық референдум өткізу туралы Жарлыққа қол қойғаны белгілі. Маңызды қадам ел тұрғындары тарапынан қолдау тапты. Осыған байланысты Жамбыл ауданында референдумды қолдау жөніндегі аудандық штабтың төрағасы Ернар Тәжібаев пен төрағаның орынбасары Сансызбай Махамбетқұлов Аса, Ш.Ниязбеков, Ақбастау, Өрнек, Ақбұлым ауылдық округтеріне қарасты қарасты мектеп мұғалімдерімен, ауылдық клуб қызметкерлерімен, ауыл тұрғындарымен келелі кездесу өткізді :

— Президенттің өз өкілеттігін атқаруы кезінде қандай да бір партияға мүше болуына тыйым
салынады. Референдумға шығарылатын, халық дауыс беретін жаңа норманың бірі осы.

Яғни, Президенттің қандай да бір белгілі саяси күштермен байланысы болмауы керек. Бұл барлық партиялардың бірдей дамуына мүмкіндік беріп қана қоймай, Президенттің олардың ешқайсына басымдық бермей, ел мүддесі жолындағы түрлі сындарлы ұсыныстарын теңдей қарастыруына жол ашады.

Қазіргі қолданыстағы Конституция бойынша біздің елімізде суперпрезиденттік басқару жүйесі үстемдік етеді. Президент бірқатар өкілеттіктерінен бас тарту арқылы президенттік республикаға көшуге ұсыныс білдірді, оның барлығы конституциялық реформаларда көрініс тапты.

Референдумға қатысып, жаңартылатын Ата Заң үшін дауыс беріңіздер,-деді Ернар Тәжібаев.

Жиында сөз алған штаб мүшелері Конситуциялық реформа Президенттің наурыз айындағы Қазақстан халқына Жолдауында айтылған саяси реформалар бағдарламасын жүзеге асыру үшін қолға алынған маңызды іс-шара екенін баяндап, саяси науқанның маңыздылығына тоқталды.
Бұл Ата Заңымыздың қазіргі және жаңа нұсқаларының айырмашалығын түсіну, ұсынылып отырған көптеген түзетудің байыбына бару мұндай істен хабары аз адам үшін қиындық туғызатыны белгілі. Осы орайда облыстық қоғамдық штаб мүшелері елге түсінікті болу үшін түзетулер
енгізілген Ата Заңның нақты баптары мен тармақтары көрсетілген бірнеше бөлігі жайында ақпарат берді. Суперпрезиденттік басқару үлгісінен президенттік республикаға түбегейлі көшу, бірқатар билік өкілеттігін қайта бөлу, Парламенттің рөлін күшейтіп, мәртебесін арттыру, елді басқару ісіне халықтың қатысу мүмкіндігін кеңейту, азаматтардың құқықтарын қорғау тәсілдерін жетілдіру секілді Конституцияға енгізілетін өзгерістер мен толықтырулардың бәрі өзара байланысты және бір мақсатты көздейді.

Құқықтық негіз қалыптастыруға арналған Конституцияның баптары мен тармақтарын қарапайым сөзбен талқылап түсіндірген штаб мүшелері референдумға қатысу құқығына он сегіз жасқа толған республика азаматтары ие екенін, референдум азаматтардың өз ықтиярымен қатысу, еркін ашық білдіру, сондай-ақ жалпыға бірдей, тең, төте және жасырын дауыс беру принциптері бойынша өткізілетінін жеткізді.

Leave A Reply

Your email address will not be published.