Конституциядағы өзгерістер -тең құқылы қоғам құруға үлкен мүмкіндік береді

0 10

Мемлекет басшысы бастамашы болған конституциялық реформаларда Парламент депутаттарының өкілеттігін күшейтуге ерекше мән берілген. Мысалы, қазір Парламент қандай да бір облыстың немесе ауданның бюджетін тексере алмайды. Ал өңірлерге үлкен көлемде республикалық қаражат бөлінеді. Ел бюджетін бекітетін Парламент үшін бұл қаржының не үшін жұмсалып жатқанын білу маңызды. Конституцияға енгізілетін осы және өзге де түзетулер туралы Жуалы ауданында «AMANAT» партиясы жанынан құрылған республикалық штаб мүшесі, мәжіліс депутаты Гүлдара Нұрымованың аудандық орталық кітапхананың ұжымымен кездесуінде жан-жақты талқыланды.

Алғы сөз алған облыстық штаб мүшесі Керімқұл Бегалиев биылғы жылдың 5 маусымы жалпыхалықтық референдум күні екендігін айтты. Алдағы референдумның мақсаты саяси, құқықтық жүйемізді жетілдіру, конституциялық реформа жасау. Конституциялық реформа ел дамуының жаңа кезеңі басталғанын көрсетеді. Конституциядағы 98 баптың 33-і өзгертілмек.
Нақтылап айтса, Мәжіліс пен облыстық мәслихаттардың депутаттарын сайлаудың аралас мажоритарлы-пропорционалды моделі енгізіледі. Мәслихаттардың ықпалы артады Бұл қадам сайлаушылардың көзқарастары мен пікірлерін барынша толық қамтуға мүмкіндік береді деп атап өтті.
— Мемлекет басшысы ұсынған Конституцияға түзетулер қазақстандықтардың өмірінің барлық салаларын қамтиды. Ең бастысы, бұл реформалар тең құқылы қоғам құруға және ел байлығын әділ бөлуге мүмкіндік береді. Ал ол үшін жасанды монополияларды түбегейлі жою міндеті қойылып отыр. Алда саяси жүйеміз елеулі түрде жаңғырылады, соның арқасында барлық саяси күштер электораттың нақты сұраныстарына көбірек бағдарланатын болады, өйткені партиялардың идеяларын әкімшілік ресурс арқылы кез келген ілгерілету алып тасталады – Президент те, облыс әкімдері де бұдан былай билеуші партия мен оның филиалдарын басқара алмайды. Реформалар нәтижесінде Президенттің шектен тыс билік өкілеттіктерін қайта бөлудің арқасындабиліктің барлық тармақтары өзара теңестірілетін болады.Мемлекет басшысының өзі атап өткендей, ел болашағын айқындайтын осындай ауқымды реформаларды халықтың өзі таңдауы тиіс,-деді Ол.

Өз кезегінде сөз алған Гүлдара Алданышқызы нақты енгізілетін өзгерістер мен толықтыруларға тоқталды.

-Конституцияның жаңарған нұсқасында Мемлекет басшысының жақын туыстарына саяси лауазым иеленуге және квазимемлекеттік секторда басшылық қызмет атқаруға тыйым салынады. Сондай-ақ құқық қорғау саласы бойынша маңызды өзгерістер енгізіледі. Атап айтсақ, Конституциялық сот құрылады. Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің, яғни омбудсменнің мәртебесі Ата заңмен айқындалады. Елімізде өлім жазасы мүлде жойылады. Мұның бәрі азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау үшін жасалып жатыр.

Жердің және табиғи ресурстардың иесі халық деген норманы Конституцияда біржола бекітудің саяси мәні зор болмақ және болашақта бұл мәселені әртүрлі түсіндіруге жол берілмеуі керек. Осыған байланысты, Негізгі заңның 6-бабын мынадай редакцияда беру ұсынылады: «Жер және оның қойнауы, су, өсімдіктер және жануарлар әлемі, басқа да табиғи ресурстар халыққа тиесілі.
Осындай тарихи өзгеріс жасауға әр қазақстандықтың қатысуы маңызды,-деді.

Кездесу соңында Гүлдара Алданышқызы барлық қызметкерлерді 5 маусым күні дауыс беруге шақырды.

Leave A Reply

Your email address will not be published.