Діни сауаттылық

0 21

Діни сауаттылықты арттыру мақсатында облыс әкімдігінің дін істері басқармасы дін саласындағы ақпараттық-түсіндіру топтары мүшелерінің біліктілігін арттыруға арналған аймақтық оқыту семинарын өткізді. Семинар модераторы блыс әкімдігінің дін істері басқармасы басшысының міндетін уақытша атқарушы Ақбай Ахметұлының айтуынша, бүгінде теория мен тәжірибені шыңдауға арналған оқыту семинары 2018 жылдан бері жүргізіліп келеді екен. Себебі, діни сауаттылықты арттыру, жастардың жат ағымның жетегінде кетпеуі, деструктивті діни ағымдардың қауіп-қатері сынды бірқатар түйіткілдер бүгінгі қоғамның өзекті мәселесіне айналған.

Біліктілікті арттыруға арналаған оқыту семинарында «Нұр-Мүбарак» Египет Ислам мәдениеті университетінің аға оқытушылары, исламтанушылар Ернар Есімқұлов пен Нұржан Стамбакиев, Атырау облысының «Шапағат» деструктивті діни ағымдардан жапа шеккендерге көмек орталығы» қоғамдық қорының басшысы Азамат Төлепов, Ислам зерттеулері орталығы қоғамдық қорының атқарушы директоры, дінтану ғылымдарының PhD докторы Балғабек Мырзаев қатысушыларға арнап дәріс оқыды.

– Таяқтың екі ұшы болады демекші, ақпарат ағыны арасында деструктивті ағымдардың идеяларын насихаттайтын топтардың да бар екендігін ұмытпау керек. Осы ретте діни иммунитетті қалыптастыру өте маңызды. Көп ұлтты және көп конфессиялы еліміздегі қоғамдық келісім мен тұрақтылықты қамтамасыз етуде діннің алатын орны айрықша, – деген Балғабек Әбдіқайымұлы өз дәрісінде діни контеттің бүгінгі таңдағы маңыздылығы мен мәнін ерекше назарға алды.

Деструктивті діни теріс ағымды ұстанушылар жасаған ауыр қылмыстар саны соңғы жылдары айтарлықтай өсіп келеді екен. Құзырлы органдардың мәліметіне сүйенсек, деструктивті діни ағымды ұстанушылар тарапынан адам өлтіру, тонау, қарақшылық шабуыл, бопсалау, зорлау, есірткі қолдану, өндіру, оны сатумен айналысу, тағы да басқа қылмыстар алдыңғы орында тұр. Аталған мәселелерге Азамат Нұғыманұлы өз дәрісінде жіті тоқталды.

Семинарда қоғамдық келісім мен тұрақтылықты қамтамасыз етудегі діни сауаттылықтың рөлі туралы да дәріс тыңдалды. Исламды бейбітшілік діні деп атаған  Нұржан Стамбакиев: «Тек қана жоғары моральға, өзара сыйластық пен құрметке, ғылыми дәлелдерге, әділдікке негізделген диалог қана өзінің жақсы жемісін бере алады. Дін аралық диалог бүгінгі әр түрлі мәдениеттер мен өркениеттердің тайталасқан жаһандану заманындағы діни конфессиялардың өзара түсінісіп, сыйласып, бейбіт өмір сүруіне алып келетін бірден бір жол», – деді.

Қоғам бар жерде пікір мен ой сан сауал болады. Олардың бір жерден шықпасы әсте белгілі. Осы мәсәле турасында Ернар Нұрманбетұлы «Дін және әлеуметтік конфликт» атты дәрісінде тереңінен баяндады.

– Мәдениет пен қоғамның тарихында, тұлға мен қоғамның арасында идеологиялық, психологиялық, физикалық, қарулы не қарусыз қақтығыс болмаған қоғамды кезіктіру мүмкін емес. Әлеуметтік тұрғыдан алғанда конфликт – қоғамдағы ерекшелік, ерекшелену, теңсіздік, өзгеріс, құндылық, пікір, сенім, дін, мүдде және билік – тұлға мен қоғамды қарама-қарсы қойған ортада орын алады. Конфликт сонымен қатар, әлеуметтену үдерісі мен нәтижесі, – деді маман.

Естеріңізге сала кетейік, аталған оқыту семинары Қазақстан Республикасының діни экстремизм мен терроризмге қарсы іс-қимыл жөніндегі 2018-2022 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламаны жүзеге асыру аясында білікті мамандардан тұратын ақпараттық-түсіндіру тобы зайырлық, қазақстандық қоғамның дәстүрлі құндылықтарын насихаттайды.

Дәрістер тыңдалғаннан кейін қатысушылар өзара сұрақтарын ортаға салып, пікір алмастырды. Семинар соңында қатысушыларға сертификаттар табысталды.

 

Назерке Оңғар

журналист

Leave A Reply

Your email address will not be published.