Облыстық Полиция департаментінің Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасы және Балық шаруашылығы инспекциясының қызметкерлерімен бірлесе жүргізілген жедел іс-шаралар барысында Аса ауылының шетінде 46 жастағы жолаушысы бар Талас ауданы тұрғынының басқаруындағы «Ауди 100» маркалы такси көлігі тоқтатылды.
Аталған көлікті тексеру кезінде, жүк салғышынан және салонынан жалпы салмағы 284 келі болатын әртүрлі түрдегі 9 қап балық табылды. Ер адамның балық аулауға рұқсат етілген құжаттары болмаған.
Ал, 46 жастағы ер адамға қатысты Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 389-бабы 1-бөлігімен(балықты заңсыз тасымалдағаны және сатып алғаны үшін) әкімшілік хаттама толтырылды. Іс жүргізу шешімін қабылдау мақсатында материалдар облыстық Балық шаруашылығы инспекциясына жіберілді.
Айта кетейік, тәртіп бұзушыға 1 миллион теңгеден астам сомада келтірілген залалды өтеуге, сондай-ақ 10 айлық есептік көрсеткіште, яғни 31 800 теңге мөлшерінде әкімшілік айыппұл төлеу міндеттеледі.