«Тараз» ӘКК» АҚ әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын ұстап тұру бойынша белсенді жұмыс жүргізуде. Бүгін корпорацияның жетекші мамандары істің қалай өрбігенін айтып берді , — деп хабарлайды «ZhambylNews» АА «Тараз»ӘКК» АҚ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Тұрақтандыру қоры әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағаларын тұрақтандыру мақсатында сатып алу, тауар интервенцияларын жүргізеді, сондай-ақ кәсіпкерлерге «Айналым схемасы» бойынша екінші механизм шеңберінде қарыз береді.
Жамбыл облысының тұрақтандыру қорында 3366 тонна көлемінде азық-түлік қоры құрылды. Бұл өнімдер: қант – 1285 тонна, қарақұмық – 68 тонна, өсімдік майы – 196 тонна, 1 сұрыпты ұн – 1732 тонна, күріш – 82 тонна, тұз – 3 тонна, сондай-ақ жұмыртқа – 1,5 миллион дана және нан – 494 мың бөлке сатып алынды.
– Өңірлік тұрақтандыру қорын басқару секторы әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағасының өсуін тежеуге арналған. Жұмыста екі механизм қолданылады. Біріншісі – бакалея өнімдерін өзіміз сатып аламыз және сатамыз. Тауар интервенцияларын жүргізу жөніндегі шешімді ӘКК-нің алқалы органы қабылдайды. Өтінімдерді қалалар мен аудандардың әкімдіктері береді, ал көлемі Жамбыл облысы әкімдігінің кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасымен келісіледі. Екіншісі – шағын және орта бизнес субъектілеріне 0,01 пайыз жеңілдікпен несие беру. Кәсіпкер белгілі бір кезеңде өнімді белгіленген бағамен сатуға міндеттенеді. «Айналым схемасы» бойынша көкөністер, қант, өсімдік майы, жарма, ұн сатылуда, – дейді өңірлік тұрақтандыру қорының басшысы Арман Түймебаев.
Оның айтуынша, жыл басынан бері шамамен 6115 тонна бакалея өнімі көлемінде тауар интервенциялары жүргізілген.
Өңірлік тұрақтандыру қорын басқару секторының қызметкерлері жалпы жұмысты реттейтін механизмдермен таныстырды. Бас маман Айжан Мұсаева 10 жыл бойы «Тараз» ӘКК қызметкері болып табылады, ол олардың күнделікті жұмысы туралы айтып берді.
– Жыл басынан бері екінші механизм бойынша («Айналым схемасы» – ақылылық, қайтарымдылық және қамтамасыз ету шарттарында жылына 0,01 пайыз несиелендіру) кәсіпкерлік субъектілеріне жалпы сомасы 138 670 899 теңгеге 8 қарыз берілді. Бүгінгі күні үш кәсіпкерлік субъектісіне жалпы сомасы 84 миллион теңгеге қарыз беру процесінде. Бұл қаражат көкөністерді, қарақұмық жармасын және күрішті (ӘМАТ) сатып алуға және одан әрі өткізуге бағытталатын болады. Барлық қажетті құжаттар дайындалды, – деп түсіндірді Айжан Мұсаева. – Тұрақтандыру қоры тағы үш кәсіпкерге қосымша 420 миллион теңге қарыз беруді жоспарлап отыр. Мұның бәрі әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бағаны барынша тұрақтандыру мақсатында. Біздің жұмысымыздың күрделілігі мынада: біз құжаттармен, көптеген адамдармен және үлкен сомалармен жұмыс істейтіндіктен, олар үшін мемлекет алдында жауап береміз. Ештеңені жіберіп алмау үшін мүмкіндігінше назар аудару керек. Яғни, біз несие әкімшісінің, кеңесшінің, мониторинг жөніндегі маманның функцияларын орындаймыз, нәтижесінде қарыз қаражатын мақсатты пайдалану бойынша есептерді және басқа да есептерді мемлекеттік мекемелерге дайындаймыз. Азаматтардың өтініштеріне, кіріс хаттарына әрдайым жауап береміз, олар кейінге қалдырылмайды. Барлық жұмыс ашық жасалады.
Осылайша, ӘКК 2020-2022 жылдар кезеңіне ӘМАТ бағаларын тұрақтандыру механизмін іске асыру шеңберінде кәсіпкерлік субъектілеріне жалпы сомасы 1 270 457 499 теңгеге 29 қарыз берді.
Тұрақтандыру қоры 2022 жылдың басынан бастап 7 мың тонна ұн, 68 тонна қарақұмық жармасы, 2000 тонна қант, 220 мың литр өсімдік майы және 1,5 миллион дана жұмыртқа сатып алды. Оларды сақтау үшін ӘКК-де қоймалар бар, бұдан басқа азық-түлік тауарлары сатылатын әлеуметтік павильондар да бар. Бүгінгі таңда өңірде 20-дан астам әлеуметтік дүкен бар.
– Барлығы ел ішінен сатып алынады: қант – Тараздан, қарақұмық – Павлодар облысынан, өсімдік майы – Шығыс Қазақстан облысынан, күріш – Қызылордадан. Бұл өнімдер дүкен сөрелерінде болуы үшін тиеу мен түсіруге, тасымалдауға және т.б. уақыт қажет, – дейді тұрақтандыру қорының бас маманы.
Тұрақтандыру қорын толтыру үшін ӘКК форвардтық сатып алу механизмін пайдаланады: ауыл шаруашылығы өнімін күзгі кезеңде жеткізгеннен кейін қамтамасыз етуді және қосымша ақыны ұсынғаннан кейін алдын ала ақы төлеу шартымен АШТӨ-ден ауыл шаруашылығы өнімін сатып алу. Мемлекет басшысы ауыл шаруашылығы өнімдеріне қатысты осындай тапсырма бергені белгілі.
Бұл жұмыстың барлығы жамбылдықтардың жайлы өмір сүруін қамтамасыз етуге бағытталған.