Ақыртөбеде асарлатып үй салынуда

0 40

Көнеден келе жатқан қазақтың дәстүрін жаңғырту, бастысы жалпы жұртшылықтың бірлігін арттыру және әлеуметтік осал топтағы баспанасыз отбасыларға көмек көрсету мақсатында өңірімізде «Асарлатып үй салу» жобасы жүзеге асырылуда. Игі істен Тұрар Рысқұлов ауданы да шет қалмай Ақыртөбе ауылдық округінде бір отбасына арналған баспананың құрылысы жүруде.

Ақыртөбе ауылдық округі бойынша 2020 жылы Ақыртөбе ауылы, Қарасу көшесінің бойынан екі отбасына арналып салынған су жаңа тұрғын үйдің кілттері (тұрмыс-тіршілік үшін барлық ыңғайлы жағдайы жасалған) әлеуметтік осал топтағы отбасыларға тапсырылған. Оған дүйім жұртшылық сол мезетте әлеуметтік желі арқылы көзайым болды.
2021 жылдың басында осы жоба аясында демеуші кәсіпкерлердің көмегімен жалғызілікті қарт анаға жеке баспана сатып алынып, құрылыс жұмыстары жүргізіліп, тапсырылған болатын. Сонымен қатар, сол 2021 жылдың екінші жартысында Шәріпхан көшесінің тұрғыны, 2 топтағы мүмкіндігі шектеулі азаматтың тұрғын үйін күрделі жөндеуден өткізу бойынша жұмыстар жүргізілді.
Ал биыл, яғни 2022 жылы аталған жоба аясында әдеттегідей жергілікті әкімдіктің ұйымдастыруымен, ерікті азаматтардың еңбек күшін жұмылдыра отырып, ауылымыздағы тағы бір отбасына арналған баспананың құрылысы жүргізілуде.
Ескере кететін жайт: мұнда жергілікті әкімдік ұйымдастыру жұмысын жүргізгенімен, оны жеке қорынан қаржыландыруға, және ол баспананың кімге бұйыратындығы жөнінде жеке шешім шығаруға құзырлы емес. Тек жергілікті қоғамдастық /ұйым кеңесінде округ бойынша мұқтаж отбасылардың тізімін үміткер ретінде ұсынады. Нәтижесінде сол кеңес пен демеуші азаматтардың дауыс беру нәтижесінде көзделген жылы жоба аясында жүзеге асырылып жатқан үйдің иесі анықталады. Бұл жоғарыда айтылғандай ескі дәстүрді жаңғырту, халықтың ауызбіршілігін нығайту, өскелең ұрпақты ізгілік пен мейірбандыққа баулу мақсатында жүзеге асырылып жатқан, рухани маңыздылығы зор дүние.

Leave A Reply

Your email address will not be published.