18-қазан – Рухани келісім күніне орай, Таразда діни бірлестіктердің өкілдері арасында спартакиада өтті. Мұнда облыс көлеміндегі діни бірлестіктерден құралған 7 команда спорттың 4 түрі бойынша өзара сайысқа түсті.
—Өңірімізде 378 діни бірлестік бар, барлының арасында ешқандай қақтығыстар орын алып жатқан жоқ. Жалпы өңірімізде діни жағдай тұрақты. Енді осының бір көрінісі ретінде діни бірлестік өкілдерін жинап, спорттың төрт түрі бойынша спартакиада ұйымдастырып жатырмыз, — деді ЖО Дін істері басқармасының басшысы Сәкен Мыңбаев.
Қатысушылар тек діни-рухани жағынан ғана емес, спортта да осал еместіктерін көрсетті. Жарысқа қатысқандардың қатарында жастармен бірге орта жастағы азаматтар да бар. 70-ке тарта спортсүйер дін өкілдері шаршы алаңда шағын футболда доп теуіп, шахматта кімнің ойы ұшқыр екенін сынға салса, тағы бір топ үстел теннисінде ептілік пен шапшаңдықтарын сынап көрді. Сондай-ақ, кір тасын көтеріп, өзара кім мықтыны анықтады.
—Қазіргі жағдайда халыққа , әр түрлі ұлтқа ынтымақ керек, бірлік керек, татулық керек, өшпенділік ол дұрыс емес. Сондықтан да біз өзіміздің осы үнімізді осындай спорттық шаралар арқылы ынтымақпен, бірлікпен көрсетеміз, — деді Жамбыл облысының Бас имамы Бейбіт Мырзагелдиев.