Өрт сөндірушілері мен құтқарушылары бірқатар шақыруларға шықты

0 6

Өткен демалыс күндері ауа-райының жаңбырлы әрі желді болғанына қарамастан Жамбыл облысы ТЖД Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметінің өрт сөндірушілері мен құтқарушылары бірқатар шақыруларға шықты.

Мысалы, ағымдағы жылдың 22 қазанында «101» нөміріне Талас ауданының Қаратау қаласындағы екі қабатты кеңседен өрт шыққаны туралы хабарлама келіп түсті. Оқиға орнына №12 өрт сөндіру бөлімінің күштері мен құралдары аттанған. Өрт сөндірушілердің күшімен өрт бір сағаттан астам  уақыт ішінде жойылды. Өрттің ауданы 160 шаршы метрді құрады.

Сол күні сағат 19.56-да Сарысу ауданының Жанатас қаласындағы 3-шағын ауданның тұрғын үйінің кіреберісінде электр есептегіштің өртенгені туралы хабарлама келіп түсті. Оқиға орнына жедел келген Сарысу ауданының №16 өрт сөндіру бөлімінің өрт сөндірушілері өртті сөндіруге кірісті. Жүргізілген барлау барысында өрт сөндірушілер түтінге тұншыға бастаған 2012 және 2018 жылы туған балаларды құтқарып қалды. Балалар жедел жәрдем бригадасына тапсырылды. Өрт 20 сағат 23 минутта оқшауланып, 20 сағат 37 минутта жойылды.

23 қазанда сағат 16.09-да Шу қаласындағы тұрғынүйдің бірінен өрт шыққандығы туралы хабарлама келіп түсті.  Оқиға орнына Шу ауданының №5 өрт сөндіру бөлімінің күштері мен құралдары жөнелтілді. Өрт 16 сағат 37 минутта оқшауланып, 17 сағат 14 минутта жойылды. Өрт салдарынан үй мен гараждың төбесін өрт шалып, тілсіз жаудың жалпы ауданы 100 шаршы метрді құрады.

25 қазанда сағат 09.38-де Байзақ ауданының Сарыкемер ауылына кіре берісіндегі жанармай құю бекетінің жанында автокөліктің өртенгені туралы хабарлама келіп түсті. Оқиға орнына жедел келген №8 өрт сөндіру бөлімінің өрт сөндірушілері өртті жоюға кірісті. Өртті 3 минут ішінде оқшаулап, 8 минутта толық жойды. Өрт салдарынан автокөліктің мотор орналасқан бөлігі өрттен жойылды.

Жоғарыда аталған оқиғалардың шығу себептері мен материалдық шығыны анықталуда. Сонымен қатар, құтқарушылар осы тәулікте есіктерді ашу және мысықты құтқару бойынша бірнеше жағдайға шыққандығын атап өткен жөн.

Осыған байланысты Жамбыл облысының ТЖ департаменті облыс пен қала тұрғындарын өрт қауіпсіздігі ережелерін әрдайым қатаң сақтауға шақырады. Сондай-ақ, үйден шығарда мүмкіндігінше балалар мен қарттарды қараусыз қалдырмай, электр құрылғыларын электр желісінен ажыратуды естен шығармаған абзал екендігін еске салады.  Өрт немесе төтенше жағдай туындаған кезде «101» және «112» телефон нөмірлеріне қоңырау шалудың ақысыз негізде жүзеге асырылатындығын ескертеді.

Leave A Reply

Your email address will not be published.