Кітапханашыларға құрмет көрсетілді

0 18

Кітапхана – оқырман мен кітап арасындағы негізгі алтын көпір. Ал кітап пен кітапхананың тіршілігіне жан беретін, ұлттық құндылықтар мен оқырмандар арасын жалғастырушы кітапханашылар.

Өткен жылдан бастап елімізде 24 қазан кітапханашылар күні белгіленіп, биыл екінші рет аталып өтті. Осы аптада осы мәртебелі мамандық иелеріне арналған «Кітапхана – білімнің күншуағы» атты іс-шара аудандық орталық кітапханасының «Білім» орталығында өтті. Оған аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің қызметкерлері мен оқырмандар қатысты.

Басқосуда «АМАNАТ» партиясы аудандық филиалының төрағасы Манарбек Көшкімбаев  сөз алып кітапханашыларды кәсіби мерекелерімен шын жүректен құттықтап, жылы лебізін білдіріп, қасиетті қазынамызды көзінің қарашығындай сақтап, насихаттап ел игілігі үшін қызмет атқарып жүрген кітапханашыларға алғыс хат табыстады.  Содан соң сөз алған аудан әкімдігі мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің  басшысы Мәлік Мұқашев кітапханашының жұмысы жаңалықтан басталатындығын, олардың ой-өрісі мықты, білімді, өз ісінің шебері екендігіне тоқталып, бөлім атынан үздік кітапханашыларды марапаттады.

Содан кейін «Мәңгілік ел» тәрбие білім беру орталығының жетекшісі Сәкен Исмайлов, аудандық жастар ресурстық орталығының директоры Мәди Күнту, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жұманазар Көдеков, аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің директоры, аудандық мәслихаттың депутаты Ғалия Шубаева, кітапхана кәсіподақ ұйымының төрағасы Гүлмира Исаевалар сөз алып, қасиетті қазынамызды көзінің қарашығындай сақтап, насихаттап, ел игілігіне жаратып жүрген кітапханашылардың білім, ғылым, өнер мен мәдениеттің дамуына өлшеусіз үлес қосып, өркениетті елге айналуымыздың негізін қалауға сүбелі үлес қосып жүргендерін айтып, мәртебелі мамандық иелеріне марапаттары мен сыйлықтарын тапсырды.

Кеш барысында кітапхананың бір күндік жұмысы көрініс арқылы беріліп, кітапханашылар Майса мен Меруерт Сұлтанова, Қанат Туешиева, Лаура Бейсенқұлова, Дәмира Әбдірахманова, Жанар Өтепова Құмөзек ауылдық клубының меңгерушісі Бағдат Туғанбаевтар бірнеше ән орындап, кештің шырайын кіргізді. Әншілерді  Мирный ауылдық клубының меңгерушісі Мархабат Сәлібеков баянмен сүйемелдеп, әріптестеріне қолдау көрсетті.

Аудандық орталық кітапханасының библиографы Лаура Бейсенқұлова «Мәңгілік өлмейтұғын ән қалдырған» атты виртуалды кітап көрмесіне шолу жасады.

Leave A Reply

Your email address will not be published.