Мойынқұмда «Ұлттың ұлы ұстазы» тақырыбында мектепішілік байқау өтті

0 168

Жамбыл атындағы мектеп-гимназиясында «Оқуға құштар мектеп» жобасы аясында  алты алаштың білім шырағына ілім мен ғылымның қоңырауын алғаш соққан  Ы.Алтынсариннің 180 жылдығына орай бірлестік мұғалімдер арасында «Ұлттың ұлы ұстазы» тақырыбында мектепішілік байқау өтті. Іс-шара өткен орын тақырыпқа сай әсем безендірілді.

 Байқаудың ашылуында мектеп директоры Жаңыл Әшірімбетова сөз алып,  байқаудың басты мақсаты — қазақ тілінің көркемдік ерекшелігін және ағартушы-педагог, ақын-жазушы Ы.Алтынсариннің шығармаларын насихаттау, талантты ұстаздарды анықтап және оларды қолдау, өз өнерлерін көрсетуге мүмкіндік беру, мұғалімдерді кітап оқуға, кітапханамен байланыс орнатуға, олардың оқырмандық белсенділігін арттыруға шақыру,-дей келе байқауға қатысушы ұстаздарға сәттілік тіледі.

Тағылымы зор, мәнді де мағынаға толы байқауды  мектеп кітапханашысы Мадина Әлиева байыпты жүргізе білді.

Байқауға қатысқан жалпы білім беретін мектеп мұғалімдері таныстыру кезеңінде топтың атын айтып, эмблемасын қорғаса, «Кел балалар оқылық» кезеңінде Ы.Алтынсариннің өлеңдерін мәнерлеп, жатқа оқыды. Мұнда шығарманы оқу мәнері, сахна мәдениеті, киім үлгісі ескерілді. «Оқу түбі тоқу» кезеңінде ұлы ұстаздың шығармаларынан сахналық көрініс көрсетілсе, төтінші кезеңде ақынның ағартушылық қызметінен бейнеролик жасап, көрермен назарына ұсынды.

Іс-шараға қатысқан мұғалімдердің ерекше дайындығы сезілді.  Сондықтан да байқау жоғары деңгейде өтті деп бағаланды. Бір ерекшелігі 8 бірлестіктің де ұстаздары қатысып, «Мұңсыз адам», «Сабыр», «Әке мен бала» тәрізді  әңгімелер желісі бойынша қойылым қойып, өлең шумақтарын мәнерлеп  оқып, ұйымшылдықтарын көрсете білді. Әсіресе, көріністер көпшіліктің назарын аударды.

Байқау барысында мектеп ұстазы Еркебұлан Дүзелбай  әннен шашу шашып, іс-шараның көркін қыздырды.

Әділқазылар алқасы мектеп директоры Жаңыл Әзімханқызы, ардагер ұстаз Ләззат Шормантаева, аудандық Жастар ресурстық орталығының директоры Мади Күнту, аудандық «Мойынқұм таңы газеті бас редакторының орынбасары Алуа Гаухарбайқызының ұйғаруымен I орынды  жаратылыстану бірлестігі,  II  орынды математика-информатика және қазақ тілі бірлестіктері, III орынды орыс тілі бірлестігі иеленіп, мектеп директорының дипломдармен марапатталды. Ал ағылшын, тарих, бастауыш бірлестіктері Алғыс хаттарға ие болды.

Байқау жеңімпаздарына аудандық Жастар ресурстық орталығының директоры Мади Жәнібекұлының демеушілігімен сыйлықтар табыс етілді.

Leave A Reply

Your email address will not be published.