Тұлпарсазда ауылым

0 23

Өткен жұма күні аудан әкімдігінің қолдауымен, мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің  ұйымдастыруымен аудандық мәдениет үйінде 25 қазан-Республика күні қарсаңында ақын-композитор, Қазақстан композиторлар одағының мүшесі Садық Құнанбаевтың әндерін орындаушылар арасында «Тұлпарсазда ауылым» атты облыстық байқау өтті. Байқау талаптарына сәйкес облыс,  аудандарынан барлығы 18-35 жас аралығындағы 11 өнерпаз қатысты.  

Байқау мақсаты — композитордың әндерін келер ұрпаққа насихаттап, дәріптеу, сазгер әндері арқылы елдің рухын биіктетіп, қазақ эстрадасының жаңа жарық жұлдыздарын іздестіру және оларға қолдау көрсету болып табылды.

Алдымен құттықтау сөз сөйлеген  аудан әкімінің орынбасары Сәбит Төлегенов Садық Құнанбаевтың  кіндік қаны тамған Мойынқұм өңіріне арнап, 200-ге тарта жыр жауһарларын арнағанын тілге тиек етіп, байқауға қатысушы өнерпаздарға сәттілік тіледі.

Әділқазылар алқасының төрағасы, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, К.Әзірбаев атындағы Жамбыл облыстық филармониясы, «Тараз» триосының әншісі Асылхан Шүңіреков, әділқазылар алқасының мүшелері, Е.Хасанғалиев атындағы  IV Халықаралық «Атамекен» конкурсының лауреаты Ардақ Құнанбаева, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері,  «Тараз» триосының әншісі Ержан Ыдырысов, Мойынқұм аудандық мәдениет үйінің директоры Мейіржан Сейділдаевтар үміткерлердің орындаушылық шеберлігіне, дауыс мәнері мен кеңдігіне, сахна мәдениеті мен киім үлгісіне, әннің өңделуі мен жазылу сапасына және ән мәтінінің дұрыстығына қарап бағалады.

Тартысты өткен байқау нәтижесінде  тараздық Ақерке Құрбан бас жүлдені иеленсе (500000 теңге), мойынқұмдық Қияш Бақытжан 1 — орын (400000 теңге), мойынқұмдық Ербол Жиренше 2-орын (300000 теңге), байзақтық Саламат Молдабаев 3-орынды (200000 теңге) иеленіп, ақшалай сыйлықтармен дипломдар табыс етілді. Байқауға қатысқан үміткерлер 50 теңгелік  ақшалай сыйлықтар мен  Алғыс хаттарға ие болды.

Байқау соңында  жиналған қауым әуезді  әсем әндер тыңдап, көңілді тарқады.

Leave A Reply

Your email address will not be published.