Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес елімізде спортты дамытуға, спорттық инфрақұрылымның балаларға барынша қолжетімділігін қамтамасыз етуге көңіл бөлінуде.
Республика күніне орай ауданымыздың Ақбақай ауылында кіші футбол алаңының ашылу салтанатты өтті.
Тұрғындардың қуанышын бөлісуге Мойынқұм аудандық мәслихатының депутаты, аудандық аналар кеңесінің төрайымы Ғалия Шубаева арнайы барды.
-Сіздерді кіші футбол алаңының ашылуымен құттықтаймын! Халқымыз ежелден денсаулықтың қадірін жете түсініп, оны басты байлыққа балаған. Осы қағиданы берік ұстанған мемлекетіміз ел халқының ойы сергек, дені сау болуы үшін қолда бар мүмкіндіктің барлығын жасауда» — дей келе, Ақбақай ауылы аудан орталығынан ең шалғай орналасқан ауыл болғанымен, жастардың болашағы үшін аудандық бюджеттен қаржы қаралғанын айтып, ауыл халқын Республика күнімен құттықтады.
Бұдан кейін ауыл әкімі Марат Белгімбаев футбол алаңының пайдалануға берілуін ауыл жастары асыға күткенін және аудандық бюджеттен 13,8 мың теңге қаржы қаралып, мердігер жұмыстарды сапалы жүргізіп, уақытылы аяқтағанын айтты.
Жалпы ауданда жыл басынан бері Мыңарал және Ұланбел ауылдарында демеушілер есебінен 2 футбол алаңдары ел игілігіне берілген. Енді жыл соңына дейін дене шынықтыру мен спорттың дамуына жағдай жасау мақсатында тағы 3 ауылда кіші футбол алаңы ашылады деп жоспарлануда.
Салтанатты іс-шара барысында Ақбақай ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы А. Мырзабеков жиналған қауымды айтулы мерекемен құттықтап, елімізге тыныштық пен бейбіт өмір тілеп, ақ батасын берді.
Ашылу рәсімінің соңы аудандық мәдениет үйінің дайындаған ән шашуы мен ауыл жастарының футбол ойынына ұласты.
-Ауылдың ажарына футбола алаңдары сән қосары сөзсіз. Бұл өз кезегінде балалар мен жасөспірімдердің спортпен шұғылдануына, бос уақытын тиімді пайдалануына мүмкіндік бермек. Республика күні қарсаңында пайдалануға берілген кіші футбол алаңы ауыл тұрғындарының қуанышын еселей түскені анық.
Әсіресе, футболды жақсы көретін біздер үшін бұл тамаша сыйлық болды. Осындай мүмкіндік жасаған аудан басшыларына үлкен рақмет, – дейді ауыл жастары.